Алмас Кебекбаев: «Жұмысқа салғырт қарайтындарға аяушылық танытпаңыз!»

26.12.2016
Қаралды: 1640

Тәуелсіз еліміздің жастары қоғамның айнасы іспетті. Себебі, жастардың қазіргі атқарып отырған қызметі арқылы елдің болашағын болжауға болады. 

Алып елді, яғни Қазақстанды алға қарай сүйрейтін де,  немесе, керісінше, артқа қарай шегіндіретін де жастар десек, қателеспейміз. Неге? Өйткені жас мамандармен тілдесіп, олардың атқарып жат­қан істерін көргенде дән риза боласың. Жас та болса талай шаруаны ұршықша иіріп отырғанына қарап қызығасың...

Өзіне «Елім маған не береді?» деп қарап отырмай, керісінше, «Мен еліме не беремін?» деген сұрақ қойып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастардың бірі – Алмас Кебекбаев.

Алмас шырайлы Шымкентте туылған. Ол сондағы №8 М.Х.Дулати атындағы мектеп-гимназиясында оқыған. 9-шы сыныпты тәмамдаған соң мемлекеттік бағдарламамен АҚШ-тың Калифорния штатына аттанып, онда математика және бағдарлау мамандығы бойынша білім алған. Кейіннен Қазақстанға оралып, «Болашақ» бағдарламасымен қайтадан АҚШ-қа, «Америка» университетіне оқуға аттанған. Жастайынан білімге құмар болып өскен маман елге келген соң «Самсунг» компаниясының Алматы қаласындағы өкілдігінде жұмыс істепті. Бірақ кейін ол жерде жүрсе алдына қойған арман-мақсатына жете алмайтынын сезіп, өз еркімен жұмыстан шығып кетіпті.

«Мен Алматыда пәтер жалдап тұрдым, – дейді Алмас. – Жұмыстың көптігі сонша, кейде үй жинауға уақыт бөле алмайтынмын. Сол себепті біреуді шақырып, ақшасын беріп, үй тазалатып алмақ болдым. Алайда сенімді адам табу қиын болды. «Olx.kz», «Market.kz» сайттарынан іздедім, бірнеше клинингтік компанияларға хабарластым. Бәрінің не бағасы қымбат, не қызметкерлері сенімсіз болды. Одан қалса, пәтерімнің қанша шаршы метр болатынын сұрайды. Мен оны қайдан білейін, жалдап тұрдым ғой.

Қысқасы, сол кезде тазалық қызметін ұсынатын сапалы компания жоқ екеніне көзім жетті. Содан қазіргі әріптесім Константин Лиммен ақылдасып, клинингтік компания ашуды ұйғардық.

Алдымен нарықты зерттедік. Ресейдің, Американың, Еуропаның клинингтік компанияларын бақыладық. Соларға қарап жоспарымызды құрдық. Бәрін нөлден бастадық. Сайтты мен өзім жасадым. «TOP.kz» деп. Ол кезде біздің қолымызда Константин екеуіміздің еңбек­ақыларымыз ғана бар еді, 200 мың теңгедей ғана. Сайт жасалған соң, адамдар хабарласа бастады. Ақырындап қызметкерлер алдық. Сосын инвестиция іздедік. Себебі тез даму үшін көлемді қаражат керек. Жарнама, бухгалтерия, қызметкерлердің еңбекақысы, кеңсе жалдау бар дегендей… Инвесторларды Мәскеуден таптық».

Әрине, біздің кейіпкерімізге өз кәсібін ашып, оны аяғынан нық тұрғызу оңайға соққан жоқ. Дегенмен басында тапсырыс аз болса, кейін келе оны орындауға қызметкерлердің үлгере алмайтындай жағдайға дейін жеткен. Ондай кезде Алмас­тың өзі де клиенттердің пәтерін жинауға белсене кірісіп кетеді екен.

Алмас бизнестің тек осы түрімен ғана шектеліп қалмаған. Ол енді «TOPFOOD.kz» деп аталатын тағы бір қызмет түрін ашты.

«Біз «TOP.kz» мекемесін ашқанда тек клинингтік жұмыс­тар жасауды жоспарлаған жоқпыз, – дейді жас кәсіпкер. – Жоспарымыз «TOP-Holdіng» ашу болды. Оған бірнеше компаниялар кіреді.  Солардың бірі – «TOPFOOD.kz».

Байқап қарасаңыз, адамдар қандай жағдай болса да тамақтанады. Сіз қанша жерден қымбатшылық болмасын, бәрібір картоп сатып аласыз, бәрібір нан сатып аласыз. Осы себепті біз халықтың сұранысы бо­йынша сапалы азық-түлікті үйіне дейін жеткізіп беретін қызмет түрін ашуды ұйғардық. Қазір біз сапалы көкөніс, жеміс-жидектер мен басқа да азық-түліктерді алып, оны базардағы бағамен үйлерге жеткізумен айналысамыз».

...Алмастың арманы асқақ, мақсаты айқын. Ол бүгінде өзі басқарып отырған осы екі мекеменің ауқымын кеңейтіп, тіпті Ресейден өз өкілдігін ашуды жоспарлауда. Қазір осы мақсатта аянбай, күні-түні еңбек етуде. Ол өзі секілді жастарға, кәсіпті неден бастаймын деп ойланып жүргендерге мынадай кеңестер беріп отыр:

 Егемендік алғанымыз­ға 25 жыл болды, осы уақыт аралығында көп жастар жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр, бұған қуану керек. Ал кәсіпкерлікпен айналыспайтын жастарға айтарым, көкейіңде: «Мен еліме қандай пайда тигіздім?» деген сұрақ тұрсын. Себебі елдің ертеңі, болашағы сенің қолыңда. Сондықтан осы бастан қамданып, тамырыңды тереңге жіберудің жолдарын ойластыр. Ұрпағыңның ештеңеден таршылық көрмей өсуі үшін қазірден жағдай жаса.

 Мықты кәсіпкер болу үшін мақсатың биік болсын. Адамгершілік пен адалдықтан аттап кетпеу керек. Өзге адамнан жақсылық көруден үмітті болсаң, өзің де өзгелерге жақсылық жасай жүр.

 Бизнесте ең бастысы – команда жасақтау. Егер ұжымыңдағы бір адам жұмысына салғырт қарайтын болса, оны жұмыстан шығару керек. Аяушылық танытпа! Себебі оның енжарлығы өзге қызметкерлерге әсер етуі мүмкін. Келе-келе бәрінде немқұрайдылық пайда болады.

 Бір нәрсе жасадың ба, соңынан тексер. Дұрыс па, бұрыс па, көз жеткізіп отыр. Егер, өлшеп, тексеріп отырмасаң, онда  өзіңнің қай бағытқа қарай дамып жатқаныңды білмей қаласың.

 Ұзақ ойланба. Идея келді ме, білек сыбана істеу керек. Ұйықтап жатқан жеріңде жаңа идея туындады ма? Жазып қой да, таңертең қолға ал.

Бизнес идеяңды өз-өзіңе хат қылып жаз. Оның не болатыны, қалай болатынын түсіндіруге тырыс. Ойдағы идея – түс сияқты. Түсіңде бәрі анық болғанымен, оянғанда толықтай есіңе түспейді. Ойыңда жүргенде барлығы керемет болып көрінуі мүмкін. Ал қағазға түсіргенде бәрі де анықталады.

 Бизнесіңе уақытыңды аяма. Оған жұмысың ретінде емес, өміріңнің бір бөлшегі ретінде қара. Жұмысқа сағат кешкі 18:00-ге дейін отырып, сосын үйге қайтамын деп емес, жұмыс уақыты аяқталғанша бәріне үлгеремін деп кел.

 Қорықпа! Қорқыныш көбейген сайын сен тәуекелдерден айналып өтудің жолын іздей бастайсың. Ойша өз-өзіңе кедергілер жасап қоясың. Қолыңнан келмей­тініне 1000 себеп тауып қоясың, ал шынында саған оны тек қана істеу керек.

...Міне, Шымкенттен шыққан жас кәсіпкер «Керек кеңестер» газетінің оқырмандарына осылай деп кеңес береді. Ендеше, Алмастың ақылын кәдеңізге жаратып, өз ісіңізді ашуды жоспарай жүріңіз. Ал біз Алмас бауы­рымыздың алға қойған мақсаттары орындала берсін деп тілек қосамыз.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ