Керек кеңес

28.07.2016
Қаралды: 5986

Бизнесті қалай «нөлден»  бастауға болады?

Бүгінде өз жеке кәсібімді жүргіземін дегендерге кедергі жоқ. Дегенмен «ақша жоқ», «қолдаушы жоқ», деген сияқты ойлардың кері тартатыны бар. Осы орайда психологтар мынадай кеңес­тер ұсынады:

 Тәуекел етіңіз, ниеттеніңіз. Сосын өзіңіздің мінезіңіздегі күшті жақтарына мән беріңіз. Қолыңыздан не келетінін саралаңыз.

 Бизнес-жоспар жасаңыз, оған ой-мақсаттарыңызды, оны іске асыру үшін шамамен қанша қаржы жұмсалатынын есептеңіз.

 Аздап бастаңыз. Мысалы, қалада аяқжол салуға қажетті плиталар сатылады, соны сатып алыңыз. Істі осындай ұсақ-түйек көрінетін шаруадан бастаңыз. Жұмысыңыз жүруіне қарай өндірісті ұлғайтуыңызға болады. Кейін үлкен шаруаларға құлаш ұрамын десеңіз, сізде осындай «ұсақ-түйек» істен жинаған тәжірибе болады.

 Құжат рәсімдеу мәселесінде де мығым болыңыз. Оны үйреніңіз.

 Сіз, мысалы, өнім шығарудан бөлек, алып-сатумен де айналыссаңыз болады. Затты көтере саудамен айналысатындардан немесе тікелей өндірушіден алуға болады. Екі жағдайда да сізде үстеме бағамен сатып табыс табуға мүмкіндік бар. Сауданы жолға қойғасын, тұрақты алушылар тапқасын сізде капитал жинақталады, оған қажетті қойманы жалға аласыз немесе өз жеке сауда нүктеңізді ашасыз.

 Халыққа қызмет көрсету саласынан да бизнес бастауға болады. Ол үшін жалға ғимарат табыңыз, қажетті техника алыңыз, сосын жарнама жүргізіңіз. Шаштараз, сән салонын, тігін шеберханасын, фотосалон, тіпті құрылыс немесе клининг компаниясын алуға болады. Ең бастысы – жауапкершілігі жоғары, білікті мамандар таңдай біліңіз.

 Қолөнермен айналысатын болсаңыз, тіпті жақсы. Өз қолыңыздан шыққан заттарды сатып табыс табыңыз, оны көбейтіп, өндірістік цех ашыңыз.

 Бизнестің мынадай да жолы бар: Егер химиялық тазарту цехын ашқыңыз келсе, бірақ оған шамам жетпейді деп ойласаңыз, алдымен осындай цехпен ортақ жұмыс ұйымдастырып көріңіз. Яғни оған жақсы, тұрақты клиент тауып берумен айналысыңыз, сол үшін ақыға келісіңіз. Бірте-бірте киім қабылдайтын орталық ашып алыңыз. Кейін жағдайыңызды жақсартып, қажетті құрал-жабдықтар сатып аласыз. Сосын өз химиялық тазарту орталығыңызды ашуға болады.

 Жалпы, бизнес жолына түсемін дегендерге істі халыққа қызмет көрсету саласынан бастаған оңайырақ.

 Бизнесті «нөлден» бастаудың тағы бір жолы – өзіңізге жұмыс берушімен әріптес болу. Жұмысқа мән бере қарасаңыз, оның кейбір тұстарын жандандыруға болатынын көресіз. Міне, осы тұстан өз жеке бизнесіңізді бастауыңызға болады. «Бір жағынан осы арқылы басшыңызға жәрдемдесесіз. (Алғашында мұндай қызметті ақысыз көрсетсеңіз де болады). Нәтиже жақсы болса, басшымен ақылы әріптестік жағын келісу жағын ойластыра аласыз.

 Мүмкін болса, бизнесті несие алып бастамаған дұрыс. Несиені тиімді жүргізе алатын кез болады, ал оған дейін істі «нөлден» немесе дос көмегімен, ақшалы туыстық жәрдемімен (қайтарымын келісіп) бастауға болады. Қолыңыздан іс келсе, дұрыс келісе алсаңыз, кез келген ақшаны, сенімді адаммен бірлесіп іс бастауға болады. Ал ондай қолдаушыны өз бетіңізбен таппасаңыз, жарнама арқылы табуға болады.

 Мемлекеттен грант немесе субсидия алып та бизнес бастауға болады.

 Кәсіппен айналысуға бел шешсеңіз, айлық табысыңыздан 33 пайызын үнемдеп отырыңыз. Сонда сізде өз капиталыңыз жиналады.

 Егер орманға жақын тұрсаңыз, істі моншаға қажетті сыпыртқы жасап сатудан бастаңыз. Оны жекелеп те, көтере бағасына да сата аласыз.

 Емдік шөптер жинап сатыңыз. Оны жеке емшілерге, мекеме, кәсіпорындарға өткізіңіз.

 Өсімдік сабағынан кәрзеңке тоқып сатыңыз.

 Қысқасы, жеке кәсіп бастағыңыз келсе, бастау керек еді деп жүре бермей, бастаңыз. Ең бастысы, өзіңізге сеніңіз, сәттіліктен үміт етпеңіз. Жақсы, мықты қасиеттеріңізді ұштаңыз. Ақылмен, оймен, шыдаммен іс бастаңыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ