«Жедел жәрдемдегілер» де жалған сөйлейтін болғаны ма?

24.01.2020
Қаралды: 242

«Аяқ астынан жұбайым ыстығы көтеріліп ауырып қалды. «Жедел жәрдем» шақырып едік, екі сағаттан кейін келді.

 

Оған дейін температурасын үш рет өлшедік. Дене қызуы 37-ден 38,3-ке дейін көтерілді. Бірақ жедел жәрдемшілердің «ыстық өлшеуіші» басқа ма, 37,7 деп көрсетіп кетіпті. Мен ыстығын қайта өлшедім. Сол 38,3-ті көрсетіп тұр. Дәрігердің не үшін алдағанын түсінбей далмын».

 

Жақсылық Тұсайұлы деген кісінің желідегі осы жазбасын оқып отырып, менде де осыған ұқсас жағдайдың болғандығы есіме түсіп кетті.

 

Өткен 31-желтоқсан күні анамның қан қысымы жоғарылап, дәрігер осыған дейін жазып берген дәріні тілінің астына қойғанымен тонометр көрсетуі 180/80-нен түспей қойды. Қайта-қайта тексереміз. Ақыры болмаған соң кешкісін «жедел жәрдем» шақырдық. 15-20 минут шамасында ақ халат киген жап-жас жігіт келді. Дереу қан қысымын өлшеп, сұрақтарға жауап алып жатыр. Дәрі берді. Дәл сол дәріні үшінші рет қабылдағалы тұрғанын айтсақ та тыңдай қоймады. Қағаздарын толтырып болған соң қан қысымын қайта өлшеуге кірісті де, «140\80», – деп қысқа қайырды. Арада небәрі 10 минутқа жетер-жетпес уақыт өткен. Анамның гипертониямен есепте тұратынына біраз болғандықтан тонометрді қалай қолдану керектігін, дәрінің әсер ету уақытын түсініп қалған мен әдетте қан қысымының дәрі қабылдағаннан кейін 20-30 минуттан соң ғана ақырындап түсе бастайтынын білуші едім. Таң­ертеңнен бері қалпынан айнымай тұрған қан қысымы әп-сәтте 40 пунктке түсе қалғанына таңданып қалдық. «Қалайша тез?» – деген сұрағыма: «Сенбесеңіз, өзіңіз тексеріп көріңіз», – деп қояды. Сөйтті де, құрал-саймандарын жинап, кетіп қалды.

 

Сәлден кейін анам: «Жүрегімнің қатты соққаны сол күйі басылар емес, дәріден кейін де өзгеріс байқалмады», – деген соң тонометрмен өлшеп байқасақ, тура сол таңертеңгі уақыттағыдай 180\80 болып әлі тұр. Қан қысымы мүлде түспеген. «Жедел жәрдемнің» келуін сұрап, қайтадан қоңырау соқтық. Әлгі бала қайтадан келді. Қайтадан сол процесс. Енді бірден ине салды. Дәл жаңағыдай 10 минутқа жетер-жетпес уақыттан кейін тонометрін қолға алды да: «150/80, түсіп келе жатыр...», – деді құлағындағысын шешіп жатып. Ол кетпей тұрып тексеріп қала­йын деген оймен мен де онымен жағаласып, анамның қан қысымын өлшеп көрсем, төмендеген түгі де жоқ. Айтсам, үндемейді. Сосын: «Түседі, түсіп жатыр», – деген күйі алды-артына қарамастан тайып тұрды. 

 

Ине салғаннан кейін шамамен жарты сағаттай уақытта анамның қан қысымы қалыпқа келе бастады. Тұп-тура Жаңа жыл түнінде әбігер болып қалғанның әсері ме, жаңағы жігіт бағана неге өтірік айтты екен деп ой да кейіннен келе бастады. Оның жалған айтып, жалтаруының себебін де сол бойы түсіне алмадық. Әйтеуір бір нәрсеге асыққаны анық.

 

...Негізі дәл осы жағдайда «Жедел жәрдем» қызметкері науқастың беті бері қарағанша, яғни қан қысымы қалыпқа түскенше қасында бақылап отыруы тиіс емес пе? Медицина қызметкері мұндай кезде пациентінің денсаулығынан ешнәрсені жоғары қоймауы керек қой. Жақсылық мырзаның жазбасын оқығанда бұл да бір көп отырып, уақыт жоғалтпау үшін жасалатын қулықтың түрі ме екен деген ой қылаң берді. Бірақ одан кім не ұтады, түсініксіз.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ