Биянху деген кім болған?

27.02.2020
Қаралды: 433

Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жайсыз оқиға елдің назарын дүнген ұлтына аударып тұр. Бұған дейін оларға Қазақстанды мекендейтін ұлттардың бірі деп қана қарайтын көпшілік жұрттың көкейінде енді бұлар өзі кім, қайдан келген деген сұрақтар туындай бастады.

 

Бұл ұлттың негізгі атауы – хуэй (хуэйцзу), тарихи Отаны – Қытай. Олар орта ғасырларда Қытайға Ислам дінін апарып, жергілікті қытай қыздарына үйленген, сонда тұрақтап қалған миссионерлерден, сондай-ақ саудагерлерден, әскери адамдардан таралған деп айтылады. Олар Ислам дінінің сунниттік ағымын ұстанады, яғни мұсылман қытайлар. Бүгінде жалпы саны 10 миллион адамнан асады.

 

Хуэйлер бүгінде Қытайдың солтүстік аумақтарында – Шығыс Түркістаннан (Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданы) Бейжіңге дейінгі аралықтағы бірнеше провинцияларда шашыраңқы орналас­қан. Оның себебі – ХІХ ғасырдың орта тұсында хуэйлер сол кездегі  манжұрлар билеген Цин империясына қарсы көтеріліс жасап, жеңілген, көтерілісті аяусыз басып-жаныштаған соң үкімет хуэйлерді бытыраңқы орналастырған. Ал олардың жазалаушылардан қаш­қан бір бөлігі Шығыс Түркістан арқылы Ресей империясына өткен, орыстар оларды қорғап қалған, сөйтіп олар­ға Жетісу өңірінен жер берген. Кейін, 1881-1884 жылдар аралығында Ресей мен Қытай арасында жасалған келісімдер негізінде Жетісуға тағы да мыңдаған ұйғыр мен дүнгендер қоныс аударған. «Дүнген» деген атау оларға содан бері таңылған. Қазіргі Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресей­дің бірқатар аумақтарында тұратын дүнгендер – солардың ұрпақтары.

 

Біз бұл жөнінде газетіміздің өткен жылғы нөмірлерінің бірінде кеңінен тоқталғанбыз. Ал бүгін сол жоғарыда атал­ған халық көтерілісі басшыларының бірі – Биянху жөнінде айта кетуді жөн көрдік. Себебі Алматыда оның атында үлкен көше бар, кей деректерге қарағанда, бүгінде Қырғызстанда Биянхудың тікелей ұрпақтары да тұратын көрінеді.

 

...Хуэйлердің көтерілісі 1862 жылы басталған. Оған манжұрлардың түрлі қысым көрсетуі себеп болған. Көтеріліс Қытайдың орталығындағы Шэньси және солтүстігіндегі Ганьсу провинцияларын қамтыған. Ол өте бір аяусыз, қантөгісті көтеріліс болыпты, екі жақ та бір-бірін аямай қырғынға ұшыратқан. Кей деректерде 8-ден 13 миллионға дейін адам өлген деп айтылады.

 

1870 жылы Шэньсидегі көтеріліс жеңіледі де, манжұрлар бар күшін Ганьсуға аударады. Осы кездерде көтеріліс көсемдерінің бірі – Мұхаммед Аюб Биянхудың аты жұртшылық арасына кеңінен таралған. Орта дәулетті ауыл округі старостасының отбасында туып-өскен ол өзінің ержүректігімен, жоғары ұйымдастыру қабілетімен танылыпты. Оны жұрт «Даху», яғни «Алып жолбарыс» деп атапты.

 

Биянху алғашында партизан отрядын, кейін көтерілісшілердің бүкіл әс­керін басқарған. Манжұрларға мықты соққылар берген, бірақ күші басым үкімет әскерлеріне бәрібір де шамалары жетпей, Шығыс Түркістан аймағына шегінген.

 

Ұзаққа созылған бұл күресте дүн­гендердің өз ішінен сатқын, опасыздар да аз шықпапты. Әсіресе алғашында халық жағында болған бай-феодалдар кейін көп жағдайда қытайлармен ауыз жаласып кетіп отырған. Біраз қолбасшылар рахым етеміз дегеніне сеніп күресті тоқтатқан, бірақ қытайлар оларды да аямапты. Ал Биянху соғысты соңына дейін жүргізе берген. Сондықтан да қытайлар оған қатты өшіккен.

 

Бұл кезде Шығыс Түркістанда да Цин империясына қарсы көтерілістер жүріп жатқан. Биянху бастаған көтерілісшілер енді қытайларға қарсы Шығыс Түркіс­тандағы бір кездері Дүнген сұлтандығын құрған дүнгендермен, Қашқария, Жетішар мемлекеттерін құрған ұйғырлармен бір­лесіп соғысады. Бірақ араларында айтарлықтай ауызбірлік болмағанға ұқсайды. Ақырында көтерілісші дүнгендер жеңіледі, қырғыннан аман қалғандары Ресеймен шекараға қарай шегінеді. Ал қытайлар оларды тұқым-тұяғымен қоса құртпаққа бекінген. Бірақ Биянху бастаған 5 мыңдай халық 1877 жылдың соңында шекарадан өтіп үлгеріпті. Оларды Қытаймен алдағы уақытта болуы мүмкін текетірестерде пайдалануды көз­деген әрі жергілікті мұсылмандардың – қазақтар мен қырғыздардың мұсылмандарды қорғамады деген наразылығын тудырмауды ойлаған Ресей бергі бетке өткен жандарды Қытайға ұстап бермеген. Қытайдың бұған қатысты бірнеше мәрте жасаған әрекеті сәтсіз аяқталған.

 

Ал Мұхаммед Аюб Биянху сол кездері Алматыда (Верный) болып, Жетісу генерал-губернаторынан халқын өз қам­қорлығына алуды өтінген екен. Өзі кейін, 1882 жылы Бішкекте (Пішпек), 52 жасында өкпе ауруынан көз жұмыпты, сонда жерленіпті.

 

Ресей мұрағаттарында қытайлықтардың Биянхуды қалайда қолға түсірмек немесе өлтірмек мақсатта жасаған әре­кеттері жөнінде бірқатар деректер сақталған деседі. Тіпті оның сүйегін қазып әкетіп қорламақ та болыпты. Осыны білген туыстары түрлі сақтық шараларын жасаған. Олардың қабірге Биянхудың мәйіті деп тұлып көмген, қытайдың шпиондары моланы ашып, сол тұлыпты көріп сан соққан кездері де болыпты.

 

Ал Биянху туралы әңгіменің көбі аңыз іспеттес болып келеді. Себебі оған қатыс­ты зерттеулер көп емес, Ресей, Батыс түгілі Қытайдың өз тарихында да деректер аз сақталған. Оның даңқы негізінен халықтың ауыз әдебиеті арқылы таралған.

 

Міне, осындай әңгімелердің бірінде «Биянху жұртты бағындыру үшін өзінің әкесін, әйелі мен балаларын өз қолымен өлтірген» деп айтылады. «Міне, мен өз жақындарымды да аяғаным жоқ, сендер де сөйтіңдер, мен сияқты болыңдар депті» деген сөз бар. Дәл осы аңыз Қытай қазақтарының арасында да ке­ңінен таралғанға ұқсайды.

 

...Тағы да бір айтарымыз, дүнгендер қытай тілінің бір диалектісінде сөйлейді. Олар әу баста жер бөліп берген орыстардан өздерін шашыратпай, белгілі бір аумақтарға қоныстандыруды сұраған екен. Олардың тілегі қанағаттандырыл­ған. Содан бергі 140 жылдың шамасында олардың негізгі бөлігі сол алғашқы иемденген жерлерінде өзге ұлттардан оқшауланып тіршілік етеді. Өзгелермен қарым-қатынаста орыс тілін қолданады. КСРО ыдырағалы бері Қытаймен арада қатынастары тереңдеп, балаларын өз­дерінің тарихи Отанындағы жоғары оқу орындарында көптеп оқытып та жүр. Сондай студенттердің қатарында жоғарыда біз сөз еткен әйгілі Биянхудың шөбере-шөпшектері де бар деседі.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ