Төрешіні соққыға жыққан ойыншы қай әкімнің баласы?

19.12.2016
Қаралды: 2101

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда жайсыз жағдай орын алды. «Бір атаның балалары футбол ойнайды» 

деп аталатын жарыс соңы төбелеске ұласты.

Ақтық сында Аймұрзаевтар және Жолдасовтар отбасы өнер көрсетіп, Аймұрзаевтар әулетінің ойыншысына ереже бұзғаны үшін төреші Елдос Әбжан (суретте) «сары қағаз» көрсеткен екен. Соған шамданған Қайсар Аймұрзаев есімді әлгі ойыншы төрешіге қарап әдепсіздеу бір қылық жасапты. Ойыншының бұл әрекетіне ашуы келген төреші іле-шала «қызыл қағаз» көрсетіп, әлгіні ойыннан шеттеткен. Дәл осы сәтте Қайсар төрешіге тап беріп, тіпті тамағынан қылқындыра бастапты. Одан кейінгі оқиғаның қалай болғанын төрешінің өзімен сұхбаттасып білдік.

– Елдос, сен әлгі Қайсар деген жігітті бұрын танитын ба едің?

– «Қыран» деп аталатын футбол клубында ойыншы екенін, ал әкесінің бұрын Созақ ауданында әкім болғанын, яғни оның Аманғали Аймұрзаевтың ұлы екенін білетінмін. Бірақ араласпағанмын.

– Сені ойын соңында тағы да соққыға жыққаны рас па?

– Иә, ол рас. Негізі ол жігітті финалдың бірінші таймында-ақ ойыннан шеттете салуым керек еді. Бірақ мен ойынды бұзғым келмеді. Бірақ кейіннен, ұпай саны бойынша Жолдасовтар әулеті жеңіске жеткен соң ол қайтадан келіп менімен төбелесті. Қасымдағы тағы бір төреші екеумізді ажыратпақ болып еді, Аймұрзаевтар әулетінің командасы да жүгіріп келіп, жабылып кетті. Мұның соңы полицейлердің араласуымен әрең тоқтады. Ал мені бір кісі құшақтап, сыртқа алып шығып кетті. Қателеспесем, ол футболшының әкесі Аманғали Аймұрзаев болса керек.

– Денсаулығыңа қаншалықты зиян келді? Дәрігерге қаралдың ба?

– Қолым қатты ауырады, айтарлықтай дене жарақатын алдым. Бірақ шыдауға болады, сол себепті дәрігерге қаралғаным жоқ.

– Саған қол жұмсаған жігтке енді қандай шара қолданбақсың?

– Бастапқыда сотқа арызданамын деп ойладым. Кейіннен басқалай жолмен сазайын бергенім дұрыс шығар деп шештім. Осылай екіұдай күйде жүргенімде Қайсардың өзі маған хабарласып, кездескісі келетінін айтты. Кездестік, ол болған жағдайға қатты өкінетінін, ойын барысында эмоциясын тежей алмай қалғанын жеткізіп, менен кешірім сұрады.

– Моральдық шығынды өтемеді ме? Айыбымды жуғаным деп шай-пай әпермеді ме?

– Жоқ, ондай ештеңе болған жоқ. Өзі ғана келді, кешірім сұрады, қолымды алды. Болды. Оның келгенін қасымдағы жігіттер таспаға да түсіріп алды.

– Ал сенің төрешілікпен айналысып жүргеніңе қанша уақыт болды? Бұрын-соңды мұндай жағдайға тап болғансың ба?

– Менің бұл салада жүргеніме үш жылдан асты. Жалпы, менің тәжірибемде мұндай жағдай алғаш рет кездесіп отыр. Негізінде ол жігіттікі таза ақымақтық болды.

...Аманғали Аймұрзаевтың ұлы Қайсар расында да «Қыран» футбол клубының құрамында екі жылдай өнер көрсеткен екен. Алайда шамамен екі ай бұрын келісім-шарттың уақыты бітіпті. Мұны бізге аталмыш клубтың спорт директоры Евгений Шкарин айтып берді.

«Қайсар деген жігітті көрмегенімізге көп болды. Ал орын алған оқиғаны естідік. Бірақ басы-қасында болмағасын ештеңе айта алмаймыз», – дейді Е.Шкарин.

Жексенбіде орын алған жайсыз жағдай жөнінде біздің білгеніміз осы болды. Жалпы, Аймұрзаевтың мұнысы қаншалықты дұрыс? Тек кешірім сұрау арқылы жазадан құтылып кете бергені орынды ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ