Аманулла Раманқұл: «Кімді әкім, кімді депутат сайлайтынын халықтың өзі шешуі керек»

13.01.2020
Қаралды: 580

Түрлі саяси оқиғаларымен ерекшеленген 2019 жыл артта қалды. 2020 жылы қоғамда қандай өзгерістер болуы мүмкін деген ой бүгінде кімді де болса толғандырары анық. Осы орайда біз кезінде үлкен қызметтер атқарған, облыстық мәслихаттың депутаты болған, қай нәрсеге болса да өзіндік көзқарасын ашық білдіретін азамат Аманулла Раманқұлмен (суретте) сұхбаттастық.

 

– Аманулла аға, өткен 2019 жылға қандай қорытынды баға берер едіңіз?

 

– 2019 жылдың ең үлкен жаңалығы – Президент Н.Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатуы, орнына Қ.Тоқаевтың келуі, кезектен тыс Президент сайлауының өтуі болды. Тоқаев сайлаудың әділ өтеріне кепілдік беремін деді, бірақ ол уәдесінде тұрған жоқ. Мұны халық біледі. Тәуелсіз бақылау­шылар көптеген заң бұзушылықтар орын алғанын айтып, сотқа шағымданған еді, бірақ одан нәтиже шықпады. Өйткені бізде сот билікке тәуелді, ал сот тәуелсіз болмағасын әділдік те болмайды.

 

Дегенмен ең бастысы, халықтың көзі ашылды, кімнің кім екенін көрді. Қазір қарапайым адамдардың өзі саясатқа құлағын түріп, елеңдеп жүретін, тіпті кей жайларды саясатта жүргендерден де артық білетін болды. Халық оянды, саяси белсенділік артты, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын.

 

– Қазір қандай іспен айналысудасыз?

 

– Өткендегі Президент сайлауы кезінде істемей-ақ қояйын, кеңес беріп тұрайын десем де жұрт қоярда-қоймай Қосанов штабының облыс бойынша үйлестіруші етіп сайлады. Қаш­қандай болмайын дедім. Ұйымдастырып бердім, қол қойдырып, жинап бердік. Бірақ сенген адамымыз өзін жеңілдім деп мойындап шыға келді. Егер мойындамағанда қоғамда өзгерістер орын алуы мүмкін еді, жүйе өзгерер еді.

 

Қазір біз «Халық билігі» деген демократиялық партияға көмектесудеміз. Жақында ол құжаттарын тіркеуге өткізді. Саяси партия ретінде тіркеуге алына қалса, биыл Парламент сайлауы болатын шығар, соған қатысады.

 

Бүгінде маған жан-жақтан хабарласып тұратындар бар, пікір алмасып тұрамыз. Жас келген, «пенсиядағы» адамбыз ғой, басқадай істеп жат­қан жұмыс жоқ.

 

– Күнкөріс, тұрмыс-тіршілігіңіз қалай?

 

– Тұрмыс жаман емес. Жалпы, мен жағда­йым қамтамасыз етілген адаммын ғой. Еңбек етіп, өзімізді қамсыздандырғанбыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар.

 

– Сізге саяси оқиғаларға қатысты қандай да бір қысым көрсетушілер жоқ па? Өткенде 50 шақты адаммен бірге полиция­ның тізімінде тұрғаныңызды естіп едік. Оның дұрыс еместігін, заңсыздығын айтып шағым түсіремін деген едіңіздер, ол мәселе не болып жатыр?

 

– Маған айтарлықтай қысым көрсетіліп жат­қан жоқ. Себебі өз басым заңсыз жолмен жүрмеймін, заңсыз әрекет жасамайтын адаммын. Сонда да болса өткендегі сайлау кезінде үйімді торып екі-үш полицей жүрді, оларды қуып жібердім. Кешегі Тәуелсіздік күні қарсаңында да солай болды. Біраз адамдар Желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болғандарға құран бағыштаймыз деп келіскен едік. Полиция бастығы 16-сына емес, 17-сіне шығуға рұқсат етеміз, кімдердің барып қатысатынын айтып, тізімін беріңдер деген екен. Маған да сондай хабар келді. «Енді құран оқытуға да полиция бастығынан рұқсат сұрау керек пе?» – деп айтып жібердім.

 

Содан 16-желтоқсан күні маған да екі полицей келді. Құжаттарын көрсетті. «Қайда барасыз?»  – дейді. Жас жігіттер екен. «Қайда баратынымда жұмыстарың қанша? Құран оқуға барамын. Ал сендер неғып жүрсіңдер?» – десем: «Сізді қадағалауға жіберді», – дейді. «Онда менімен бірге жүріңдер, құранға қатысыңдар. Мұсылман баласысыңдар ғой», – деп екеуін қолтықтап, ертіп алдым.

 

Содан іс-шара өтеді деп келісілген Ілияев пен Рысқұлбеков көшесінің қиылысына барсақ, онда қаптаған полиция жүр. 200-300-дей полицей ол төңіректі бір квартал беріден бастап бақылауға алыпты. Келісілген жерге барғанда бас қосамыз деп уәделескен адамдардың бірін де таппадым. Полиция алдын-ала әрекеттеніп, оларды торып, қақпайлап, үйлерінен шығармай қойыпты. Менің алдымда ол жерге штабтың Шымкент қалалық бөлімінің үйлестірушісі барған екен, оны бірден ұстап, қаланың әл-Фараби полиция бөліміне әкетіпті.

 

Ал маған полиция тимеді. Маған не істейді, заң бұзып жатқаным жоқ. Содан Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарының рухына құран бағыштадым. Сол жерден бала жетектеп өтіп бара жатқан бір жас әйел мен «Азаттық» радиосының тілшісі Диляра Иса ғана тізе бүгіп, әлгі жас бала бар – төртеуміз ғана дұға жасадық. Басқалар біреу суретке, видеоға түсіріп жатыр, біреулер теріс қарап тұр, алақан жайып, бет сипауға да жарамады. «Ау, адамдар, Құдайды да ұмытқансыңдар ма? Еш болмаса, дұғаға қол жаймағандарың қалай?!» – деп қатты кейідім.

 

Сосын үйге қайттым. Адвокат шақырып, полиция әл-Фараби бөліміне алып кеткен жолдасымыздың артынан жібердік. Полициядағылар алғашында ол мұнда жоқ деген екен, кейін үйіне адам жібердік. Не керек, оны полицияда 6 сағат ұстапты. Қолына әлгі 52 адамның аты-жөні жазылған тізімді беріпті. Ішінде митингтерге қатысып жүрген азаматтар бар, қатарына мені де қосып қойыпты. Тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымына қатысы бар дегендей сөздер бар. «ДВК»-ға қандай қатысым барын өзім де түсінбедім. Сол тізімдегі адамдардың бәрін бұдан құлағдар еттік, сосын арыз жазып, адвокатымызға бердік. Ары қарай не болатынын алдағы уақыт көрсетеді.

 

– 2020 жылдан не күтесіз?

 

– Қазір әлемде көптеген өзгерістер болып жатыр ғой. Қазақстан өз алдына тұйық бір аралда тұрған жоқ, сол әлемнің бір бөлшегі. Халық төңіректе не болып жатқанын көріп отыр. 2020 жылды да аман-есен өткерсек, айқай-шусыз, қантөгіссіз түбегейлі өзгерістер орын алса, тәуелсіздігімізді сақтап қалсақ деген ойдамыз. Ал билік бұлайша қыса беретін болса, онда халық көшеге шығып кетеді. Ондайда жағдай бақылаусыз, басқарусыз қалуы мүмкін. Ондай қауіпті жағдай болмасын, мемлекет тыныш болсын деген ой ғой біздікі.

 

Биліктегілер халыққа адал қызмет етуі керек. Партиялардың көбірек болғаны да жақсы. Партия деген – айқайлап-даурығып, әрқайсысы әр жаққа тартатын тобыр емес, ол – қоғамдық бірлестіктің ең жоғарғы сатысы, ұйымдасқан, өзіндік тәртіп-талабы, нақты мақсаты бар топ. Азаматтарымыз бірігіп тірлік істесе, мемлекетке, халыққа қызмет етсе, жүйе тазарса екен дейміз. Бір адамға бағынған партия емес, халыққа, ел мүддесіне қызмет ететін партия құрғымыз келеді.

 

Басқару жүйесі де жоғарыдан тағайындау ар­қылы емес, халықтың өз таңдауы, сайлауы жолымен өзгеруі керек. Кімді әкім сайлайды, кімді депутат сайлайды, мұны халықтың өзі шешуі тиіс. Халықтың айтқаны болуы керек.

 

– Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін сізге алғысымызды білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ