Әжелер әскери бөлімде дастархан жайды

10.03.2020
Қаралды: 185

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі наурыздың алғашқы аптасында  қаладағы №6698 әскери бөлі­мінде «Әже дәмі» атты іс-шара өткізді. Онда Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасы сарбаздарға дастархан жайып, ас берді.

 

Әскери бөлімнің асханасындағы ұзыннан ұзақ жайылған бұл дастархан қазақтың ұлттық тағамдарына толы болды. Сонымен қатар, сарбаздар үшін арнайы ет асылып, ортаға қойылды.   

 

Шымкент қалалақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай мырза бұл шараның мақсатын былай деп түсіндірді: «Біздегі әскери бөлімде қызмет етіп жатқандардың бірі батыстан, бірі шығыстан, бірі солтүстіктен келгендер. Олардың әрбірі ауылын, аналарының тағамын сағынады. Сондықтан сарбаздарға үй тағамдарынан дәм татсын деп дастархан жайып отырмыз. Бұл – жастарымызға деген аз да болса қамқорлық».

 

Біз әжелер алқасының төрайымы Шарапат Қожахметқызын да сөзге тарттық.

 

«Негізі «Әже дәмі» шарасын жыл сайын ұйымдастырамыз. Ол әртүрлі бөлімшелерде өтеді. Бүгін де бөлімше басшылары осында әскери бөлімнің ең үздік 40 сарбазын жинап отыр. Мұны әдейі Алғыс айту күнімен орайластырып отырмыз. Осындай ұлдарды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, гарнизон басшыларына рахмет дегіміз келеді. Мұндағы дастархандағы дәмнің бәрін өзіміз үйден дайындап әкелдік. Соның ішінде құрт та, ірімшік те, сүзбе де, жент те, тары да, қазы да, тіпті туралған нарын да бар. Сарбаздар ұлттық тағамдарымыздың құндылығын ғана емес, әр облыстан келген ұландар Шымқаланың қонақжайлығын да ұғынуы керек», – дейді ол кісі.

 

Осы шараға қатысқан «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев та сөз алып, шараның маңызы туралы ой білдірді.

 

«Қазір заман әрқилы болып тұрғанда әскери бөлімшеден қашып кетіп, өз-өзіне қол салып жат­қандар бар. Осы сияқты келеңсіз көріністер болмас үшін мемлекеттің қамқорлығынан тыс, қоғамдық ұйымдардың да қамқорлығы болу керек. Соның бірі – осы ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасы осылайша жастарға қамқорлық жасап, өзде­рінің аналық мейрімдерін көрсетіп жатыр», – дейді ол.

 

Шара барысында сарбаздар ғана емес, «Достық» әжелер тобы да өз өнерлерін ортаға салды. Абайдың өмірі туралы айтылып, қара сөздер оқылды. Сонымен қатар топпен де, жекелеп те ән шырқаған әнші әжелерге сарбаздар шапалақ ұрып, ерекше қолдау-қошемет көрсетті.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ