Ерлерді ескерткіш-тақта жанында еске алды

19.12.2016
Қаралды: 1441

1986-жылы желтоқсанда Алматыда жастар алаңға шығып, әр республиканы өз ұлтының өкілі бас­қару керек деп ұрандатқан болатын. 

Бұрын мұндайды көру былай тұрсын, естімеген Кеңес билігі бейбіт шеруге шыққан жастарға қарсы әскер шығарып, оларды аяусыз ұрып-соғып таратты. Шеруге қатысқандарды жұмыстан шығарып, оқудан қуды. Тіпті барлық жерде қазақ жастарына деген сенімсіздік басталып, басқа ұлт өкілдері қазақ көрсе шошынып қалатын болды.

Міне, жұртшылық «Қанды желтоқсан» деп атаған сол көтеріліске биыл 30 жыл толып отыр. Ал осы бас көтеру кезінде құрбан болғандар бүгінде лайықты түрде ардақталып жүр ме?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттегі Ғ.Ілияв және Қ.Рысқұлбеков көшелерінің қиылысына Халық қаһарманы, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Қайрат Рысқұлбековке арнап ескерткіш тақта орнатылған болатын. Жыл сайын 16-желтоқсанда сол жерге біраз адам жиылып, құрбандарды еске алып, құран бағыштайды. Биыл да сол үрдіс жалғасын тапты.

Кездесуде қоғам белсенділері Шаруа Пірмат, Жанысбек Өтеген, Ибрагим Әлсерке, Жарқынбек Сейтімбеттер сөз сөйлеп, жиналғандарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Осы жиында ол кісілер Желтоқсан көтерілісінің атаусыз қалып жатқанына реніштерін білдірді. Кездесу соңында біз Жанысбек Өтегенді (суретте) сөзге тарттық.

«Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап жатыр, – деді қоғам белсендісі. – Бірақ сол Тәуелсіздік Желтоқсан көтерілісінің арқасында келгенін ұмытып кете береді. Бұрын кеңестік империяның қатып қалған сеңінің сетінеуіне Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі бастамашы болды дейтін. Өзіміз де желтоқсаншыларды «Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары» деп атап жүрдік. Бірақ кейінгі кезде олар ұмытыла бастады. Әрине, халық ештеңені ұмытпағанымен оны ұмыттыруға тырысатындар бар.

Көтерілістің 30 жылдығына орай сол кезде құрбан болғандардың барлығына Халық қаһарманы атағын берсе де болар еді. Бұл мәселені көтергендер болды, бірақ ұсыныс жоғарыдан қолдау таппады. Оны айтасыз, осы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш орнату үшін алақандай жер сұрағанымызға бірнеше жылдан бері селт еткен әкім жоқ. Желтоқсан құрбандарының атына көше беруді сұрадық. Оған да жауап берілмеді. Есесіне жаңа көшелерді таудың, тастың атымен атап жатыр. Бұлар өзіміздің қандастарымыз емес пе, бір көшеге атын берсек, олардың әруақтары алдында парызымыздың өтелгені болар еді ғой? Бүйте берсе, олардың еңбегі расында да ұмыт болуы мүмкін.

Біз мұнда жыл сайын 15-20 адам жиналамыз. Тіпті үміттерін үзгендіктен сол желтоқсаншылардың өздері де келмейтін болды. Әйтпесе көтерілістің 30 жылдығына байланысты мемлекеттік деңгейде атап өтсе де болар еді. Өкінішке орай, олай болмады».

Қоғам белсендісі осылай дейді. Уақыт өте бұл кемшілік те түзелер. Өйткені басқалар ұмытқанымен «Ер есімі – ел есінде» дейтін халық ерлерін бәрібір де ұмытпайды ғой.

Ә. НАУАЙЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ