Қазақ елі қай жылдан бастап кедергісіз дамиды?

24.01.2020
Қаралды: 338

Осыдан біраз бұрын мұрағат есебіндегі қағаздарымды реттеп отырып, Ресейден шығатын «НЛО» журналының 2012 жылғы 3-нөмірінде жарияланған «Генерал Мошковтың таңғажайып көрегендік болжамы» атты мақалаға көңіл аударған едім.

 

Ондағы келтірілген деректер кімді де болса қызықтыратын сияқты, сондықтан оқырман назарына ұсынуды ұйғардым.

 

Валентин Мошков бұл болжамын өмірде бол­ған, болып жатқан тарихи оқиғаларға жіті сараптама жүргізе отырып жасаған. Оның болжамынша, ірі болсын, шағын болсын кез-келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінің тарихи айналымы (циклі) тура 400 жылды құрайды екен. Мемлекеттің 400 жылдық тарихи айналымы біткен соң бастап­қы бастау алған кезеңіне қайта оралады. Бұл төрт ғасырды Мошков «алтын ғасыры», «күміс ғасыры», «мыс ғасыры», «темір ғасыры» деп атаған. 4 ғасырлық айналымды 200 жылдан екіге бөлген. Мемлекет алғашқы 200 жылда өседі, өркендейді, күшейеді. 200 жылдың соңында өсіп-өркендеудің, жағдайының жақсы болуының шырқау шыңына көтеріледі. Одан соң біртіндеп құлдырай бастайды да, екінші 200 жылдықтың, яғни тарихи айналымның соңында, бастапқы бастау алған кезеңге қайтып оралады.

 

Осы 4 ғасырдың әр ғасырын 50 жылдан бөліп, әр жарты ғасырдың өзіндік ерекшеліктері болады деп көрсетеді В.Мошков. Яғни ғасырдың бірінші жартысында өсіп-өркендеудің деңгейі төмендей бастайды да, екінші жартысында өркендеу жоғарылай бастайды. Бұл өркендеу деңгейінің төмендеуі, жоғарылауы тарихи айналымның төртінші – темір ғасырында байқалмайды. Бұл ғасырдың екі жартысында да құлдырау сезіледі.

 

Осыған орай В.Мошков Ресей мемлекетінің үш тарихи айналымына сараптама жасаған. Сонда оның өткен екі айналымына қатысты болжамдары дәл келген. Сондай-ақ оның кейбір алып мемлекеттердің соңғы кездегі тарихи айналымына жасаған болжамдық сараптамасы да айтарлықтай тура шыққан.

 

Қысқасы, Мошковтың бұл көрегендік кестесіне қарай отырып мемлекеттің болашағын болжауға болатын сияқты.

 

Мысалы, өзіміздің Қазақстан мемлекетін алайық. Тарихи айналым кезеңінің бастауы 1991 жылдан бері қарай жүруде деп белгілейік. Яғни Мошковтың болжамына салсақ, біз алтын ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп жатырмыз. 2041 жылға дейін әртүрлі келеңсіздіктер, кедер­гілер, өркендеудің жолына тосқауыл болатындай тағы басқа жағдайлар, қиындықтар болуы мүмкін. 2041 жылдан 2091 жылға дейін мем­лекетіміз өркендеудің кедергісіз жолына түседі. 2091 жыл мен 2141 жыл аралығында өркендеу біршама төмендейді де, 2141 жылдан 2191 жыл­ға дейін өркендеу қарқын алады. 2191 жылдары өркендеудің ең жоғарғы деңгейіне жетеміз. Одан соң бір ғасыр жағдайымыз жақсы болады. Айналымның соңғы – темір ғасырында өркендеудің құлдырауын бастан өткереміз де, ғасыр соңында 1991 жылдардағы жағдайларға қайтып ораламыз деуге болады.

 

Әрине, бұл – болжам. Дегенмен ол көптеген мемлекеттердің бастан өткерген нақты тарихи оқиғаларына сараптама жүргізу арқылы жасалған болжам. Яғни оны шындыққа барынша жақын десек, қателеспейтін сияқтымыз.

 

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

Шымкент қаласы.

Жаңабай Төлеуіштің байланыс телефоны: 8-701-553-04-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ