50 отбасы қоныс тойын тойлады

19.12.2016
Қаралды: 1270

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Созақ ауданында 50 отбасы қоныс тойын тойлады. 

Теріскейліктерге тұрғын үйлерді беру салтанатты шарасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, тұрғындарға баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Облыс әкімі аудан орталығы – Шолаққорған ауылында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің кілтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы аналар мен кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге табыстап, жаңа қоныстың құтты шаңыраққа айналуын тіледі.

«Елу үй – елу отбасы, елу жанұя. Осы елу отбасының әрқайсысында 4-5 адамнан бар деп есептесек, бүгін 200-ге жуық созақтық тұрғынның қуанышына ортақтасып отырмыз. Мұндай жағдай өңірімізге «Нұрлы жол», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан үлкен қаржының арқасында мүмкін болып отыр. Болашақта осындай бағдарламалар арқылы көптеп ақша бөліп, бүгінгідей тұрғын үйлердің салынуына барынша атсалысатын боламыз», – деді Ж.Түймебаев.  

Жаңа үйлердің іргетасы 2015-жылы қалана бастаған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай табыс­талған баспаналар мерейлі мерекедегі үлкен сый болып отыр. Ал тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Ел Құрылыс тобы» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.

Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ