2016-шы жылы есімізде не қалды?

28.12.2016
Қаралды: 1920

Енді бірер күннен соң 2016-жыл да аяқталады. 

Ал бұл жыл елді елеңдеткен көптеген оқиғаларымен есте қалатын сияқты.

Әрине, біз үшін бұл жылдың ең басты оқиғасы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі екені анық. Бұдан басқа да жарқын оқиғалар аз болған жоқ.

Өкінішке орай, бұл жылы елді елеңдеткен біраз жайсыз оқиғалар орын алды. Мысалы, 5-маусымда Ақ­төбеде ұйымдасқан бірнеше адам қаладағы қару-жарақ сататын дүкендерге, әскери бөлімге шабуыл жасады, адамдардың өмірін қиды. Күш құрылымдары кейін олардың 18-інің көзін жойды. Осы лаңкестік әрекетке қатысы бар деп танылған 20-дан астам адам сотталды.

Ал 18-шілдеде Алматыда Руслан Күлекбаев деген адам Алмалы аудандық полиция бөліміне, ҰҚҚ департаментіне қарулы шабуыл жасады. Ол бірнеше полиция қызметкерінің өмірін қиды. Кейін Күлекбаев өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілді.

18-қыркүйекте Алматы облысының Ұзынағаш ауданындағы мал базарына сиыр сатуға барған ағайынды үш азамат жоғалды. Кейін олардың мәйіттері табылды. Қандықол қарақшылар оларды алдап апарып иесіз даладағы мал қорада атып өлтіргені белгілі болды. Кейін қылмыскерлер ұсталып, жазаларын алды.

Бұл жылдың атышулы оқиғаларының бірі деп шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің қамауға алынуын атауға болады. Оны ұстауға Астанадан арнайы жасақ келген болатын. Кейін Т.Төлешовке мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылды, ол 21 жылға сотталды. Оның сыбайластары деп танылған тағы бірнеше адам сот үкімімен түрмеге қамалды.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың сотталуын да жылдың шулы оқиғаларының бірі деп атауға болады.

Ал, жалпы, бұл жылдың ең бір есте қалар оқиғасы Жер Кодексіне ендірілген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы халықтың бейбіт бас көтеруі болды. Яғни халық жерді жеке меншікке сатуға, шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге табанды түрде қарсылығын білдірді. Бұған қатысты еліміздің бірнеше аумақтарында мыңдаған адамдар қатысқан бейбіт шерулер болып өтті. Соның нәтижесінде Заңға енгізілген өзгертулерге мораторий жарияланды. Өкініштісі, осы шерулердің бірін ұйымдастырушы ретінде Макс Боқаев пен Талғат Аян сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Әлемді елеңдеткен ерекше оқиғалар

2016-жылдың басында Иранға қарсы сонау 1979-жылдан бері жасалып келе жатқан экономикалық санкциялар алынып тасталды. Иран өзге елдермен сауда-саттық қарым-қатынасын жолға қоюға, өз мұнайын әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік алды. Мұнай экспортына тәуелді елдер енді шикізат бағасы одан бетер төмендейтінін ойлап уайымға түсті. Жалпы, бұл жыл «Брент» маркалы мұнай бағасының құлдилай түсуімен, экономикасы шикізат экспорт­тауға негізделген елдердің дағдарысқа ұрынуымен есте қалмақ.

2016-жылғы 10-маусым – 10-шілде аралығында Франция­да футболдан Еуропа чемпионаты, 5 – 21-тамыз аралығында Бразилияда ХХХІ жазғы Олимпиада болып өтті. Бұл спорт додалары да іске саясаттың көбірек араласуымен есте қалатын сияқты.

Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуы да осы жылдың ерекше оқиғаларының біріне жатады.

4 – 5-қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында әлемнің ең дамыған 20 жетекші елінің саммиті болып өтті. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев құрметті қонақ болып қатысты. Осы сапарға аттанар алдында Елбасы Қытаймен арадағы келісімдер негізінде бұл елдің 51 кәсіпорнының Қазақстанға көшірілетінін мәлім етті, олардың екеуі әкелініп, іске кірісіп жатқаны жөнінде айтты. Жалпы, бұл жыл Қытайдың Орта Азия елдеріне мықтап бетбұрыс жасауымен, олардың экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция салуымен ерекшеленді десек болады.

Бұл жылы Таиланд тағында 70 жыл бойы отырған король Пхумипон Адульядет, Кубаны жарты ғасыр басқарған Фидель Кастро, Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов өмірден өтті.

Өзбекстанда, Ресейде, Болгарияда, Молдавияда, АҚШ-та және тағы басқа бірқатар елдерде жаңа Президенттер сайланды, Парламент сайлаулары болып өтті. Осының ішінде жұртты көбірек таңқалдырғаны АҚШ-та мемлекет билігіне Республикашылдар партиясының өкілі, миллиардер Дональд Трамптың келуі болды. Енді жұрт бұл ерекше адам қандай саясат ұстанады екен деп елеңдеп отыр.

2016-жылы Корей Халықтық-Демократиялық Республикасы (Солтүстік Корея) сутегі бомбасын, бірнеше мәрте алыс қашықтықтағы нысандарды жоя алатын қанатты зымырандарды сынақтан өткізді. Осы жыл соңында Корея Республикасының (Оңтүстік Корея) Президенті Пак Кын Хэ халықтың сенімінен айырылып, қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Ең тынышсыз күндер, әрине, 2011-жылдан бері соғыс жүріп жатқан Сирияда болғаны белгілі. Кейбір саясаттанушылар мен сарапшылар, сәуегейлер болжағандай бұл елде 2016-жылы бейбітшілік орнаған жоқ.

Сириямен көршілес Түркия да жыл басынан бері лаңкестік әрекеттерден көз ашпады. Онда ай сайын дерлік бірнешеуден жарылыстар, қарулы шабуылдар орын алды, көптеген әскерилер, күш құрылымдарының қызметкерлері қаза тапты. Сондай-ақ бұл елде биылғы 15-шілдеде әскери төңкеріс жасау әрекеті болды. Ол күшпен басылды, кінәлі деп табылған мыңдаған адамдар сотталды, жұмыстарынан қуылды.

Ал кешегі 19-желтоқсанда бұл елде бір полиция қызметкері Ресей елшісіне қастандық жасады, оны атып өлтірді. Қастандық жасаушының бұл әрекетке бүгінде Сириядағы өкіметке қарсы күресушілерді бомбалап жатқан Ресейге деген өшпенділікпен барғаны белгілі болды.

...Қысқасы, 2016-жыл жұрттың есінде жайсыз оқиғалардың жиі болуымен қалатын сияқты. Олай болса, алдағы келе жатқан жыл әлемге тек жақсылықтарын ала келсін деп тілейік.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ