Қытай билігіне тиесілі құпия құжат

17.01.2020
Қаралды: 320

Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы «Қытай билігіне тиесілі» құпия құжат жариялады. «Телеграмма» деп аталатын құжатта Бейжіңнің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жөнінде жазылған.

 

«Құпия» белгісі соғылған құжатта «Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап» деп жазылған.

 

Сондай-ақ АҚШ-тың «New York Tіmes» басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беруі керегі де көрсетілген.

 

Қытай билігі бұл екеуін де жалған  ақпарат деп жариялады. Осыған байланысты Алматыдағы «Атажұрт» бірлестігіне екі рет келіп кеткен Нью-Йоркте тұратын журналист Аустин Рамзи бұл туралы «New York Tіmes» басылымында жазған болатын. «Атажұрт» белсенділерінің бірі Гүлжан Тоқтасынқызы онда жарияланған құпия құжатты қазақ тіліне аударып жариялаған.

 

Онда шетелде тұратын қытайлық демократ сарапшылардың бірі Ли И Пиң Шығыс Түркістандағы мұсылмандарды лагерьлерге тоғытатындай еш себептің жоқтығын және олардың нақты санының қанша екендігін білу қиын екендігін айтқан. Ли И Пиң: «Бір ғана кішігірім Яркин қаласынан бір мезгілде 20 мың адамды лагерьге алып кеткен, – дейді. – Халық саны 25 миллион адамды құрайтын Шыңжаңда тұратындардың 13 миллионы – ұйғырлар. 2017 жылдың басында осылайша 20 мың адамды тұтқындап отырса, одан бергі екі жарым жыл ішінде қаншама адамды тұтқындады деген сөз. Компартияның құпия құжатында: «...Олар исламның идеясымен уланғандар. Егер адам сақал қойса – бұл діни ұшқарылық, егер адам араб тілін үйренсе – бұл діни ұшқарылық, егер адам арақ ішпесе, темекі тартпаса, бұл діни ұшқарылық болуы мүмкін. Егер адам мешіттерде, немесе әлеуметтік ортада тағзым етіп жүрсе – бұл ислам діні белгілері», – деп жазылыпты.

 

Міне, осындай айыптар тағылған мұсылмандар саяси үйрету лагеріндегі барша тәртіпке бағынуы тиісті. Қытай сияқты алып мемлекеттің осындай қысымына көп адамдар төтеп бере алмайды. Олар үйлеріне қайту үшін, тірі қалу үшін, шектеулі болса да мүмкіндік алу үшін жоғарыда айтылғандай айыптауларды «қателігім» деп мойнына алуға мәжбүр. Орталық комитеттің тағы бір амалы – емтихан алу. «Қателігін» осылай мойындатқан соң олардың мойындаған-мойындамағанына тексеру жүргізеді. Сол емтиханнан өтсе ғана үйлеріне қайтады. Ары қарай оларды бақылауға алу жалғасады. Шыңжаңның барлық көшелерінде қойылған камераларда сол адамдардың жүріс-тұрысы, қимыл-әрекеті түсіп отырады. Егер бұл жүйеге қарсы келетін бір адам болса, оның жағдайы тіпті қиын болады. Орталық комитет мұсылмандарды нәсілдік қырып-жойып жатыр.

 

Шын мәнінде Шыңжаңда террористік әрекеттер жоқ, егер ол бар болған жағдайда да саясаттан шыққан мәселе деп білеміз. Шыңжаңдағы терроризмнің түп тамыры –мемлекеттік терроризмде. Бүгінде Шыңжаң халқында қатты өшпенділік қалды. Олар Компартиядан ешқандай үміт күтпейді. Шыңжаңдықтар және ханзу халқы шындықты түгел білуге тиісті».

 

Ли И Пиңнің осы сөздері мен «саяси үйрету ла­герьлеріндегі» жағдайды өз басынан өткізген Шыңжаң халқының айтқаны дөп келіп тұрса да Қытай үкіметі бұл шындықтарды жасырып әлек болуда. Өкінішке орай, оны Қазақстандағы «қытайшылдар» да жасыруға жанталасып келеді. Бүгінгі күнде «саяси үйрету лагерьлеріндегі» әлемге жайылған шындықты барынша жасыруға тырысқан кейбіреулердің Қытайдың сойылын соғып жүргені күннен-күнге расталып келеді. Олар кейбір сұхбат, мақалаларында Қытайдағы этникалық қазақтардың лагерьдегі сұмдық жағдайын жалғанға шығарып, осы күнге дейін ол туралы әлемге жариялап келе жатқан Серікжан Біләшті «арандатушыға» апарды. Оларды «Атажұрт» белсенділеріне және бүгінде халық болып, ел болып Нобель сыйлығына ұсынып отырған Серікжан Біләшқа қарсы қойылған топтар деуге болады. Мұны қазақты қазаққа қарсы қоюдың бастауы деп білеміз. Әлі қанша «қытайшылдардың» жүргенін бір Құдай білсін!

 

Шара ҚҰРБАНОВА.

Алматы қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ