Ағза мүшелері қалай қартаяды?

06.11.2019
Қаралды: 161

Ішкі дүниеңізде не болып жатқанын біліп, сезініп, оған қамқор болу үшін мұны біле жүргеніңіз оңды деп ойлаймыз.

 

Ми: 20 жыл. Адам дүниеге келгенде жүйке жасушаларының саны 100 миллиард шамасында болады. Ал 20 жастан әрі қарай,  жас ұлғайған сайын адамның ми жүйке жасушаларының саны бір­тіндеп азая бастайды. Сөйтіп 40 жасқа барғанда жүйке жасушаларынан күніне 10 мыңы азайып отырады. Жасушалар адамның есте сақтау қабілетіне, ортаға бейімделгіштігіне және мидың қызметіне ықпал етеді. Сондықтан орта жастан асқаннан кейін адамның есте сақтау қабілеті төмендейді.

 

Өкпе: 20 жыл. Адамның өкпесі де 20 жасқа дейін даму, қалыптасу, тамаша қызмет ету сатысында болады да, одан кейін бір­тіндеп қартая бастайды екен. Ал 40 жасқа барғанда тыныс алуды меңгеретін бұлшық еттер мен кеуде қуысы қатайып, өкпенің қо­зғалысы қиынға түседі. Содан өкпенің өміршеңдік қуаты әлсіреп, шаршау, алқыну секілді жағдайлар көбейе бастайды.

 

Тері: Адам терісінің өмір жасы – 25 жыл екен. Одан кейін коллагеннің бірігу жылдамдығының төмендеуіне, серпімділік қасиетіне ие ақуыздар санының азаюына байланысты ол да қартаю ке­зеңіне көшеді.

 

Бұлшық ет: 30 жыл. Осы жасқа дейін адамның бұлшық еті бірде жетіліп, бірде солып, өзгеріп отырады. Яғни адамның өмір салты мен болмысына байланысты өзгереді. Ал одан кейін бұлшық еттің жетілуінен гөрі солу қарқыны тездейді де, келесі онжылдықта 0,5-2 пайыз жылдамдықпен азаяды.

 

Шаш: 30 жыл. Шаштың жылтырап, төгіліп, жаңарып тұруы 30 жасқа дейін қарқынын жоғалтпайды. Түскен әрбір тал шашты жаңасы алмастырып отырады. Ал 30-дан кейін жаңадан өсіп шыққан шаштар бұрынғысынан жіңішке болады. Ары қарай жас ұлғайған сайын меланин жасушаларының өміршеңдігі төмендеп, шаш түсі өзгере бастайды, жай өседі, жіңішке, төзімсіз болады.

 

Жыныс бездері: 35 жыл. Әйелдердің де, ер адамдардың да балалы болу қабілеті 35 жастан асқан соң төмендей бастайды. Әйелдерде ол аналық тұқым жасушасының аза­йып, сапасының төмендеуіне байланысты. Өйткені бұл кезде жатыр қабығы жұқарып, аталық ұрықты қабылдай алмау, аталық жыныс жасушасына қарсы тұру құбылысы пайда болады. Ал ерлерде аталық ұрық сапасының төмендеуі жұбайының түсік тастауына себепші болады.

 

Сүйек: 35 жыл. 25 жасқа дейін адамда сүйек тығыздығы үздіксіз жоғарылайды. Ал 35 жас шамасында сүйек заттары жеміріліп, қартаю барысына өтеді. Сүйек тығыздығының төмендеуі бойдың аласаруы, омыртқа аралығындағы сүйектің солуы мен сынуына себеп болады.

 

Көз: 40 жыл. Жастың ұлғаюына байланысты көз маңындағы бұлшық еттер жансызданып, көз қуаты төмендейді. Содан 40 жастан асқан соң адам жақын аралықты көре алмайтын болады.

 

Жүрек: 40 жыл. Ағзаның қартаюына байланысты жүректің бүкіл қан тасымалдауы төмендейді де, қан тамырлары серпімділіктен айырылып, күре тамырлар қатаяды, түрлі кедергіге жолығады. Сөйтіп ерлер – 45 жасқа, ал әйелдер 55 жастан асқанда жүрек ауруына шалдығу қаупі жоғарылайды.

 

Тіс: 40 жыл. Адамдар қартайған кезде одан бөлінетін сілекей азаяды. Негізі сілекей бактерияларды өлтіреді. Ал ол азайса, тіс пен қызыл иек босайды. Мұндай құбылыс 40 жастан асқанда көп кездеседі.

 

Бүйрек: 50 жыл. Қандағы жарамсыз заттарды ығыстыратын бүйректің жұ­мысы 50 жастан кейін әл­сірей бастайды. Соның се­бебінен осы жастан кейін адамда дәрет жиілейді.

 

Қуықасты безі: 50 жыл. Жас ұлғаюына байланысты қуықасты безі үлкейеді де, кіші дәреттің келуі жиі­лейді. Өйткені қуықасты безі аталық без гормонын көп мөлшерде сіміріп, қуық түбі жасушаларының өсуін тездетіп, қуық түбі безінің ұлғаюын тудырады.

 

Ішек: 55 жыл. Егер ішектегі пайдалы, пайдасыз бактериялар саны тепе-теңдікті сақтаса, ол ішек ақаусыз есептелінеді. Дегенмен 55 жастан асқан соң асқазан, ішек жұмысы тежеле бастайды, содан қартаю басталады. Ішек жолындағы өзгерістер пайдалы бактериялардың өмір сүруіне тиімсіз болғандықтан олар азаяды. Бұл құбылыс әсіресе тоқ ішекке қатты әсер етеді. Жастың ұлғаюына байланысты асқазан, бауыр, ұйқы безі, ішектердің ас қорыту сұйықтығының қозғалысы баяулайды.

 

Құлақ: 55 жыл. Негізі құлақ ішіндегі жіңішке жасушалар дыбыс тер­белісін қабылдап, оны үлкен миға жеткізіп тұрады. Ал 55 жастан соң бұл жасушалар азаяды да, есту қабілеті нашарлай бастайды.

 

Тіл және мұрын: 60 жыл. Адам тілінде 10 мыңнан астам дәм сезгіш жүйелер болады. 60 жасқа қарай оның жартысы азаяды. Содан дәм сезу қабілеті төмендей бастайды. Ал мұрын қуысындағы осындай өз­герістер иіс сезу түйсіктерінің қартаюын тездетеді.

 

Қуық: 65 жыл. Адам қартайғаннан кейін аналық және аталық гормонның қабілеті төмендеп, несеп жолындағы тіндер жұқарып, қуатынан айырылады. Ал қуықтың сыйымдылығы жарты есеге төмендейді. Содан дәретке бару жиілейді, әсіресе бұлшық еттің созылып, жиырылғыштығы төмендеуі қуықтағы несептің түбегейлі шығарылуына бөгет жасайды.

 

Кеңірдек: 65 жыл. Жас ұлғая келе көкіректегі жұмсақ тіндердің әлсіреуі дыбыстың тұнықтық дәрежесі мен сапасына әсер етеді. Содан әйел­дердің дауысы қарлығып шықса, ерлердің дауысы біртіндеп әлсірей береді.

 

Бауыр: 65 жыл. Адам ағзасында қайта қалпына келе алатын жалғыз мүше – бауыр. Тіпті ота арқылы жартысы алынып тасталса да ол үш айда толық қалпына келе алады. Сондықтан оның қартаюға қарсылық қуаты күшті, дегенмен 65 жастан кейін оның да жұмысы әлсірей бастайды.

 

...Ағылшын ғалымдары адамның ағза мүшелері осылай, өзінен бұрын қартая бастайтынына көз жеткізген. Жалпы, қарттық осыдан бастау алатыны түсінікті. Дегенмен ағзаны қажетті витаминдермен толықтырып отыру олардың жұмысына өте көп жеңілдік береді екен. Олай болса, ағзаңыздың, сол арқылы өзіңіздің жастық қалпыңызды сақтауға бүгіннен бастап кіріскеніңіз жөн шығар.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ