Үзбе емінің құпиясын меңгерген адам

10.12.2019
Қаралды: 4743

Бұл кісімен жақынырақ танысып, әңгімелесу үшін бір апта күттік. Бірақ бірер сағат уақыт табайын деп уәде еткенімен таң қылаң бергеннен түн ортасы ауғанша алдынан адам үзілмей қойды. Ес білген бала, еңкейген қарт, ақсаған адам, мазасы қашқан жанның бәрі осында ма дерсің. Емші келгенін естіген жұрттың бәрі жиналып жатыр. Әр күні осылай. Келушілердің аурулары әртүрлі: бас, аяқ, жүрек, бүйрек, қысым, шыжың дегендей жалғаса береді. Ал ол бәрін бір ғана тәсілмен емдейді – үзбе жасайды. Сонда осы үзбе дегеніңіз мың да бір ауруға дауа болғаны ма? Халық емшісі Жасұлан Мұқановпен (суретте) біз осы жайында сөйлестік. Қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

 

Пышақсыз операция

 

– Жасұлан Төлегенұлы, сіз қанша жылдан бері адам емдейсіз?

 

– Бұл бала кезден бастал­ған жағдай. Адам ауырып келеді, қолым өзі жұмыс істей береді. Жас кезімде басы ауыр­ған, басқалай мазасы қашқандарға қай жері ауыратынын бетіне қарап отырып айта беретінмін.

 

Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде жеті жастағы інім ауырды. Үйдегілер белі деген. Мен бел емес, бүйрегі дедім де, төмен түскен екен, соны орнына кел­тірдім. Содан жазылды. Достарым ауырады, таныстардың мазасы болмай жатады, соны сезіп қоятынмын.

 

– Сонда адамдардың қай жері ауыратынын қалай білесіз?

 

– Қолмен. Бармақпен. Алыстағы адамның да ауырған жерін айта беремін. Адамды жүрісіне – «походкасына» қарап та біле аламын. Қай жерің ауырады деп ешкімнен сұраған емеспін. Саусақ тигізгеннен ұйқысы тыныш па, қан қысымы қанша, қай жері ауырады, бәрін біліп тұрамын. Басынан бастап табанға дейінгі ахуалын, не мазалайтынын өзім айтып беремін.

 

– Қалай емдейсіз? Дәрі, укол бересіз бе?

 

– Медициналық препараттарға жоламаймын. Ешқандай дәрі, шөп, май дегенді қолдан­ған емеспін. Мен жасайтын емді медицина түсіндіре алмайды. Бірақ кейбір емі жоқ дейтін, дәрігерлер операция жасау керек деген адамдарды дәрі-дәрмексіз емдеп жазамын. Мысалы, соқырішек. Мен оны пышақсыз, дәрісіз жазып жіберемін.

 

– Қалай сонда? Соқыр­ішекті операциямен алып тастау керек қой. Сіз оны қалай емдейсіз?

 

– Қолмен. Жарылуға жақын тұрған ішектегі қоқысты қолмен тазалаймын. Бұл пышақсыз операция.

 

Соқырішек деген не? Ол іштің оң жақ төменгі бөлігінде тоқ ішекке жанаса біткен кішкентай қалташа. Оған қоқыс толғанда жарылу қаупі төнеді. Мен оған үзбе жасаймын. Сонда бір сағатта әлгі қалташаға жиналған қоқыс тарайды. Асқазанға көтеріліп, адам құсады. Түсі қап-қара болады. Қалған бөлігі тоқ ішек арқылы дәретпен кетеді.

 

– Сонда бір-ақ сағатта соқырішектен жазыла ма?

 

– Ұстамасы (приступ) бір рет үзбе жасағанда-ақ кетеді. Қоқыс қалташасы бір сағатта әжептәуір босайды. Бірақ толық тазалану үшін екі-үш сеанс керек. 

 

Үзбе тәсілінің кереметі көп дейді

 

– Соқырішектен көп адамды емдедіңіз бе?

 

– Тап қазір «приступ» бермегенімен қалташаның толуға жақындауы екі адамның бірінде бар. Сондықтан пышаққа түсуден талай адамды алып қалдым деп айтуға болатын шығар.

 

– Ал егер соқырішегі жарыла­йын деп тұрса ше?

 

– Емі – дер кезінде анықтап, тез көмектесу. Пальпация, үзбе. Қатесіз, дұрыс жұмыс жасау. Сонда соқырішек жарылмайды, қоқыс асқазан-ауыз қуысы арқылы сырт­қа кетеді. Ішім шыдатпай ауырып барады деп «приступпен» келіп, операциясыз жазылған адамдар да бар. Айтып тұрмын ғой, нәтижесі бірден болады.

 

– Адамның соқырішек екенін қалай анықтайсыз?

 

– Оның жолы көп. Негізі айтпай-ақ көрініп тұрады. Дегенмен тіліне қараймын, қолмен ұстап білемін. Сосын үзбе жасаймын. Үзбе бас құйқасынан башпайға дейінгі аурудың бәріне ем. Өйткені ауырған жерге ғана емес, үзбе бүкіл денеге жасалады. Бас ауруы, сақинасы, айналуы, остеохондроз, желке құрысуы, бүйректің төмен түсуі, ондағы киста, тұз, асқазан, өт жолдары, өттің толуы, омырт­қа кеселдері, қалқанша без, ұйқы безі, жүректі де осылай емдеп жүрмін. Нәтижесін емделгендерден сұрап көріңіз. Қайта мен туралы өзім емес, емделушілердің айтқаны дұрыс.

 

– Жас балаларды емдейсіз бе?

 

– Жас-кәрі деп бөлмеймін. Үзбе емін барлық адамға, барлық диагнозда қолдануға болады. Сондықтан балаларды да алып келіп жатыр. Туылғанда немесе басқалай жарақаттан мойын омырт­қасы таюы, дисплазия, майтабан, тіпті аутизммен де келіп жатыр.

 

– Аутизм?..

 

– Таңданбаңыз. Жаңа медицинаға көнбейтін бірқатар ауруларды да емдеймін деп айттым ғой. Сізге тосын естілгенімен бұл маған үйреншікті жайт. Оған таңырқаудың керегі жоқ.

 

Аутизм – туа бітті ауру. Ол – орталық жүйке жүйесінің бұзылуы. Ал мен жасайтын үзбе – тамырдың, яғни жүйкенің түйілуін тарқататын ем. Сондықтан аутизмде көмегі бар.

 

Туа бітті кеселдерге көмегі бар

 

– Оны қанша күн емдейсіз?

 

– Көмегі бірден байқалады. Ал толық нәтиже бір-екі сеанста болады. Тек бала сәл шыдаса болды.

 

– Шыдаса дейсіз бе? Ем ұзаққа созыла ма сонда? Әлде қатты ауырта ма?

 

– Жарты сағат, кейде бір сағат. Жеңіл түрінде 5-10 минут та жетеді. Ал үзбе жасағанда аздап ауырсыну болуы мүмкін, не дегенмен бұл тамырды босату ғой.

 

Адамның тұла-бойы жүйке жасушалары – нейрондардан тұрады. Тамыр деп біз оны жалпылай айтамыз. Нейрондар оттегімен байытылып тұруы керек. Оттегіні оған қан тамырлары жет­кізеді. Жарақат, түйілу, қысылу сияқты жағдайларда оған оттегі жетпей қалады. Үзбе жасағанда тамырдың жұмысы қалпына келеді де, әрбір жасуша дұрыс жұмыс жасау арқылы ағза өзін-өзі са­уықтырады. Үзбе емінің құпиясы осы.

 

Негізі бала аутизмге ұшырамауы үшін жүкті әйел суды жеткілікті ішіп жүруі керек. Су дегенде газды, тәтті емес, кәдімгі таза су. Сонда ми тамырында түйілу болмайды. Ми деген ағаштың тамыры сияқты ғой. Оған дұрыс қорек керек, яғни су және қанмен оттегінің жеткілікті жетіп тұруы маңызды.

 

Сіз аутизмді ғана сұрап отырсыз. Ал маған басында ісік немесе су бар, эпилепсиямен ауыратын, басқа да туғанда мида, баста, мойын омыртқада, аяқ-қолда зақым болған балаларды әкеліп жатады. Медицинада оларға түрлі жазылмайтын туа бітті диагноздар қо­йылады. Ал мен бірнеше күн үзбе жасаймын, сонда жүйкеге жан бітеді, тамырлар дұрыс жұмыс жасайды да, баланың жағдайы бұрынғысынан тәуір болады. Көрдіңіз бе, тамырлардың, жүйке талшықтарының, нейрондардың дұрыс жұмыс жасауының маңызы қандай!

 

– Аутизмнен көп адамды емдедіңіз бе?

 

– Жеткілікті. Құлан-таза демеймін, беті бері қарап, өте жақсы нәтиже бол­ғандар көп.

 

Буын ауруын да емдеп жүр

 

– Егер бала 15-16 жаста болса, сіздің тілмен айтқанда, тамырдың қысылғанына өте көп болған. Оған ем қона ма?

 

– Бірден емес. Ағза өзін-өзі сауықтыруға біраз уақыт жұмсайды. Дегенмен бірінші сеанстан кейін-ақ беті бері қарағанын аңғарасыз. Кеше 4 жасар баланы алып келді. «Гиперактивный» дейді, жүгіреді, бақырады, шулайды, әйтеуір бір тынымсыз. Аутизм деп айтқанына жарты жылдай болыпты. Үзбе жасағаннан кейін рахаттана ұйықтап алды. Ертеңіне ата-анасы бір күннің ішінде кәдімгідей тәуір болды деп таңқалып отыр. Ал оның таңқалатын ештеңесі жоқ. Бұл ағза дұрыс жұмыс істей бастады деген сөз.

 

– Сізге буын ауруымен барғандарды да көрдік.

 

– Кейбір адамдар «буында сұйықтық кеміп кетіпті» деп гель-укол салдырып жатады. Енді біреулер буындарда қан айналымы нашар немесе оған қан бармайды дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Бұл буын айналасындағы сіңір бар ғой, соның ішіндегі жүйке талшығының бірі қысылғанынан деп санаймын. Ағзаға бөгде нәрсе екпей-ақ, одан тамырдың қысылған, түйілген жерін қалпына келтіріп, жазылуға болады.

 

Құйымшақ жүйкесі – «седалищный нерв» қысылуы үш адамның екеуінде кездесіп жүр. Жылдар өте ол түрлі буын ауруларына себеп болады. Тізе бастырмай қалуы, бүгілмеуі, балтыр тартылып, саны сыздауы, қақсауы, оған белдің бүйрекпен қоса сыздап ауыруы қосылса, «седалищный нервті» босату керек.

 

Бұрындары ата-бабамыз «укол-система», дәрі дегенді білмеген ғой. Оларда үзбе деген ем болған. Осы үзбе буын ауруларына да ем.

 

– Үзу деген не өзі? Сіз сонда тамырды басасыз ба, уқалайсыз ба, не істейсіз?

 

– Үзбе деген – қазақтың көнеден келе жатқан емі. Ол туралы қазақ медицинасының негізін қалаған тамаша шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сонау ХV ғасырда айтып кеткен. Оның жазбаларында осы үзбеге керемет түсініктеме берілген. «Жанға батымы айқын жерді саусақ ұшымен басып, саусақты ғана айналдырып уқаламақ шарт», – дейді. Дегенмен үзуді сөзбен ұғындыру мүмкін емес. Оны үзбе жасатқан адам ғана жақсы сезініп, түсінеді.

 

Қасиет қанмен берілген бе?

 

– Сіз оны қайдан үйрендіңіз?

 

– Үйренген жоқпын. Өзі келді. Бала кезден қалай үзу керегін бір түйсікпен біліп тұратынмын. Мен түрлі салада жұмыс істеп көрдім ғой. Бірақ менің жолым осы екен, тағдырдың өзі жетелеп, осыған тоқтатты.

 

Қызым да емдей алады. Адамның ауырған жерін ұстап, аздап сылап-сипаса тәуір болып кетеді. Ұлым адамның тіліне қарап не мазалайтынын дәл айтып береді. Бірақ олар жас. Екеуі де оқушы. Мен оларға емші боласың деп ештеңе үйреткен жоқпын. Сонда да біледі. Қанмен келген қасиет осылай болса керек.

 

Менің бабам – Мұқан осы тәсілмен ем жасаған жан. Бірақ атам мен әкем адам емдемеген. Бұл қасиет екі атадан өтіп, маған беріліпті. Бұрын, адам емдемейтін жастау шағымда бойда тасыған қуат жанымды қинап, шарқ ұрып кететінмін. Қазір ол қуатты жұртқа жұмсаған сайын күш аламын. Мен 16-18 сағат тоқтаусыз ем жасай беремін. Шаршамаймын.

 

Мен негізі Петропавлдың тұрғынымын. Ол жақта маған орыстар да көп келеді. 4-5 күннен кейін «УЗИ» қағазын қолына алып: «У тебя волшебные руки!» – деп емге дейінгі және одан кейінгі қорытындысын салыстырып отырады.

 

– Сарыағашқа сонау Солтүстіктен келіпсіз ғой.

 

– Иә. Бұл жақ – менің қайынжұртым. Сарыағашқа күйеу баламын. Мұнда 7-желтоқсанға дейін боламын.

 

Қапланбек тұрғындары мені жақсы біледі. Аз күнге келсем де қарап берші деп осылай біраз адам жиналып қалады.

 

– Байқадық. Еміңіз де, халықтың ықыласы да өзгеше. Сәттілік тілейміз!

 

...Жасұлан Мұқановпен әңгімелесе отырып, біз бір сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдық. Ол бізге өзінің тәжірибесінде кездескен бұдан басқа да көптеген қызықты, тосын жайларды айтып берді. Зоб, жүрек ауруларын да үзбемен емдегенде нәтиже­сіне дәрігерлер таңқалғанын еске алды. Қолға алған ісі денсаулыққа қатысты болғандықтан бұл бағытта ізденіс үстін­де жүретінін аңғардық. Адам анатомиясын, ауру себептерін дәрігерден кем білмейтіні байқалады. Емшілікпен айналысуға рұқсат ететін құжаттары бар, ол – «Қасиет» емшілер қоғамының мүшесі.

 

Бұл мақаламызда біз оны насихаттап отырған жоқпыз. Ж.Мұқановтан ем алу-алмауды, әрине, әркімнің өзі шешеді. Біз тек ел ішінде осындай емші барын және қазақтың үзбе деген емі туралы мәліметті көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік.

 

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ