Қазақтың ғажап ғасыры

19.12.2016
Қаралды: 1504

1991-жылғы 16-желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданғаны мәлім. 

Яғни еліміз осыған дейін өзі құрамында болып келген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағынан (КСРО) бөлініп, дербес шаңырақ көтерді. Содан бері саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда, жалпы, өмірдің барлық салаларында біздің өз еркіміз өзімізде. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жетіп, соның арқасында Қазақстан әлемге танылды. Біз бұған тәубе деуіміз керек. Осы орайда бүгінгі Тәуелсіздік күні мерекесінде еліміздің өткен тарихына, сондай-ақ қазіргі әлем картасына қысқаша  ғана шолу жасап көрейікші. Ол бізге «Тәуелсіздік» ұғымының мән-мағынасын тереңірек сезіне түсу үшін керек.

Азшылыққа айналып, тілімізден айырыла жаздағанбыз

Біз тарихтан Қазақ хандығының қалай құрылғанын, оның басынан қандай алмағайып замандар өткенін, ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау үшін ата-бабаларымыздың қалайша арпалысқанын білеміз. Осының ішіндегі ең бір қатал кезеңдер жоңғарлармен жүздеген жылдарға дейін созылған соғыстар болды. Ақырында қазақты құртамын деген жоңғардың өзі тарих бетінен жойылып кетті. Қазақ хандығы өз тәуелсіздігін сақтап қалды.

Қалыптасқан түрлі жайларға қатыс­ты Қазақ елі кейін Ресей империясының боданына айналды. Содан бастап жерімізге сырттан қоныс аударушылар көбейді. Қазақ шұрайлы жерлерінен айырылып, құнарсыз аумақтарға қарай ығыстырылды, өз жерінде өзі билік ете алмайтын күйге түсті. Кейін елімізге жер аударылған бүтіндей ұлттар қаптады. Өз жерімізде азшылыққа айналдық. Оның үстіне 1930-жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық халықты қынадай қырды.

Мысалы, осыдан 90 жыл бұрынғы (1926-жыл) жүргізілген санақта қазақтар өз жерінде халықтың 57 пайызын құраса, арада 13 жыл өткенде (1939-жыл)  37 пайызға дейін азайған, ал 1960-жылғы Бүкілодақтық санақта қазақтар Қазақстан халқының 30 пайызын ғана құрапты.

Міне, біздің осылайша өз жерімізде азшылыққа айналып, ана тілімізден айырылып қала жаздаған жайымыз бар. Мұны жұрт ешқашанда ұмытпауы тиіс.

Аталарымыздың осыдан тура 100 жыл бұрын Ұлт-азаттық көтерілісіне шығып, бодандық бұғауын үзу үшін үлкен бұлқыныс жасағаны, кешегі 1986-жылдың 16-желтоқсанында қазақ жас­тарының өз билігімізді өзімізге беріңдер деп Мәскеуден теңдік сұрағаны да жадымызда тұруы керек.

Қазақ ұлты өзінің тәуелсіздігін сақтау жолында әрқашанда күресіп келді, сол арқылы өз тізгінін өзі ұстауға лайық ел екенін дәлелдеді. Біз үшін бұл зор мақтаныш, Тәуелсіз елімізге адал қызмет ету баршамыздың азаматтық борышымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Бүгінде Қазақстанда 18 миллионға жуық халық тұрса, соның 68 пайызын өз қандастарымыз құрап отыр. Бұл да Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен көрсеткіш.

Тәуелділік тұралатқан ұлттар бар

Жалпы, өзге мемлекетке тәуелді болудың қандай қорлық екені белгілі. Тәуелді елді оны өзіне қандай да жолмен қосып алған мемлекет билеп-төстейді, өз саясатына жұмыс істетеді, жер бетіндегі, жер астындағы байлығын иеленеді.

Өз еркі өзінде жоқ елдің азаматтары «екінші», «үшінші» сортқа айналады, қызметте өсуі қиын, адамдардың көбі жалақысы аз қара жұмысқа жегіледі. Өз ана тілі қолданыстан шығып, адамдары отарлаушы елдің тіліне ауысады, түпкі тегін ұмытып, ұлттық әдет-ғұрпын, салт-санасын, мәдениетін, намысын жоғалтады.

Мұның бәрін біз отарға айналған елдердің тарихынан білеміз, олардың дамуда кенжелеп қалғаны көрініп тұрады. Мысалы, Азия мен Африканың, Американың көптеген жергілікті тұрғындары отарлық езгінің салдарынан осындай мешеулікке ұшыраған, оның зардабын қазіргі күндерге дейін тартып келеді.

Егемен ел болуды армандайтындар көп

Бүгінгі күндері бұрынғы кездердегідей ашық езгіге салынбағанымен де өзі құрамында отырған мемлекеттен тәуелсіздік алғысы келетіндер бар. Яғни өз тәуелсіз территориясын иеленуді армандап жүрген ұлттар аз емес.

Мысалы, Қазақстанмен көрші алып мемлекет Қытайдағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданында 10 миллиондай ұйғырлар тұрады. Олардың да өз алдына дербес мемлекет болғысы келеді, осы мақсат жолында күрес жүргізіп жатыр. Бірақ орталық өкімет оларға тәуелсіздік алуға ырық бермейді.

Бүгінде 10 миллиондай тибеттіктер де Қытайдан өз тәуелсіздігін алуды армандайды. Сондай-ақ халықаралық келісімдер негізінде басқарылып отырған Тайвань, Гонконг, Макао тұрғылықты халқының негізгі бөлігі хань ұлтынан болғанымен Қытайдан тәуелсіз болуды қалайды.

Қазіргі Түркия, Сирия, Иран, Ирак мемлекеттері территориясында тұратын күрді ұлты да өз алдына Күрдістан мемлекетін құруды армандайды. Олардың саны 40 миллион адамнан асады.

5 миллион халқы бар Палестина сонау 1949-жылдан бері Израильден тәуелсіздік ала алмай жүр.

Испаниядан тәуелсіздік талап етіп жүрген Баскілер елі, Каталония бар. Бұл екеуінің де халқын қосқанда 10 миллион адамға жуықтайды. Сондай-ақ 6 миллиондай адамы бар Шотландияның Ұлыбританиядан бөлінгісі келеді.

Үндістанда 20 миллион адамы бар сикх ұлты тәуелсіздік жолында күресіп келеді. Олар «Халистан» деген мемлекет құруды армандайды.

Әлемнің әр түкпірінде кездесетін, жалпы саны 10 миллион адамнан асатын сыған ұлтының тіпті менікі деп айтатын жері де жоқ.

Іргеміздегі Ресейден Шешенстанның, тағы да бірқатар Кавказ халықтарының, Татарстанның, Башқұртстанның тәуелсіздік алғысы келетіні белгілі. Молдавиядан, Украинадан бөлініп Днестр бойы республикасы құрылды. Молдавиядан Гагаузия бөлінуді қалайды.

Бүгінгі әлем картасынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни тәуелсіздікті армандап, дербес ел болғысы келіп жүрген халықтар қазіргі әлемде де аз емес. Мұның барлығының түбі ұлттық немесе діни еркіндікке қол жеткізуге деген ұмтылыстан туындап отыр. Осы жолда арпалысып, соғысып жатқандар да аз емес.

Олай болса, Құдай нәсіп етіп, елімізге бейбіт жолмен келген еркіндікті, азаттықты, бостандықты қастерлей білейік, ағайын!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ