Ақкөңіл, кішіпейіл досым еді

24.12.2019
Қаралды: 303

Ол маған кездескен сайын алдынан әкесі шыққандай жадырап қуанатын. Ақсаңдай басып, алыстан құшағын ашады.

 

«Аяғымның тамырлары тартылып, жақсы жүре алмай қалдым», – дейді бәсең үнмен. «Аяқты қойшы, жүз грамм ішуге шамаң бар ма?» – деймін әзілдеп. «Бар!» – дейді ол қысқа қайырып. «Онда денсаулығың жақсы», – деймін көңілін көтеріп. Ол «Ах-ха!» – деп қолымды қысып, арқамнан қағып, рахаттана күледі.

 

Осыдан үш жыл бұрын «Қазығұрт» мөлтек ауданынан үй салып, көшіп келгенімде: «Сендей досымды Шымкенттің сонау шығысындағы «Отырар» мөлтек ауданынан қаланың қиырындағы осы мекенге әкеліп, онымен тұрмай, менімен көрші етіп қойған Құдайдың құдіретіне ризамын! Сөйлесетін, сырласатын, жаныңды түсінетін замандасыңның болғаны қандай жақсы!» – деп шын қуанып еді, жарықтық. Арамыздағы төрт жас алшақтық еш байқалған емес. Сол бір татулығымыз бен әңгімеміз жарасқан тәтті күндер-ай...

 

Мен оның ақ пейілі мен қарапайымдылығын, кісілігі жоқ кішілігін жақсы көремін. Асықпай-аптықпай, бәсең дауыспен жай сөйлейтін, өте мәдениетті, сыпайы, сызылып тұратын мінәйі мінезін құрметтеймін, қай жаққа барсам да жанымда жүргенін қалайтынмын.

 

Биылғы Қарттар күні қарсаңында мені Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің «Оңтүстік» қабылдау үйінде өтетін салтанатты жиынға шақырды. Мен оған телефон шалып, бірге барайық деп өтініш жасадым. Шақырмаған жерге қалай барам деп қарсылық жасағанына қарамай, сүйрегендей ертіп алып едім. Биылғы 30-қыркүйекте фототілші Асхат Әссандидің «Оңтүстік» қабылдау үйінде түсірген мына суреті екеуміздің ең соңғы жолығуымыз екенін білсемші...

 

Сол досым, қаламы қарымды журналист, бірнеше кітаптың авторы, Жамбыл облысының Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде жауапты хатшы, Түркістан әскери округіне қарасты «Туркестанец» әскери совхозында партия ұйымының хатшысы, Түркістан әскери округінің Ташкент Бас штабында сегіз жыл бойы партия комиссиясының төрағасы, Шымкенттен шығатын «Ақиқат-Истина» газетінде бас редактордың орынбасары, «Замана» редакциясында, «Ғасыр-Ш» баспасында редактор қызметтерін атқарған, Сарыағаш ауданындағы Жаңаталап ауылының тумасы Әбдібек Қоңырбекұлы биылғы 8-қарашада ауырмай-сыздамай, тосыннан бақилыққа аттанып кете барды.

 

Соның алдында үш күн бұрын «Шықсай, «Бекарыс» кафесінің алдында тұрмын», – деп телефон соғып еді. «Жайша ма?» десем: «Бір саптыаяқ сыра ішіп, әңгіме-дүкен құрайық та...» – дейді. «Менің азанымен ондай нәрсе татпайтынымды біліп, жорта шақырып тұрсың, ә?! Түс қайта, сағат төрттерге таман хабарласайық та?» – дедім. «Сенің өстетінің бар енді... Хабарласам деп айта алмаймын», – деді ол.

 

Түс қайта қала орталығына бір жұмыстармен шығып, қайтарда оған телефон соқтым. «Үйге кетіп қалдың ба, сыртта жүрсің бе?» – дегенімде: «Тараз қаласына кетіп барам, үйдегі жеңгең Ботагөздің сіңлісінің күйеуі – бажам қайтыс болыпты», – деп еді. Араға үш күн салып өзінің де дүниеден озғанын естідік қой...

 

Содан бері де қырық күн өте шығыпты. Оның отбасы мен туысқандары 16-желтоқсанда «Қазығұрт» мөлтек ауданындағы «Әсел-ай» дәмханасында еске алу асын өткізді. Бұл күннің тура Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келгенін қараңызшы! «Алдағы тәуелсіздік мерекесінде төрт күн демалыс екен, қалаға түсіп бір қыдырайықшы. Шіркін, сол күні қар жауып тұрса... Тал бұталарының ақ сәукеле қырауға оранып төмен иілгенін, айнала ақ ұлпа көрпе жамылып, тап-таза болып жатқанын жақсы көрем», – дегені есіме түсті.

 

Мереке қарсаңында күн түнере, айнала қарауытып, жауын сіркіреп, табиғат қосыла жылап тұрғандай болды да, арты  жапалақ қарға ұласты. Сол кездегі Әбдібектің сөзін періштелер «әумин» деп қабыл алғандай, Тәуелсіздік күні айнала ақ ұлпа көрпе жамылып, тап-таза болып жатты. Әулие екенсің ғой, асыл досым-ай...

 

«Сенің өстетінің бар енді...» деген сөзі құлақ түбінде әлі сақтаулы тұр. Кейін есіттік қой, тура сол күні жүрегі сездірген бе, кім білсін, біраз ет жақын, араласып жүрген адамдарына хабарласып, жолығып, қоштасқандай болған екен. Сонда мен неге бармай қалдым, «әңгіме-дүкен құрайық» дегеніне неге мән бермедім? Айтатын сөзі болды ма, қайдам-ай, қайдам. Барғанда бір көріп қалар едім-ау деп өкінем көзіме жас алып. Бірі кем дүние-ай...

 

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ