Коронавирус: Дерт белгісі бірден біліне бастайды

13.03.2020
Қаралды: 351

«Әлемде пневмонияның жаңа түрі – коронавируспен күресу жалғасуда. Осыған байланысты қазақстандық мамандар 3000-нан астам адамның өмірін алған инфекция жайлы 15 жаңа дерек ұсынды» деп жазады «Нұр.кз» сайты.

 

Қазақстан денсаулық сақтау минис­трлігі тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті емі табылмаған вирус жайлы тың ақпаратпен бөлісті. Жазба ведом­ствоның «K Telegram» арнасында пайда болды.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы мамандары Пекин, Ухань, Шэньчжэнь және Гуанчжоу мен Чэнудуді аралай келе, коронавирусқа байланысты Қытайда қалыптасқан жағдайды зерттеп, жаңа деректерді анықтаған.

 

1. Коронавирус науқаспен тығыз байланысқанда ғана жұғады. Сондықтан көп жағдайда инфекция анықтал­ған науқастың жанұя мүшелері де дертке шалдыққан.

 

2. Қазіргі уақытқа дейін  клиникалардың 2055 медқызметкері вирус жұқтыр­ған.  Бірақ олардың көбіне инфекция үйде немесе эпидемия басталған сәтте жұққан. Ал ол уақытта алдын-ала сақтану шаралары қолданылған жоқ.

 

3. Науқастар  орташа есеппен 14 күн бойы ауырған. Ал ауыр жағдайда мерзім 3-тен 6 аптаға дейін созылған.

 

4. Соңғы ақпараттарға сәйкес, Хубэй провинциясында коронавирус жұқтырғандар саны 65 мыңнан асқан.  Оларға көмек көрсету үшін 40 мың медицина қызметкері жіберілген.

 

5.  Қазіргі уақытта кеселді жаңа жұқтыр­ған науқастарды  45 клиника қабылдайды. Олардың алтауында жағдайы аса ауыр адамдар емделіп жатыр. Ал қалғандарында жағдайы ауыр және жасы 65 жастан асқан адамдар ем қабылдауда.

 

6. Қытайда апта сайын  коронавирус диагностикасы үшін 1,6 миллион жиынтық әзірленуде.  Аталған тест ауруды бір күн ішінде анықтауға мүмкіндік береді.

 

7.  Мамандар ақпарынша,  адамның ауру жұқтырғанын алғашқы күні-ақ білуге болады. Себебі қауіпті дерт белгілері бірден көріне бастайды. Ал кеселдің ешқандай белгісіз өрбуі – сирек кездесетін жағдай

 

8.  Коронавирус белгілеріне  дене қызуы, жөтел, қақырық бөлінуі, ентігу және бас пен бұлшық еттің ауыруы  жатады. Одан бөлек,  тамақтың ауыруы мен қалтырау, жүрек айнуы мен диарея  да коронавирус белгілері. Ал  жеңіл тұмау – ауру нышаны емес.

 

9. Бүгінде жаңа вирустың өлім па­йызы 3,4 % болып отыр. Көбіне коронавирус құрбанына денсаулығында ақауы бар адамдар айналған. Мәселен, қайтыс болғандар арасында  қан қысымы  және  қандағы қант мөлшері жоғары адамдар, сондай-ақ  жүрек-қан тамырлары аурулары  мен  респираторлық сырқаттардан  зардап шегіп жүргендер де бар.

 

10.  Қытайлық мамандар қауіпті дертті жеңу үшін емдеудің түрлі тәсілдерін тексеріп көрді. Бүгінде олардың ішінде ең тиімді түрін өндірісте қолдану арқасында өлім деңгейі төмендеп келеді.

 

11.  Коронавирусты 40 жастан ас­қандар көп жұқтырған. Ал жастарда инфекция қабылдау ықтималдығы төмен.

 

12.  Мамандардың дерегінше, нау­қастар арасында еркектер мен әйел­дердің үлесі тең деуге болады. Бірақ қауіпті вирус құрбанына ер-азаматтар көп айналады. Ал вирус жұқтырған  жүкті келіншектер дүниеге дені сау сәби әкеледі.

 

13.  Мамандар әлі де ауру адамдар­ға жануарлардан жұқты деген нұсқаны ұстанып отыр. Себебі ол генетикалық тұрғыда жарқанат пен панголинде тіркелген коронавирусқа ұқсайды. Алдын-ала болжам бойынша, инфекция мутацияға ұшыраған.

 

14.  Қаңтар айының соңында вирус жұқтырғандар саны азайып бара жат­қаны белгілі болды. Оған дейін күн­делікті орташа есепте 3000 жағдай тіркеліп  отырған еді. Бүгінде аталған көр­сеткіш  329 адамды  құрап отыр.

 

15. Қытайда тараған коронавируспен күресу шараларына сәйкес, мамандар науқастар арасында сауалнама жүргізіп, олардың соңғы уақытта кіммен байланысқанын анықтады. Артынша аты аталған азаматтардың  барлығы тексерістен өтті.

 

Мамандардың айтуынша, науқаспен сөйлескенде  ауру жұқтыру ықтималдығы 1-5 пайыз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ