БІРІНШІ БАЙЛЫҚ

29.06.2016
Қаралды: 9045

Байытылған ұн адамды анемиядан қорғайды

Адам денсаулығына қаупі бар мәселелердің бірі – темір мен фолий қышқылы сияқты дәрумендердің және  минералдардың жетіспеушілігі салдарынан болатын темір тапшылығы анемиясы. Сондықтан оны болдырмаудың, алдын алудың жолдарын әркім де біле жүргені абзал.

Жалпы, анемия – қанда эритроциттер санының азаюы және гемоглобин деңгейінің төмендеуі белгілеріне тән болатын ағза жағдайы. Темір тапшылығы анемиясы кезінде ағза тіндеріне оттегі жетіспейді, темірдің жетіспеушілігінен кейбір фермент­тердің белсенділігі бұзылады. Әйелдерде жүктілік пен босану кезіндегі өлім көрсеткіші 4 пайызды құрайды. Анемиясы бар әйелдер аз салмақтағы балаларды 30 – 40 пайыз жиірек босанады. Жүрек-тамыр, иммундық, эндокриндік, жүйке және бас­қа жүйелер функциялары бұзылады. Дене күші мен төзімділік 20 – 30 пайызға, ал оның салдарынан жұмыс істеу қабілеттілігі 17 пайызға төмендейді. Шала тууға, күтпеген түсік пен өлі тууға, нәрестенің дамуындағы туа біткен ақаулыққа әкелу қауіп-қатері жоғары деңгейде кездеседі. Жас балалардың дене бітімі (психомоторлық) дамуындағы жетілмеуі және әлсіреген иммунитет, індет пен зиянды экологиялық факторларға қарсылығы (тұрақтылығы) нашарлайды.

Темір тапшылығы анемиясының негізгі белгілері мынадай: Тері жамылғысы мен шырышты қабықтар бозарады, тәбет болмауы байқалады, қалыптан тыс әуестенушілік (еттен бас тарту, бор, әк, топырақ, саз жеуді қалау), ащы иістерге құмарлық (керосин, бензин, ацетон) туындайды. Шаш сынғыш, күңгірт, «талшық» тәріздес болады, жиі түседі. Тырнақ сынғыш, жайпақ, ортасында латералды және соңғы жақтары көмкерілген, қасық пішінді болады.

Жалпы, бұл белгілер қатаң вегетариандық өмір салтын ұстанатын адамдарда пайдаланатын аста гемдік темірдің болмауынан, әлеуметтік-экономикалық деңгейі өте төмен адамдарда құнарсыз тамақтану салдарынан басымырақ байқалады. Тамақпен темірдің аз түсуі, ас қорыту жолдарында оның дұрыс сіңірілмеуі, ағзада темірдің толық жиналмауы осыған әкеліп соғады.

Темір тапшылығы анемиясының алдын алуда жоғарғы және бірінші сұрыптағы фортификацияланған бидай ұнын пайдалану (сыртында «heаlthy food» белгісі болуы керек) өте маңызды. (Фортификация – ұн тарту кезінде аз мөлшерде дәрумендер мен минералдарды, «премикс» деп аталатын витаминді-минералды кешенді қосу процесі). Фортификациялау кезінде 150 грамм темір, мырыш қоспалары, фолий қышқылы мен В-тобының дәрумендері қосылады, бұл ұнның сапасы мен қоректік құндылығын арттырады.

Ұн – көпшілік тұтынатын күнделікті өнім. Сол себепті ұнды фортификациялау – адам ағзасы үшін темір мен дәрумендер тапшылығының орнын толтыру мәселесін шешуде өте қолайлы әдіс.

Қысқасы, темір тапшылығы анемиясының алдын алып, өз денсаулығыңызды қорғау үшін фортификацияланған жоғарғы және бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдаланыңыздар демекпіз.

К. ЕСІМОВА,

Оңтүстік Қазақстан облыстық 
қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы.

Ш. КӨКЕБАЕВА,

департаменттің жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ