Эпилепсия ауруынан жазылған қыз

27.12.2016
Қаралды: 6290

Эпилепсиямен 14 жыл бойы ауырған Тұрсынай Шабданова (суретте) деген қыз бұл дерттен біржола айығыпты. 

Осы әңгімені естігенде бұл жай бізді қатты қызықтырды, себебі ел арасында «Қояншық» деп аталатын мұндай ауруды емі жоқ деп айтатыны белгілі, сондықтан одан арылған адаммен сөйлескіміз келді. Тұрсынай Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылында тұрады екен.

«Осындай дертпен ауыратын адамдарға көмек ретінде жол сілтеу өзімнің де ойымда бар еді. Хабарласқаныңыз жақсы болды», – деді Тұрсынай бізге.

Оның жасы қазір 33-те екен. Көпбалалы отбасында өмірге келіпті, ағасы, екі інісі және бір сіңлісі бар екен. Анасы зейнеткер, әкесі көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Өзі 2000-жылы Шымкенттегі дарынды балаларға арналған №69 экономика және құқық лицейін бітірген екен. Содан ауылына барғанда дертінің ал­ғашқы белгілері сезіле бастапты. Алғашында ауру ұстамасымен құлап жүргенінде оған ешкім сенбепті. Уақыт өте келе ауруы асқынып, үдей түскен. Сосын дәрігерлер мен емшілерді жағалаумен болыпты, бірақ дертіне ешкімнің де шипасы тимепті. Бір дәрігерлер аурудың себебін ет пен терінің арасы қатты суықтап, стресс алғаннан деп түсіндіріпті.

«Алғашында көзім тартып, бір орында сіресіп, қатып қалатынмын. Ауру күндіз-түн демей, тәулігіне 5 реттен, кейде 21-22 рет ұстайтын. Әр құлаған сайын үш-төрт минутқа  есімді жоғалтамын. Бетім бері қарай бастағанда, 2006-жылы ауылда мектептің жанынан буфет ашқанмын. Үлкен, 10-15 литрлік ыдысқа су қайнатып, оқушыларға кофе, шай дайындап беретін едім. Бірде кенеттен талмам ұстап, қайнап тұрған суға жамбасыммен құлап күйіп қалдым. Жамбас­тың жарақаттан жазылуы қиындау болады екен. Ауруханада бір ай жатып шықтым. Бұл аз болғандай, кейін аяғымды екі рет күйдіріп алдым. Қысқасы, оқуға түсетін жасымда амалсыз үйде отырдым. Күнде азанда көзімді ашқанда, Аллаға шүкір, тірі қалдым, енді кешке дейін бір мәнісі болар деп өзімді жұбататынмын. Менің жайымды уайымдаған анам жанымнан кетпейтін. 2014-жылы Астананың барлық ауруханаларын аралап жүріп, Бибігүл Алтаева есімді невропатолог-эпилептолог дәрігерді іздеп таптық. Содан ол кісіге барып қаралдық, жазып берген дәрілерін уақтылы ішкеннің арқасында бір айда-ақ жағдайым жақсара бастады. Емі маған оңды әсер етті. Қазір екінші жыл, эпилепсия мені мазаламайтын болды. Алты ай сайын Астанаға барып, тексеруден өтіп тұрамын. Өткен дүйсенбіде ғана барып келдім.

Ауырып жүргенімде менімен ешкімнің сөйлескісі келмейтін еді, бұл жағдайдың маған  қатты әсер етіп жатқанын байқаған анам ауылдағы ауруханада істейтін Бағлан есімді психолог маманға көрсетті. Ол кісі жақсы кеңестер беріп, менің бойыма сенім ұялатты», – дейді Тұрсынай Шабданова.

Ол қазіргі таңда ауыл орталығындағы кішігірім тігін шеберханасында тігінші болып жұмыс істейді, қолынан шыққан құрақ көрпешелер, қазақша бұйымдар, көрпе-төсектер, тоқыма бұйымдары ауыл тұрғындарының сұранысына ие екен.

«Бүгінгі күнге жетіп отырғаным үшін алдымен Аллаға шүкір деймін, ата-анам мен бауырларыма рахметімді айтқым келеді. Ал эпилепсиямен ауыратындарға айтарым, мұндай ауруды жеңіп шығу үшін алдымен шыдамдылық, сабырлылық, төзім керек екен. Ауырған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралып, дәріні уақтылы ішу қажет. Психологтардың кеңесін алу да маңызды. Ал туыстары, жалпы, араласатын адамдар науқастармен көп сөйлесіп, оларға адам ретінде қарағаны дұрыс», – дейді Тұрсынай Шабданова.

...Осы орайда кейбір деректер жөнінде де айта кетуді ұйғардық. Статистикадан білгеніміз, елімізде эпилепсиямен 3000-нан аса адам ауырады екен. Бұл дерттің себебі әлі толық анықталмаған. Көбіне бала құрсақта жатқанда зақым алғанда немесе мидың әртүрлі аурулары әсерінен пайда болуы мүмкін. Кейде бұл ауру тұқым қуалауы да ықтимал. Жалпы, оның 250-ден аса түрі бар, оның 20 пайызы емделмейді екен. Ал қалғандарына медицинаның күші жетеді деген сөз. Қажет еткендердің бұл жөнінде де біле жүргені дұрыс шығар.

Г. МАХАНБЕТОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ