Иммунитетті көтеретін тамыр

31.03.2020
Қаралды: 2027

Дәл қазір иммунитетті көтеру өте маңызды мәселелердің бірі. Бұл ретте зімбір (имбирь) тамырының көмегі көп екен. Көпшілікке көмегі болар деген оймен зімбір тамырынан жасалатын бірнеше рецепт ұсынып отырмыз.

 

Жұқпаларға қарсы шай

 

Шамамен 2,5 сантиметр болатын зімбір тамырын жуып-тазалап, өзіңізге ыңғайлы етіп тураңыз. Оған 2 стакан (200 грамдық) су құйыңыз. Оны 10-15  минут қайнатады. 10 минут тұндырып, сүзіп алады. Қалауыңызша бал, лимон қосып, шай орнына ішеді.

 

Лимон мен зімбір ең тамаша антисептик. Ол қанды тазалайды, суықтау мен қабынуға қарсы күреседі.  Иммунитетті күшейтеді. Емдік қуаты жөнінен зімбір мен бал аралас шай сарымсақпен тең. Ал салыстырғанда дәмі мен иісі жағымды, витаминге бай.

 

Зімбір мен бал суықтау мен жұқпалы респираторлы инфекцияны әлсіретеді.

 

Қарттарға пайдалы ботқа

 

Мынадай да рецепт бар: 100 грамм зімбір тамырын ұсақтап турап, 2 дана лимонды еттартқыштан өткізіңіз. Екеуін араластырып, оған 100-150 грамм бал қосады. Дайын ботқаны шыны ыдыспен тоңазытқышта сақтауға болады. Оны күніне 3-4 рет 1 стакан қайнаған жылы суға 1 ас қасықтан қосып ішеді. Иммунитетті көтеруде, әлсіздікті жеңуде, қарт кісілер мен балалар үшін зімбір шайынан гөрі осы әдіс тиімді.

 

Ерлерге қуат береді

 

Зімбір тамыры қосылған шай ішіп жүру ерлер үшін өте тиімді: қан айналымын жақсартады, қуат береді, потенцияны арттырады. Бұл үшін дәріханалық зімбір майын қолдануға да болады. Күніне 2 рет 1 шай қасық жылы суға 1 тамшы қосып ішіп жүрсе, жыныстық белсенділігін арттырады.

 

Жалпы, ер адамдарға таңғы кофе орнына зімбір тамыры қосылған шай қолданған дұрыс. Ол үшін тамырдың бірнеше бөлшегіне қайнаған су құйып, оған жалбыздың 1-2 жапырағын қосыңыз. Қалауыңызша лимон немесе 1 шай қасық бал қосуға болады. Кофе секілді сергектік береді, көңіл күйді көтереді, ұйқыны ашады, белсенділікті арттырады, ал кофеден айырмашылығы – витаминге бай, ағзаға пайдалы.

 

Суықтаудан сақтайды

 

Жоғарыда жаздық, зімбір ағзаның жұқпалы аурулар, тұмау мен ЖРЖВ секілді инфекцияларға қарсы күресу қабілетін арттырады. Ағза суықтау, қабынуды тез жеңу, маусымдық жайсыздықтардан жеңіл  өту үшін көк шай жапырақтары қосылған зімбір тамыры қайнатпасын қолдануға болады.

 

Эмаль ыдысқа 2 ас қасық көк шай жапырағын салып, 1 литр қайнаған су құйыңыз. 3-5 минуттан соң жапырақтарды сүзіп алып тастайсыз. Шамамен 10 сантиметрдей болатын зімбірді қабығын аршып, осы шай үстіне турап салады. Оған 2 дана қалампыр (гвоздика, дәріханалық болсын), жарты ас қасық корица қосады.

 

Ыдысты өте баяу отта жарты сағат қайнатады. Сосын жарты лимонның шырынын сығып және 8 ас қасық бал қосып, ыдысты жылы орап қояды. Жарты сағаттан кейін емдік тұнба әзір болады. Мұрын пысылдап, тамақ жыбырлап, бас ауырып, суықтау, әлсіздік, тұмау­рату белгілерінде, құрғақ жөтел кезінде жылы күйінде жарты стаканнан, күніне 3-4 рет ішу керек.

 

Қасиетін білейік

 

Жалпы, зімбір тамыры қосылатын рецепт түрлері көп. Олар бір-біріне өте ұқсас: қай жағдайда да бал, келесіде лимон қосылады. Ол зімбірдің шипалық қасиетін арттыра түседі.

 

Зімбір тамырында кальций, алюминий, хром, темір, магний, никотин қышқылы, фосфор, кремний, калий, С витамині бар.

 

Зімбір тамыры артық салмақтан арылуда белсенді қолданылады. Ол ағзаның зат алмасуын тездетеді, ал соның арқасында сіз ешқандай қиындықсыз және диетасыз артық салмақтан арыла аласыз.

 

Бұл тамыр әйелдердің жүктілігі кезінде де пайдалы: токсикоз, бас айналуды басады, балаға зиян келтіретін химиялық заттардың жағымсыз әсерін төмендетеді. Бірақ оны жүктіліктің соңғы айлары мен емізу кезінде пайдалануға болмайды.

 

Мөлшері маңызды

 

Бұл өсімдік иммундық жүйені нығайтуда күшті. Оны тамаққа жүйелі түрде қолданса асқазан сөлін қалыптастырады, ас қорытуды жақсартады.

 

Бірақ зімбірдің қарсы көрсетілімі мен жағымсыз әсері де бар. Оны асқазан жарасы және гастрит кезінде, жүрек ауруларынан зардап шегетіндерге қолданудың қажеті жоқ. Он екі елі ішекте жара болса, тағамды сыртқа шығарып, құсу болса, өтте тас түйіршігі жиналса, температура жоғарыласа кері әсері байқалуы мүмкін.

 

Қай кезде де, не нәрсенің болса да мөлшерін сақтау маңызды, осыны ескеріңіз!

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ