«Даңғаза әншілерді үлгі етуді доғарайық!» – дейді қоғам белсендісі

20.12.2016
Қаралды: 1992

Жәнібек Қожық есімді азамат кейбір әншілер мен әртістерді жөн-жосықсыз жарнамалай бермеуге шақырды. 

Ол «Фейс­букте» бұған қатысты үндеу жариялады. Үндеу мәтіні мынадай:

«Ардақты ағайын! Құрметті журналистер, блогерлер, әлеуметтік желінің барлық қолданушылары! Бұл үндеуді сіздерге арнаймын.

2017-жылғы 1-қаңтардан бастап эстрадалық бағыттағы  даңғаза, жылауық әншілер мен сайқымазақтарды мадақтап, оларды жұлдызға айналдырып, әлгілердің өнерін, өмірін жастарға үлгі етіп көрсетуді дереу тоқтату қажет! Қазіргі кезде барлық телеарналардың бағдарламалары әншілердің жеңіл-желпі шоу, мағынасыз ойынына айналып барады. Бұл болашақ ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.

Кейбір эстрадалық бағыттағы әншілеріміз жастарды өздеріне еліктетіп ертіп алды. Ер-азаматтың құлағына сырға тағып, еріндерін бояп, қатынша киініп саxнаға шығуы, ел аралауы, оларды журналистердің xалыққа көрсетіп отыруының себебін түсінбедім. Ол аздай, эстраданың әнші «шалдары» бір-бірінің ауыздарын жалап, сүйісіп ойын көрсетуі тіпті ұят, масқара! Ұлтты қорлау! Ендігі жерде оларды телеэкранға шығаруды, газет-журналдарға жарнамалауды тоқтату керек!

Әншілердің ішкенін-жегені, тоқал алып, той жасағаны xалыққа не үшін қажет? Кейбір ағайындар балалары үйленгенде банк­тен несие алып, әлгі әншілерді тойына бір ән айтып кетуге 1 миллион теңге беріп шақыртады. Содан кейін әнші құтырмағанда кім құтырады? Қайта сол ақшаны жас шаңырақтың керек-жарағына жұмсамай ма?

Әрине, мен бұл жерде дәстүрлі әншілеріміз бен өнер саласына еңбегі сіңген абыройлы аға-апаларымызды айтып отырған жоқпын.

Құрметті қолына қалам, микрофон ұстаған журналистер қауымы, әлеуметтік желіні пайдаланушы достарым! Егер де сіздер еліміздің болашағын ойласаңыздар, онда сіздер тек әншілерді емес, жас ғалымдарды, өнертапқыштарды, xалықаралық ғылыми олимпиадалардан бас жүлде алып жүрген балаларды насиxаттаңыздар! Елдің ертеңі құлағына сырға таққан әншілердің емес, жас ғалымдардың қолында екенін ұмытпайық, ағайын! Ел боламын десең бесігіңді түзе!»

...Жәнібек Қожықтың бұл үндеуі бүгінде әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Ал сіздің ойыңыз қандай, оқырман?

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ