Аты аңызға айналған адам рак ауруының емін тапқан ба?

03.06.2019
Қаралды: 939

Нараяна Мурти. Бұл адамның аты бүгінде бүкіл әлемге танымал. Өйткені ол онкологиялық кеселдер, яғни рак ауруын, әлем әлі толық емін таппаған қант диабетін, ақ қан ауруын емдейтін шөптік ұнтақ жасайтын жан.

 

Күніне мыңдаған адамды қабылдайды

 

Нараяна Муртидың алдына күніне мыңдаған адам барады екен. Ол туралы деректі фильм түсіруге Еуропадан арнайы барған топ емші шалдың екі күнде 2300 адамды қабылдағанын көргенде мұны әлемдік сенсацияға балапты. Себебі Үндіс­танның бір бұрышында тұратын, қарапайым ғана тіршілік кешетін шал берген қоспалы ұнтақ өкпе рагі, асқазан рагі, ақ қан ауруы сынды дерттерге шипа екен. Онда кезекте тұрғандар Нараяна Мурти берген дәрілік ұнтақты ішкеннен кейін әлгіндей ауруға душар болған туысының (әлде бауырының) ауруының беті қайтып, көрсеткіштері жақсарып, өмір сүруге мүмкіндік алғанын айтқан.

 

Иә, адам айтса сенгісіз жағдай. Ауру меңдеп, үміті өше бастаған мыңдаған жанның шырағын қайта үрлейтін оқиға. Бірақ көзбен көрмеген соң көбіміздің бұған сенуіміз қиын екені де рас.

 

Десек те Нараяна Муртиге бір емес, бірнеше рет барып, оның өзін көрген, алдында тәуліктеп кезек күткен қалың жұртты көзімен көріп, сөйлескен жан бар. Дана Өмірзақова бізге үндінің атақты емші шалының емдік шөптерінің ғаламаты мен оның алдында кезек күткен жандардың басынан өткен ғажайып оқиғалар жайлы айтып берді.

 

Қатерлі ісікті қайтарады дейді

 

«Нараяна Муртидің алдына бірнеше рет бардым. Бұл кісінің ерекше шөп дәрілері жайлы бұрыннан еститінмін. Менің шет елдің мықты дәрігерлері, мақтаулы клиникаларымен жұмыс істейтінімді білетін бір танысымыз әкесінің өкпе рагі асқынып, дәрігерлер енді көмек бере алмаймыз дегенін айтты. Қиыла өтініш айтқан соң оның медициналық қорытындысының көшір­месін алдым.

 

Тағы бір емделуші анасының асқазанында қатерлі ісік бар деп айтқаны есіме түсті. Олар анасын Алматыда емдетіп жатыр екен. Бірақ диагнозы рак екенін айтпаған. «Қандай емі бар, Дана-ау, сен бір амалын таппасаң, анамыздың жағдайы қиын», – деп жыламсыраған соң Нараяна Мурти туралы айтқан едім. Көп ұзамай қоңырау соғып тұр.

 

«Мынау ғаламат қой! Алла жол берейін деген шығар бізге! Дана, айналайын, саған өтініш айтайын деп отырмын. Ақыры бара жатырсың ғой, бізге қол жалғап жібер», – деп өтінді.

 

Осылай ойламаған жерден екі адамның аманатын арқалап шыға келдім. Негізі Үндістанға басқа жұмыспен: ондағы Еуропамен бірігіп жұмыс жасайтын атақты бір клиникадағы дәрігерлермен тәжірибе алмасу жұмысына бара жат­қанмын. Ол жұмысты бітірген соң Нараяна Муртиге баруыма тура келді.

 

Баратын жол тым ұзақ

 

Осы жерде айта кетейін, бұл өте ауыр жол. Жол ауыртпалығы мен 60 градустағы ыстық та дымқыл ауада тыныс алудың ауырлығы бір бөлек, мұндай сапарға жөн білетін адам бармаса қатты қиналатыны анық. Әрі Делиден ары қарай биік құздың бұралаң жолымен жүрген автобуста көзіңді ашып отырудың өзі қорқынышты. Алты сағаттық жолда жүргізуші сәл қателессе, тар жолдан тайып кеткен автобус құздан төмен құлайтыны белгілі. Ал ұшақпен бару үшін «пересадка» жасалады. Екі ұшақ ауыстыру дегеніңіз қып-қызыл шығын. Ары қарай таксимен тағы біраз жүру керек. Сонда да әлемнің мен деген мықты ғалымдарының өзін таңқалдырған емші шалды көргім келді. Мойнымда екі адамның аманаты тағы бар.

 

Нараяна Муртидың алдындағы кезек шынымен ұзын-сонар екен. Ойпырмай, қай елдің адамы жоқ дейсің ана жерде? Шыбын жаны – денсаулығы үшін адам тау-тас кезіп кетуге даяр деген осы екен.

 

Ақ қан ауруына да шипа болыпты

 

Шет елде жүргенде рең-басы өзімізге ұқсайтын адамды көрсең туысыңды көргендей іштартып тұрасың ғой. Мен де Қырғызстаннан барған әйелмен жақсы тіл табыстым. Күйеуі ішек рагімен ауырады екен. Екінші сатысы дейді. Бірақ анализ көрсеткіштері тез төмендеп бара жатқанға ұқсайды. Диагнозды біле сала ізденіп, баласы келіп, дәрісін әкеткен екен. Соны ішкен соң 70-75% жақсы өзгеріс болған. Араға 50 күн уақыт салып, екінші рет келіп тұрған беті екен.

 

Германиядан келген бір әйелмен сөйлестім. Аудармашы арқылы. Баласы ақ қан ауруына шалдыққан екен. Ол емші шалдың дәріні 40 күнге шамалап беретінін айтты. Ал негізі оның дәрілерін осылай кемінде үш рет ішу керек депті. Қайта-қайта келе алмаймын деп, барлық дәріні бірден беруді сұраған екен, ұзақ сақтаса құрамы бұзылады деп көнбепті. Бірінші берген дәрілерін ішкеннен кейін қандағы ақ түйіршіктер азайып, қан құрамы жақсарған, баласының беті бері қараған. Анализ қорытындыларын көрсетті. Мен жоғары білімді фармацевтпін ғой. Бірінші және кейінгі көрсеткіштерін салыстырдым. Шынында беті бері қараған.

 

Қан құрамындағы ақ түйіршіктер минимум 5 мыңнан 11 мыңға дейін болады. Осы емші шалдың қоспалы ұнтағынан кейін 11 күнде ақ қан түйіршіктері 2.20.000 көрсеткішке дейн азайған. Тағы 11 күнде WBC 1.19.000 азайыпты. Қант диабетінің емін тапқандар қаншама? Мұны көрген соң Нараяна Муртидың шынында ғажап адам екеніне көзім жетті. Әйтпесе әлемнің әр елінен сонша адам ағылып барады ма?

 

Өзі өте қарапайым жан

 

Ол жерде көргендерімді айта берсем бір кітап болады. Алдында адам көп. Кезегім келіп, алдына кірдім. Алпысқа келіп қалған жан екен. Өте қарапайым адам. Біздің дәрігерлер, тәуіптер сияқты әр адамды сағаттап сөйлетіп отырмайды. Алдына кіресің, қағазыңды көрсетесің. Соған қарайды да, тез арада дәрісін дайындайды. Шикізаты жапсарлас тұрған бөлмеде тұрады екен. Ол таулы аймақта, табиғаты өте таза, биік-биік ағаштар, біздер өмірімізде көрмеген өсімдіктер өсетін аймақта тұрады. Емдік дәрі, ағаш қабығы, тамыры, сабағын өзі жинайды дейді. Бұрын адамдарға ағаш қабығын, дәрісін ірі, бүтін күйінде беріп келген екен. Оны әр адам ішетін кезде өзі ұнтақтап, дайындайтын болған. Қазір ұнтақтап, бірден дайын етіп береді. «Мынаны мынанша күн, былай ішесің, мынадай тамақ ішпе, былай күтінуің керек» деп қысқаша нұсқау береді. Осылай тез қимылдауының арқасы ғой, күніне мыңдаған адамды қабылдайды.

 

Мен түнгі сағат екіде кезекке тұрғанмын. Ол таң қылаң бергеннен қабылдайды. Кезегім түс ауа сағат 5-терде жетті. Екі адамның аманатын алдым да шықтым. Мәскеуде оқыған, орысшаны өте жақсы білетін «помогайка» – аудармашы жалдағанмын. Сол арқылы біраз сөйлесіп, шөп дәрілерінің кереметін, құрамын білгім келген. Бірақ оның әр адаммен сөйлесіп отыруға уақыты да, құлқы да жоқ екен.

 

Ата кәсібі көрінеді

 

Ал енді елге келген соң уайым күшейді. Жалғанда біреудің аманатын арқалап, үмітін ақтамау деген өте қиын нәрсе ғой. Бірақ мен алғыс алып, үстімнен жүк түсті. Өйткені әлгі кісілердің көрсеткіштері түзелді деген хабар келді».

 

...Дана Өмірзаққызы бізге Үндіс­танның табиғаты, халқының ұстанымы, ерекшелігі, күнкөрісі, басқа да өзі көрген, куә болған көптеген қызықты да таңқаларлық оқиғаларды айтып берді. Бірақ оның бәрін жазу тым ұзақ.

 

«Үндістанда ата-анасы қандай кәсіппен айналысады, балалары басқа мамандық таңдамайды, сол ата кәсіпті жалғастырады. Оларда сондай тәртіп қалыптасқан. Небір ауруға шипа болатын дәрілік ұнтақты әзірлеу емші шалға да ата-бабасынан қонған. Ол ата-бабасының шипагерлік қасиетін жалғастырып келе жатқан жан», – дейді Д. Өмірзақова.

 

Айтуынша, Н. Мурти жайлы аңызға бергісіз әңгіме Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль сынды медицинасын әлем мойындаған мемлекеттердегі ғалымдардың да құлақтарына шалынған. Олар емші шалдың шөптерінің құрамын зертханада тексеріп көрген дейді. Сонда құрамында қатерлі ісік клеткаларын өлтіре­тін қоспалар табылған. Бірақ неге дәстүрлі медицина мұндай дәрі жасап шығармайды, ол жағы бізге жұмбақ...

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ