10 миллион теңгенің көкпар аты ұрланды

18.12.2016
Қаралды: 1867

Соңғы кездері мал ұрлығы жиілеп кетті. Оның себебін тұрғындар ұрылар ұсталғанымен де жазадан құтылып кететі­німен байланыстырады. 

Ал құқық қорғау орындары жәбірленушілер өзара келісіп, кешірім берген­діктен ұрыларға қатаң шара көре алмайтындықтарын алға тартады. Қалай болғанда да елде ұрлық жасап ұсталғандар­ға қатысты заң талаптарын қайта қарау керек секілді. Әйтпесе қорасындағы соңғы малынан айырылғандардың саны күн санап көбеймесе, азаймайтын секілді.

Мысалы, Сарыағаш қаласының «Самал-3» ықшамауданы өз алдына жатқан бір бақылаусыз аймақ секілді. Бұл жақта кім немен айналысып жатқаннымен ешкімнің шаруа­сы жоқ. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп оқушыларының атысы да осы жерде болғанын жазған едік.

Өткен 9-желтоқсан күні ұрылар «Самал-3» шағынауданынан бір атты, «Пассат» көлігін және «КамАЗ» жүк көлігінің құны 85 мың теңгелік  аккумуляторын ұрлап кеткен. Ал ертесіне ұрыларды іздеп жүрген полицейлердің тұмсығының астынан тағы бір көліктің аккумуляторы ұрланды. Сонда ұрылар ауылда ойларына келгенін істегенде полиция қайда қараған? Ұйықтап жатқан ба, әлде өздеріне тиімді жұмыстармен айналысқан ба? Бұл сұраққа олардың өздері жауап берер, әзірге біз жәбірленушінің бірін әңгімеге тартқанды дұрыс көрдік.

«Біздің қорамыздан көкпарға түсіп жүрген атты ұрлап кетті, – деді Сәуле Полатова есімді әйел. – Содан бір аптадай бұрын үйге біреулер келіп саудаласқанда 10 миллион теңгеге сататынымызды айттық. Олар алғашында 5 миллион, кейін 7 миллион теңге бермекші болды. Біз ат өзіміздікі еместігін, ағамыз 10 миллионнан кемге сатпа дегенін айтып бермей қалғанбыз. 9-желтоқсан күні түн жарымында шыққанда ат қорада тұрған. Таңертең тұрсақ, ол жоқ. Полицияға арыз жаздым, олар келіп сұрады, жазатындарын жазды, енді содан нәтиже шықса жақсы болар еді. Күйеуім бір хабары шығып қалар деп іздеп жүр. Бірақ одан да нәтиже шығар емес.

Бір таңқаларлығы, біздің жылқы ұрланған түні осы төңіректегі ауылдасымыздың 350 мың теңгеге сатып алған «Пассат» көлігін ауласынан алып кеткен. Басқа да ұрлықтар болып жатыр. Сонда бұл ұрылар ешкімнен қорықпайтын болғаны ма?»

Расында соңғы кездері Сарыағашта ұрлық көбейіп кетті.  Ұрылардың басынғаны сондай, олар өрістегі бір-екі малды місе тұтпауда. Ондап, жиырмалап бір-ақ алып кетеді. Бұдан сарыағаштық құқық қорғаушылар қорытынды шығара ма, әлде ұрлық жалғасын таба бере ме?

Қ. БАСТАУ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ