Гүлжанат Битанова: «Өзгелерге ұнамай тұрып ең әуелі өзіңе ұнауың қажет...»

25.12.2016
Қаралды: 1485

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», – деп Абай атамыз айтқандай, әркімнің де көпшілік алдына шығып, өз ойы мен идеясын еркін жеткізіп, 

өзіне лайықты бағасын алып, халықтың ыстық ықыласына бөленгісі келетіні белгілі. Қай-қайсымыз болмасын өзге адамдардың біздің пікірімізге ден қоя тыңдағанын қалаймыз. Бірақ сол ойымызды тұщымды етіп жеткізе аламыз ба? Айтқаның өзгелердің жүрегіне жету үшін не істеу керек? Міне, осы және өзге де сұрақтарға белгілі коуч, тренер, психолог Гүлжанат Битанова жауап береді.

– Гүлжанат, әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен жеріңізден, отбасыңыздан бастасақ... Қазір қай қалада тұрасыз? Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Менің туып-өскен жерім – Бәйдібек ауданы. Шақпақ ауылына қарасты Үсіктас деген шағын ғана елдімекен болатын. Балалық шағым осы ауылда өтті.  Біздің ауылымызда бар-жоғы 25 отбасы тұратын. Сондықтан да барлығымыз бір үйдің баласындай ойнап-күліп, араласып өстік. Отбасымызда алты бала-шаға болдық, өкінішке қарай, үлкен ағам өмірден тым ерте өтті, қалғандарымыздың барлығымыз, Аллаға шүкір, өсіп-өніп, өз тіршіліктерімізді жасап жатырмыз.

Менің негізгі мамандығым – физика пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда коуч және тренинг сабақтарының маманы ретінде жұмыс істеп жатырмын.

...Анам ауылдың кітап­ханасында жұмыс істеді. Сол себепті болса керек, біз отбасымызбен кітап оқуға құмар едік. Кітапханаға қандай жаңа кітап келсе, оны әуелі өзіміз оқып шығатынбыз. Дастархан басында әркім өзінің оқыған кітабын айтып, ой бөлісіп отыратын. Әлі есімде, әкем бізге май шамның жарығымен Шәкәрімнің «Дубровский» аудармасын өлеңдетіп, әуенімен оқып беріп отыратын. Біз сол әлемге еніп кетіп, тіпті жүн иіріп бітсек те, құлағымызға әкеміздің қоңыр үні майдай жағып, оқиғаның өрбуімен бірге толғанатынбыз. Әрине, балалық шақтан көп естелік келтіруге болады, дегенмен дәл осы көріністерді еске түсіріп отырған себебім, осы жағдаяттардың менің өмірлік құндылықтарымның қалыптасуына үлкен ықпал еткенін айтқым келеді. Кітап әлеміне толықтай еніп кетіп, қиялға ерік беретін кездерім тым көп болушы еді. Есейіп, ертерек халыққа қызмет етсем, мен де елімнің бір пайдасына жарап жатсам деген ой көкейде тұратын. Дегенмен, бұл ойды жүзеге асыру бірден мүмкін болмады. Өмірде қарым-қатынасты құра білуді үйрену, кездескен кедергілерден қалай өтуді білу секілді өмірлік сабақтардың жоқтығы – біраз уақытты осы салаға арнауға мәжбүр етті. Сансыз сұрақтарыма жауап іздеп, үнемі оқу мен ізденіс үстінде болдым.

Психолог боламын деген ойда жоқ, тек кездескен қиындықтардан шығудың жолдарын білу, адам санасының, психикасының құбылыстарын зерттеу, анықтай білу қызықты болғандықтан осы саладағы түрлі сабақтарға көптеп қатыстым. Көпшіліктің тал­қысына жиі түсетін жетісіткке жету жолдары, себептері деген секілді қызық сұрақтарға жауап таба бастағандай болдым.

Адамның жетістігі дегеніміз – ең бастысы, оның тек материалдық жағдайы ғана емес, оның өзін-өзі тани білуі, өзін бақытты сезіне білуі екенін де ұғына бастадым. Сондай-ақ адамның өз-өзін бақытты сезінуі мен өзін-өзі бағалай білуінің арасында тығыз байланыс жат­қанын аңғардым. Осындай сұрақтарды зерттей жүріп, өзім де осы салада білгеніммен бөлісіп, түрлі сабақтар өткізе бастадым. Қазір халық арасында мұны тренинг деп атап жүр.  Осы тренинг саласы мені қатты қызықтырды. Сол себепті Халықаралық Психологиялық Академияның 1 жылдық «Тренинг саласының маманы» деген бөлімін аяқтап шықтым. Сонымен қатар, Халықаралық Эриксон атындағы коучинг университетінің «Трансформациялық коучингтің ілім-білімдері» деген саласын меңгеріп, коуч мамандығын алып шықтым. Осы мамандықтарды меңгерген соң өзім қызмет етіп жүрген ұстаздық саласын, яғни мектепті тастап, тек осы тренинг саласына толық көшуді жөн көрдім.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрамын. Екі жыл Астана қаласында тұрып, сол жерден тәжірибе жинақтап, қазір өзімнің туған қалам Шымкенттен кеңсемді аштым. 

– Жақында ғана «Сахнада сөйлеу шеберлігі» деп аталатын тегін шеберлік сабағын өткіздіңіз. Сонда ол жерден не үйренуге болады?

– Әлі есімде, 2008-жыл болатын. Мен ол кездері бір компанияда жұмыс істейтінмін. Бір күні маған таныс қыз келіп, өзін сахнада сөйлеу шеберлігіне дайындауымды өтінді. Ол кезде мен бұл салада сабақ бермейтін едім. Әлгі қыздың өтінішінен кейін өзім білгенімді жинақтап, дайындалып, арнайы сол қыз үшін бір оқу курсын жазып шықтым. Ол курстан өткен қыз өзін тым тамаша, сенімді сезінгенін айтып, маған алғысын білдірді. Содан кейін сол курсты бір топ адамдар­ға жүргіздім. Олар да өз қажеттеріне жаратып, маған алғыстарын білдірумен болды. Соңыра осы курсты бірнеше қалаларда жүргізіп шықтым. Сол кезде мен бұл курстың шын мәнінде де адамдарға қажет екенін ұғындым. Бірақ ол кездері жоғарыда атап өткен коуч мамандығын игермегенмін және тренинг саласында кәсіби мамандығым жоқ еді. Сондықтан да курстарымды тоқтата тұрып, алдымен кәсіби білімімді жетілдіруге бел будым. Қазіргі таңда осы салада түрлі шеберлік сабақтарын және тренингтерді жүргізіп отырамын.

Жалпы, кез-келген адам өзін сенімді ұстағанды, өзге адамдардың өзінің пікірімен санасып, құлақ қоя тыңдағанын қалайды. Шеберлік сабағында сахнаға шығудың алдындағы қорқыныш пен толқуды қалай басу керек, көпшіліктің алдына шыққанда сөзді неден бастап, неден аяқтау керек,  көпшіліктің көңілінен шығатын және есте қалатын сөз сөйлеудің алғышарттары деген бірнеше тақырыптарды қарастырамыз. Шын мәнінде мұның барлығы адамға қажет дүние. Менің түсінігімде әрбір адам – қайталанбас тұлға. Әрбір адам – өз алдына бір әлем. Әрбір адамның бойында әлемді жақсартуға деген, айналасына жақсылық нұрын себуге деген керемет идеялар барына сенемін. Кейбіреулер күнделікті отбасы, ошақ қасы болып жүріп оны сезіне де бермеуі мүмкін. Енді біреулері бойындағы қорқыныш пен сенімсіздіктен арыла алмай, ол ойын сол күйінше жауып тастайды. Менің мақсатым – осындай жандардың өз идеясын халыққа жеткізе білуіне көмектесу.

– Расында да көп адам жұрт алдына шығып сөз сөйлегенде толқып, айтарын ұмытып қалып жатады. Осындай жағдайдан арылу үшін адам не істеуі керек?

– Ең әуелі адам шығып сөйлеген кезде жаттандылықтан арылуы керек. Сөйлейтін сөзін бастан-аяқ жаттап алатын адам сол сөз қатарындағы бір сөзді ұмытып қалды ма, онда шаруа бітті, бүкіл еңбектің зая кеткені дей беріңіз. Сондықтан да сөзді ұмытып қалмас үшін не істеу керек және ұмытқан жағдайда не істеу керектігіне арнайы жаттығулар бар, олардың барлығын біз арнайы сабақта қарастырамыз.

Дегенмен, бір қарапайым кеңесті айтып өтейін, ол тәсіл «Соңғы сөз бойынша» деп аталады. Бұл тәсіл бойынша адам ары қарай не айту керегін ұмытып қалған жағдайда, бірден үрей мен қорқынышқа берілмей, кішкене пауза жасап алу керек. Және бұл уақытта өзін сөзді ұмытып тұрғандай емес, арнайы сөз арасында үзіліс жасағандай көрсетуі қажет. Сосын өзінің соңғы сөйлемінде не жайында айтқанын еске түсіріп, осы тақырыпты ары қарай жалғастырып әкетуі қажет. Мысалы, сіз еліміздің тәуелсіздігі жайында сөз сөйлеп тұрсыз делік. Сол кезде сіз «Бұл тәуелсіздік ата-бабаларымыздың арманы болған» деген сөйлемнен кейін сөзіңізді ұмытып қалдыңыз. Сөйлемнің ішінде соңғы жағында сіз арман туралы айтқансыз. Демек осы арман бойынша сөзіңізді ары қарай жалғастырып әкете беруге болады. Мысалы, былай: «Ал арман дегеніміз не? Ол – адамға қанат бітіретін күш. Сол айтқандай, дәл осы армандарының арқасында ата-бабаларымыз арып-ашқанына қарамай, қанша қиналса да армандарына үміт отын жалғап, келешекке үмітпен қарап келген». Міне, бір ғана арман деген сөздің өзіне тамаша импровизация жасап кеттіңіз. Ендігі кезек соңғы сөйлемде үміт туралы болып тұр. Осы үміт деген сөзге де бірнеше сөйлем құрастырып кетсеңіз болады. Әрине, бұл кезде негізгі мәтініңіз еске түссе, онда сол мәтініңізді жалғастырып кете бересіз. Ал түспеген жағдайда онда сол үміт тақырыбын кішкене қозғап өтеміз.

– Негізінде, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы олардың өзара тіл табысуынан басталады ғой. Осы ретте көпшіліктің көзайымына айналу үшін, айналасындағы адамдарды аузына қаратуы үшін қандай кеңес берер едіңіз?  

– Адам өзгелерге ұнауы үшін немесе көпшіліктің көзайымына айналуы үшін ең алдымен өзінің табиғи шынайы бейнесін сақтай білуі қажет. Өзіне өзі сенімді бол­ған адам өзгелердің ол туралы не ойлап қалатыны жайында қорықпайды, себебі оның өзіндік сенімі, ұстанымдары бар. Сондықтан да өзгелерге әсер етудің, ұнау­дың ең бастапқы шарты, бұл – табиғи қалпыңызды сақтау. Жалпы, адам өзін өзі жақсы көре білуі қажет, өзгелерге ұнамас бұрын ең әуелі өзіңе ұнауың қажет. Міне, сонда барып өзгелер сенің қайталанбас, ешкімге ұқсамас бейнеңе тәнті болады.

– Әйел адамы болғасын, әйелдер тақырыбында да сөз қозғағанымыз жөн болар. Өзіңізді қалай күтесіз? Әйел адамы үнемі әдемі болып жүруі керек дейді...

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда қоғам арасында әйелдердің сұлулығы жайында, әдемілігі жайында жаңсақ стереотиптер көбейіп кетті. Оның бірі, әлгінде сіз айтып кеткен «Үнемі әдемі болып жүруі керек» деген пікір. Әрине, әйел әдемілікті паш етеді, әдемі болып жүрген жақсы, әрине. Дегенмен мен әйелдердің тек сыртқы сұлулықтың жолында өздерін құрбан етуге дайын тұратындықтарына қарсымын. Кейбір әйелдердің тіпті үйдің жанындағы дүкенге де әрленбей шықпайтынын білемін. Бұл деген сөз, әйел үшін өзгенің пікірі өзінің пікірінен басым тұратынын аңғартады, ал бұл – дұрыс емес. Әйелдің сыртқы келбеті мен ішкі өзіне деген сенімі қатар тұрса, міне нағыз сұлулық, әдемілік сол дер едім.

Ал өзімді күту жағына келер болсақ, оның еш құпиясы жоқ. Менің ұстанымым, әрбір адам, әрбір әйел тек өзіне ұнайтын іспен айналысуы қажет, сонда ол ешқашан қартаймайды және әрдайым сұлу, көңілді жүреді. Дене пішінімді сақтау үшін өз басым көбіне жаяу жүргенді ұнатамын. Күнде кешкісін арнайы 7-8 аялдама жаяу жүремін. Бұл, біріншіден, денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден, өз ойымды жинақтап, өз-өзіме есеп беруге көмектеседі. Қыз-келіншектерге, әйелдерге берер кеңесім – ең бастысы өзіңізді жақсы көріңіз, тек өз әдемілігіңізге өзіңіз сенгенде ғана өзгелер де сіздің сұлулығыңызды мойындайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ