Тістің саулығын сақтайтын дәрі

13.12.2018
Қаралды: 555

«Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандарына Бауыржан Айтуовтың (суретте) есімі жақсы таныс. Өткен жылдың сәуір айында біз оның тістің бүлінгенін кетіретін тамшы жасап шығарғанын жазған едік. («Тістің құрттағанын кетіретін тамшы». «Ауырмаңыз!» №4(180) 2017 жыл). Сұхбат барысында Бауыржан Әбдіғалиұлы көп ұзамай тағы бір жаңалығымен бөлісетінін айтқан болатын. Сол уәде бойынша біз кейіпкерімізге қоңырау шалдық.

 

 

– Бауыржан, өткен жылы жақсы бір жаңалығымыз бар деген едің. Соны көпшілікпен бөлісетін уақыт болған сияқты.

 

– Иә, шынымен өткен жылы біз тіс кариесінің алдын алатын (яғни профилактика жасайтын), үй жағдайында қолдануға болатын препарат жасап шығаруды жоспарлаған едік. Ол ойымыз жүзеге асты. Препаратты сәуір айында нарыққа шығардық. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл препарат жайлы көп адам біле бермейді. Ал шетелде ол үлкен сұранысқа ие. Оны көбіне Еуропа мен Америка, содан кейін Ресей елдері алып жатыр.

 

– Препарат қалай аталады? Оны кез келген азамат қолдана алады ма? Әлде қолдану үшін міндетті түрде стоматолог кеңесі қажет пе?

 

– Препарат «Іnnodent De-Senz» деп аталады. Оны кез келген адам қолдана алады. Бұл әсіресе жүкті әйелдер үшін өте керек препарат.

 

Тістің сыртқы қабатының зақымдануына ең алдымен оның салқын мен тәтті тағамдарға сезімталдығы (чувствительность зубов) себеп. Уақыт өте келе бұл жағдай кариеске соқтырады. Ал жүкті әйелдердің көбісінде осындай проблема бар. Сондай-ақ оларда жүктілік кезеңінде кальций минералының азаюына байланысты тісте басқа да бүлінулер кездеседі.

 

Балалар үшін де бұл препарат өте маңызды. Қазіргі уа­қытта балаларда кариес ал­ғаш­қы тісінен бастап пайда болып жатыр. Бұған адамның өмір салты (дұрыс тамақтанбауы, табиғи өнімдерді аз қолдануы, фаст-фуд тұтыну, т.с.с.) мен болашақ ананың жүктілігінің өту шарттары (стресс, жүкті­лік кезіндегі аурулар) себеп. Содан қазіргі балалардың көбісі әлсіз эмальмен туылады. Ал «Іnnodent De-Senz» эмальді нығайтады, кариестің ары қа­рай таралуына жол бермейді, сөй­тіп  ананың да, баланың да тісін сақтап қалады. Оны әрбір адам үй жағдайында қолдана алады.  Тек тіске тамыз­ғаннан кейін сілекей тимеу үшін ауызды 5-7 минут ашып отырса болғаны.

 

Емшектегі балаларда да кариес жиі кездеседі. Бірақ 2 жастағы жылап отырған балаға ем жүргізу өте қиын, олар тіс емханаларында да дұрыс ем ала алмайды. Пломба балалардың сүт тістерінде ұзақ тұрмайды, түсіп қала береді. (Ең жақсы және қымбат тіс емханасына барғанмен, мұндай жағдай менің баламда да болды). Енді аналар балалары ұйықтап жатқанда біздің препаратты қолдана алады. Оның дәмі жоқ болғандықтан бала тыныш ұйықтап, өзінің емін қабылдап жатады.

 

– Қарсы көрсетілімі жоқ па?

 

– Ол суда ерітілген ақуыз бол­ғандықтан ауыздың шырышты қабатын қоздырмайды, аллергиялық реакция тудырмайды. «Іnnodent De-Senz» – құрамында табиғи амелогенин ақуызы бар таза өнім. Онда химиялық заттар мен консерванттар жоқ. Оны кариестің бастап­қы кезеңінде, тіс эмалі бүтін болғанмен суық, тәтті және қышқылға сезім­талдық артқанда эмальді нығайту мақсатында қолдану керек. Кари­естің соңғы сатылары – қара дақтар, тесік­тер, орташа кариес және пульпит кезінде қолданылмайды.

 

– Қолдану тәртібіне тоқталыңызшы.

 

– Қорапшада 6 құты бар. Бір құтыда дистелденген су. Екіншісінде оған араластыратын амелогенин ақуызы. Эмальдің сырт бетін тазалайтын микропорекс құтысы тағы бар. Қалған 3 флаконда нано-гидроксиапатит. Бұл эмальді нығайтатын минералдар кешені.

 

Сонымен, бірінші күні алғашқы 3 құ­тыны барлық 32 тіске немесе отбасы мүшелері түгел қолданса болады. Мысалы, өзініздегі сезімтал 3-4 тіске, қал­ғанын балаңыздың тісіне тамызасыз. Бас­тысы – суда еріткеннен кейін препаратты 2 сағат ішінде қолдану қажет. Ертеңінен бастап күн сайын 2-3 ай ішінде қалған 3 наноГАП құтыны қолдану арқылы тауысасыз. Әдетте барлық процедураларды астан кейін, ұйқы алдында, тіс тазалағанан кейін өткізеді. Препарат 3 айға және бір жанұяға жетеді.

 

– Құрамы жөнінде қысқаша айта кетсеңіз.

 

– «ІnnoDent» активті компоненті – амелогенин протеиннің табиғи аналогы. Бұл эмаль құрылуындағы негізгі рөль атқаратын ақуыз. Адамның өсіп-даму ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан тісте амелогенин болмайды. Сондықтан тістің өздігінен қалпына келуі мүмкін емес. «ІnnoDent» препараты құрсақтағы нәресте кезіндегі адамның ағзасында өтетін тіс эмалін жанарту табиғи процесті қайта жаңғыртады. Сонда бұзылған эмаль 1 айдың ішінде барлық морфо-физиологиялық қасиет­теріне сәйкес қалпына келеді, яғни регенерация болады.

 

– Өздеріңіз сынақтан өткіздіңіздер ме?

 

– Дүние жүзі бойынша 200-ден астам тіс емханаларында екі жылдан аса уақыт қолданылып, бастапқы кариес пен тіс сезімталдығын емдеуде жоғары нәтиже көрсетті. Алматыда да кариес профилактикасына бағытталған сынақтар өткіздік. Әртүрлі (2-ден 30-ға дейінгі) жас аралығындағы паци­ент­тердің барлық сау тістеріне бір жыл ішінде әрбір 3 ай сайын қолданып, тиімділігіне көз жеткіздік.

 

Қазіргі уақытта Молдова, Ресей, Украина елдерінде біздің дистрибьюторлар бар. Америка мен Еуропадан жеке тұлғалар мен дәрігерлер тікелей тапсырыс беріп жатыр. Сауд Арабиясы да қызуғышылық танытып отыр.

 

– Айтпақшы, препарат қай елде жасалады?

 

– Компания мен препарат патенті Қазақстанда тіркелген. Қорапшасын Қазақстанда жасаймыз. Шикізат­ты – препарт компоненттерін Германия, Швейцария және Англиядан аламыз. Біздің тапсырыспен «Іnnodent» препаратын өндіріп жатқан компаниялар барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

 

– Бағасы қанша? Ниет еткендер оны қайдан ала алады?

 

– Біздің «de-senz.com» сайтымыздан тікелей тапсырыс жасауға болады. Бағасы 33 мың теңге. Ал «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандарына 30% жеңілдік ұсынамыз. Оны «Auyrmanyz» промокоды арқылы, яғни «de-senz.com/dіscount/Auyrmanyz» арқылы ала алады. Сондай-ақ Шымкенттің бірқатар тіс емханаларында «Іnnodent Repaіr» препараты қолданылады. Клиникалар тізімін біздің сайттан табуға болады.

 

– Өздеріңізден кеңес аламын деушілер болса...

 

– Инстаграмда менің жеке парақшам (baur_aіtuov), компанияның жеке парақ­шасында (іnnodent.net/ru/fad) дайын сұрақ-жауап бөлімі бар. Бірақ тікелей сөйлесемін деушілер компания директорының орынбасары Әсел Буленоваға 8-701-797-07-66 нөмірі арқылы хабарласса болады.

 

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ