Түркістанның жағымды жаңалықтары

09.03.2020
Қаралды: 215

Лимон өсіріп, миллионер атанды

 

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Атамекен ауыл округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы өткен жылы 10 соттық лимон бағынан 5 тоннаға жуық өнім алған еді. Жиналған өнімнің әр килосын 800 теңгеден саудалап, 5 миллион теңге пайдаға кенелген.

 

Биыл шаруа қожалығы лимон бағының көлемін тағы да 10 соттыққа ұлғайт­ты. Қазір мұнда көшеттер топыраққа отырғызылып, күтіп-баптауға алынған.

 

«Лимонның көшеттерін 2016-жылы Өзбекстаннан алдырттық. Жылыжай құрып, үшінші жылы 3 тонна, ал биыл 5 тонна өнім алдық. Әр түп шамамен 30-40 килодан өнім берді. Негізінен әр түп лимон 25-30 жыл өнім беруге қауқарлы», – дейді жылыжай бағбаны Юлдаш Аблазов.

 

Жалпы, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына – шабдалы, 20 соттығына – жүзім, 20 соттығына – лимон және 80 мың түп шайлы роза көшеттері егіліпті. Қожалық төрағасы Мұрат Жұмабеков алдағы жылы лимон көлемін тағы да 30 соттыққа арттыруды жоспарлап отыр.

 

Айта кетерлігі, бұл қожалық тәжірибе ретінде 2 гектар жерге құрма еккен. Алайда сауысқан құсы дақылдың бұл түрінің өсуіне айрықша кедергі келтіріпті.

 

Тауық фермасы іске қосылды

 

Шардара ауданының тұрғындары алдағы айда өздерінде өндірілген сапалы жұмыртқаны тұтынатын болады. Бұл іске Жаушы­құм ауылындағы 5 мың құсы бар тауық фермасы бел шешіп кіріспек ниетте.

 

2019 жылдың қазан айында Жаушықұм ауылының тұрғыны Құралбек Дүйсебаев Талдықор­ған қаласынан 5 мың бас балапан сатып әкеліп, арнайы қорада кү­тіп-баптаған. Сол балапандардың басым бөлігі енді бірер күнде ал­ғашқы жұмыртқасын бере бастамақ. Шаруа күніне шамамен 4,5 мың дана жұмыртқа аламыз деп жоспарлап отыр.

 

«Бүгінде Шардара ауданына жұмыртқа сырт аудан, қалалардан тасмалданады. Тіпті еліміздің өзге облыстарынан да әкелінеді. Яғни сұраныс мол. Бізге осы жайт ой салып, жұмыртқа өндіру бағытында жеке бизнесімізді бастап көрмекке ниеттендік. Былтыр 5 мың тауық әкелгенбіз, алдағы шілде айында оның қатарын 10 мың басқа жеткізсек деп отырмыз», – дейді «Жаушы­құм-құс» серіктестігінің басшысы Қ.Дүйсебаев.

 

Кәсіпкер жігіт дәл осындай тауық фермасын көрші Арыс қаласының Ақдала ауылында да салып жатыр. Енді бірер айда 10 мың бастық тауық фермасы Арыс қаласында да іске қосылады.

 

Әлеуметтік көмектің игілігін көруде

 

Жетісай ауданындағы Атамекен ауыл округіндегі Жемісті ауылының тұрғыны Ербол Исхақов – 5 баланың әкесі. Бүгінде жары Гүлсінай екеуі ауылдағы ескі мектептегі жатақхананың екі бөлмесінде тұрып жатыр. Әйелі жұмыссыз, үй шаруасы мен бала күтімінде. 2010 жылы отау көтерген олар атаулы әлеуметтік көмек алмай жүргенде қатты қиналғандарын жасырмайды.

 

«Тапқанымыз күнделікті шай пұлдан артылмайтын, былтырдан бастап үйімізге береке кірді», – дейді отағасы. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 500 мың теңгеге жуық қаржы алып, өзінің армандап жүрген дәнекерлеу аппаратын барлық керек-жарағымен сатып алыпты. Бүгінде ол ауыл тұрғындарынан түрлі тапсырыс қабылдап, аула қақпасын, жиһаздарын жасаумен айналысады. Тіпті үй ішіне кәріз жүйелерін орнатып та табыс табады.

 

«Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өзім көптен бері қол жеткізе алмай жүрген құрал-саймандарымды сатып алдым. Қазір соның арқасында тұрмысымыз түзеліп, табысымыз арта бастады. Айына шамамен 100-150 мың теңге табамын. Мәселен, бір дарбазаны 150 мың теңгеге жасап берсем, кеткен шығыннан бөлек, 50 мың теңгедей табыс қалады», – дейді Е.Исхақов.

 

Ерболдың ендігі арманы – үй ауласынан желімдеу цехын ашу. Ол үшін 1 миллион теңге қажет екен. Жақында Ербол осы бизнес-идеясын іске асырмақ ниетпен Жетісай аудандық кәсіпкерлік палатасына үш айлық оқуға барған. «Егер осы үш айлық оқуға қабылданып, мемлекеттен қаражат алып, іс бастасам, ауылдағы 3-4 жігітті жұмыспен қамтитын едім», – дейді. Сондай-ақ ол ауылдан жер сатып алып, баспана тұрғызуды да жоспарлап отыр.

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ