Нұрсұлтан, Қайрат, Әсем және Әйгерім...

19.12.2016
Қаралды: 2149

Біз – ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздік заманда өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. 

Әсіресе Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған 1991-жылғы 16-желтоқсанда өмірге келгендер үшін бүгінгі күн ерекше қуанышты сәттерге толы болмақ. Осы орайда біз Тәуелсіздіктің төл  құрдастарын әңгімеге тартқан едік.

Нұрсұлтан Ештаев 1991-жылы Қазығұрт ауданындағы Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргесін Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы колледжден дизайнер мамандығын алып шыққан. Қазіргі кезде оператор қызметін атқаруда.

«Тәуелсіз елде, бейбіт мемлекетте өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз, – дейді Нұрсұлтан. – Тәуелсіздік бізге оңай  жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Мен оны қазақ халқының сарқылмас қазынасы, таусылмас байлығы деп білемін.

Өз басым ұстаз болып, Әбілхан Қастеев ағам сияқты еліміздің атын әлемге танытатын  керемет дарынды шәкірттер тәрбиелеуді армандаймын. Еліміздің көркеюіне өз үлесімді қосқым, өзімнен кішілерге үлгілі аға болғым келеді.

Әйгерім Мүсірепова 1991-жылы 16-желтоқсанда Арыс қаласында дүниеге келген. 18 жасында тұрмысқа шыққан. Қазіргі кезде шаңырағының шаруасын дөңгелентіп отырған, төрт баланы өмірге әкелген бақытты ананың бірі.

«Халқымыздың басынан өткен небір замандар, түрлі оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып үлгерді. Ең қиын, ауыр сәттер артымызда қалды. Еліміз мәңгілікке жасай берсін!» – дейді Әйгерім.

Ал Қайрат Айдаров 1991-жылы Шардара ауданындағы Сүткент ауылында туылған. Мектепті үздік бағалармен бітіріп шыққан. Шымкенттегі «Отырар» университетінде оқып, дене тәрбиесінің мұғалімі мамандығын алып шығыпты. Бүгінде өзінің жеке кәсібі бар, ол көлік жуатын жерлерді жалға береді. Қайрат былай дейді:

«Еліміздің басына қонар бақты аңсаған, бүгінгі бейбіт уақытты көре алмай кеткен асылдар қаншама  десеңізші!  Аталарымыз армандаған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Осыны ұмытпауымыз керек. Менің Қазақстанның гүлденуіне көп үлес қосқым келеді».

Әсем Әбубәкірова 1991-жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда бір баланың анасы. Көркемсурет мектебінде балаларға сабақ береді.

«Аталарымыз аңсаған, арман еткен ғасырда өмір сүрудеміз. Мінеки, Тәуелсіздігіміздің таңы атқанына да 25 жыл толып отыр. Еліміз әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылса екен деймін.

Талантты жандарға халық арқашан бас иген ғой. Мен ұстаз ретінде талантты, дарынды жастарды, Қазақстанға адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелегім келеді», – дейді Әйгерім.

...Біз өзіміз сөзге тартқан Тәуелсіздік құрдастарынан осындай лебіздер естідік. Олардың барлығы да Отанға адал қызмет етуді, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуды армандайды.

Рауан ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ