Батуханның суреттері – Бішкекте

20.09.2016
Қаралды: 1721

Өткен аптада Біш­кек қаласындағы Га­пар Айтиев атындағы Ұлт­тық өнер мұра­жайында шымкенттік суретші, 

Қазақстанның мәдениет қайраткері Батухан Байменнің «Көшпенділер және номадтар» деп ата­латын жеке сурет көр­месі ашылды. Көрме Қырғызстанда өткізіл­ген ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының жабылу күні­не тура келіп, маз­мұндық үйлесімін тапқандай болды. 

Қазақстан және Қырғыз республикалары тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмеге суретші қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін бейнелейтін 100-ден астам туындыларын алып келіпті. Қылқалам шеберінің осы еңбектері және Абай өлеңдерінің, Шыңғыс Айтматовтың әңгіме-повестерінің әсерімен айшықталған суреттері қырғыз көрермендердің қызығу­шы­лығын туғызды.

Сондай-ақ график-суретші Б.Байменнің көшпенділер тұрмысының әр алуан көріністерін қамтыған шығармалары, атап айтқанда, «Қыз қуу», «Бүркітші», «Аударыспақ», «Бәйге» кескіндемелері  көшпенділер ойындарын елестетсе, «Ұмай ана», «Аттила», «Оғыз қаған» шығармалары көшпенді еліміздің тым әрідегі тарихына жетелейді.

«Бұл – менің Қырғызстанға шығармашылық ниетпен келген екінші сапарым. 1989-жылы осы Емен саябағында ұйымдастырылған көрмеге қатысқан едім. Енді араға 27 жыл салып қырғыз жұртшылығымен тағы да қауышып отырғаныма қуаныштымын. Көрме 25-қыркүйекке дейін жалғасатын болады», – дейді Батухан Баймен.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ