Кытай індеті Қазақстан экономикасына қандай қауіп тудыруы мүмкін?

13.02.2020
Қаралды: 194

Тек Қытайда ғана емес, одан басқа да бірнеше елдерге тарап үлгерген коронавирус дертінің емі әлі де табылмай тұр. Сондықтан бұл індет әлемнің түкпір-түкпірін аралап күн өткен сайын өршіп келеді.

 

Бұлай жалғаса берсе оның кесірі Қытайдың ғана емес, Қазақстанның да экономикасына тиюі әбден мүмкін екен. Бұл туралы белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай әлеуметтік желіде былай деп жазған:

 

«Халықты дүрліктірген ең үлкен жаңалық – Қытайдан шыққан індет коронавирус. Бұл жөнінде жазбаған адам қалған жоқ. Бірақ жаңалықтардың барлығы халықтың үрейін қашырғаннан басқа еш пайда әкеліп жатқан жоқ. Сондықтан мен осы оқиғаның тетігін зерттей келе ішіндегі ең маңызды қорытындысын ғана айтайын.

 

Бірден айта кетейін, мен дәрігер емеспін. Медицина саласына еш қатысым жоқ. Мен бұл індеттің бізге деген экономикалық және саяси зардаптарына тоқталып өтейін. Өйткені бұл медициналық қауіптілігінен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

 

Кейінгі күндердегі экономикалық жаңалықтар­ға назар аударар болсақ, соғыс майданының жаңалықтары секілді. Қытай құнды қағаздар нарығы құлдырап, төмендеп бара жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша осы індеттен Қытай экономикасының жалпы ішкі өнімі кем дегенде 1-1,5 пайызға түседі. Ал Қытай экономикасы тежелсе, онда ол әлем экономикасына өте қатты әсер етеді.

 

Ең бірінші негативті әсер алатын нәрсе – ол мұнай бағасы мен металдар бағасы. Қаңтардың ортасынан бастап коронавирус індеті бастал­ғаннан бері әлемдік құнды қағаздар нарығы мен шикізат биржалары құлдырауда. Мұнай бағасы 20 пайызға түсіп кетті. Мыс бағасы 15 пайызға түсіп жатыр.

 

Кейінгі 100 жылдық тарихи статистиканы алатын болсақ, экономикалық дағдарыс әр 7-9 жыл сайын болып отырады. Ал соңғы 2008 жылдың дағдарысынан кейін 10 жылдан астам уақыт өтті. Соған қарағанда, әлем тағы да кезекті дағдарыс­тың алдында тұрғанға ұқсайды.

 

Егер мұнай бағасы 40 доллардан төмен түсіп кетсе, онда Қазақстан бюджетінің ахуалы күрт нашарлап кетеді. Ал егер Қазақстан бюджетінің тең жартысы әлеуметтік шығындарға кететінін ескерсек, онда Үкіметтің өз әлеуметтік міндет­темелерін орындауға қаражат таба алатына үлкен күмән бар. Ал Үкімет қаражатты қайдан табады? Әрине, сіз бен біздің қалтамыздан. Көптеген әлеуметтік төлемдер тоқтатылып, ұлттық валютаны девальвациялауға тура келеді. Ал ол халықтың әлеуметтік жағдайын одан сайын төмендетіп, онсыз да тынышталмай тұрған елдің наразылығын күшейтіп жіберуі мүмкін. Сөйтіп, саяси дағарысқа келуіміз мүмкін. Ал оның аяғы не болатынын бір Құдай біледі.

 

...Бір жерде бір ел «түшкірсе» әлемнің бәрі «тұмауратады». Бұл сөз тек медициналық мағынада емес, экономикалық және саяси байланыс әлемінде тұрып жатқанымызды ескеруіміз керек деген сөз». 

 

Міне, Марғұлан Сейсембай короновирустың осындай қаупін алға тартып отыр. Соған қарағанда, бұл індет әлі де біраз зардабын тигізетін сияқты...

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ