25 жылдыққа 25 мың теңгеден сыйақы беріледі екен

19.12.2016
Қаралды: 1068

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  25 жылдыққа байланысты 25 мың теңгеден сыйақы алатындарын естіген мұғалімдер бас киімдерін аспанға ата қуануға шақ қалған еді. 

Жұрттың барлығын қуаныш­қа бөлеген бұл қаржы қайдан беріліп жатқанын білу үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасындағы баспасөз қызме­тінің жетекшісі Азат Әміртаевқа хабарласқанымызда ол кісі қаржының жергілікті бюджеттен қарас­тырылғанын айтты.  Яғни әр аудан мен қала өз мүмкіндігін пайдаланып сыйақы бергелі жатыр екен.

Сыйақы беріледі дегенді естіп, өздерінің алғысын білдіру үшін редакцияға хабарласқандар да болды. Солардың бірі – Мақтаарал ауданындағы Гагарин атындағы №21 орта мектептің директоры Әбдіманап Жандаров (суретте) былай дейді:

«Қазақстан Тәуелсіздік алғалы орасан жетістіктерге қол жеткізді. Басқа елдер соғыстан көз ашпай, құлдырауға ұшырап жатқанда еліміз экономикалық дамудың бірнеше сатысын артта қалдырды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында мұғалімдерге 25 мың теңгеден сыйақы берілгелі жатқанын да осы ұлы мерекенің арқасы десек болады. Мысалы, мен басқаратын Гагарин мектебінде бүгінгі таңда 102 адам ұстаздық етеді. Кәсіподақтың шешімімен солардың бірін қалдырмай сыйақыға ұсындық. Мектебіміз айтарлықтай үлкен емес. Ал ұстаздарға берілетін сыйақыны есептесек, 2 миллион 600 мың теңге болады екен. Біздің Мақтаарал ауданында 130-ға жуық мектеп бар. Демек, бір жолғы сыйақы үшін 400 миллион теңгедей қаражат керек. Бұл аз ақша емес. Бірақ біздің Үкіметте осындай қаржы бөлетін мүмкіндік бар болғаны да.

Қазақта «Орамал тон болмайды, жол болады» деген әдемі сөз бар. Біз бұл қаржыдан ешкімнің байып кетпесін білеміз. Бермесе де мұғалімдер бұрынғыдай жұмысын істеп жүре береді. Бірақ мереке қарсаңында берілген мұндай сыйақы оларға моральдық қолдау болатыны анық. Сол үшін мектебімдегі барлық мұғалімдер атынан елге, Елбасыға рахметімді айтқым келеді».

Қысқасы, Тәуелсіздік мерекесі биыл бұрынғылардан ерекше аталып өтуде. Ол тек берілетін сыйақыға ғана байланысты емес, халықтың көтеріңкі көңіл-күйіне қарап та осылай деуге болатын секілді.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ