Қордай оқиғасы: кінәлілер анықталуда

24.02.2020
Қаралды: 215

Ақпан айының басында Жамбыл облысының Қордай ауданында тұрғындар арасында қанды қақтығыс орын алғаны мәлім. Оқиға Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және Бұлар батыр ауылдарын қамтыған болатын.

 

Бүгінде осы оқиғаға қатысты тергеу-тексерулер жүріп жатыр. Оған байланысты көптеген адамдардан жауап алынуда, бірақ әзірге олардың нақты саны айтылып жатқан жоқ.

 

Бұл оқиға кезінде 11 адамның қаза болғаны, 100-ден астам адамның жараланғаны, 20 мыңнан астам адамның Қырғызстанға қашқаны белгілі. Одан бөлек, көптеген үйлер, ғимараттар мен автокөліктер отқа оранған.

 

Осындай қантөгіске байланысты әзірге 90-ға жуық іс қозғалып, жүздеген адамдардан жауап алынғаны туралы Ішкі істер министрлігі мәлім етті. Қылмыстық Кодекстің «жаппай тәртіпсіздік», «адам өлтіру», «тонау» баптары бойынша істер қозғалған.  Қазақ қарияны жазықсыз соққыға жығып, қазақ пен дүнген ұлты өкілдерінің арасында қақтығыс өрбуіне себепкер болған, сондай-ақ полицияға бағынбай, жанжал шығарған дүнген ұлтының өкілдері ұсталып, қамауға алынған. Полициямен жағаласып жүргендер бір үйдің адамдары, ағайынды үш азамат екен, фамилиялары – Воингуй.

 

Әзірге белгілі болып отырғаны осы. Тиісті органдардың мәлімдеуінше, Қордайда қозғалған қылмыстық істер көп, оған күн сайын жаңасы қосылып жатыр. Тергеулер жалғасуда. Басқадай  ақпарат айтылмайды. Ішкі істер министрлігі өкілінің сөзіне қарағанда, «арандатушылар мен жанжалды қоздырушылар ізделіп», айғақтар мен дәлелдер жинастырылып жатқан сыңайлы. Тиісті орындар ештеңенің де құпия қалмайтыны, кейін жарияланатыны жөнінде айтуда.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ