Болай әже 100-ге толды

05.12.2019
Қаралды: 350

Таңертең редакцияға Түлкі­бас аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Роллан Бұғыбаев пен аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция майоры Нұрман Шыңғысбаев телефон шалды.

 

Олар Абайыл ауылында жасы 100-ден асқан Болай Қасымбекова есімді әжей тұратынын айтты. Ол кісіге төлқұжат тапсыруға бірге баруға шақырды.

 

Әрине, мұндай қуанышты жағдай күнде бола бермейді ғой. Біз ойланбастан келісім бердік. Сонымен  теміржолға жақын орналасқан шағын елді мекен – Абайылды бетке алып жүріп кеттік.

 

Ғасырмен жасты кейуананың үйіне барғанда ол кісінің денсаулығы онша болыңқырамай, аздап сырқаттанып қалғанын білдік. Әйтсе де, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші, әжей жайлы талай жәйттің сырына куә болдық.

 

Болай Мәткерімқызы 1919 жылы  Күмісбастау ауылында дүниеге келіпті. Жастайынан зерек Болай білімге құмар болып өседі. Отырықшылыққа ұжымдастыру саясатын, 1930 жылдардағы ашаршылықты өз көзімен көрген ол үлкендерден қалыспай, еңбекке ерте араласыпты. Ауылдағы мектептің 7-сыныбын бітіре сала Ленгірдегі педучилищеде үш ай оқып, 13 жасында Елтай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Көп ұзамай ауыл-аймақ, қала берді, бүкіл теміржол мектептері бойынша озық ұстаз, «Бас­тауыштың Болайы» атанады. 1943-1945 жылдары Күмісбастау ауылындағы бастауыш мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1946-1971 жылдары Абайыл елді мекеніндегі бастауыш мектепте еңбек етіп, зейнетке шығады.

 

Ол 1946 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы басқаратын 19-шы гвардиялық атқыштар полкінің жауынгері болған Нұрлыбай Қасымбековпен отау құрған. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірге он ұл-қыз әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірген.

 

«Біздің үлкен әжеміз Рәзия да, әкеміз де нағыз қолдары ашық, «Атымтай-жомарттардың» қатарынан болатын. Кезінде олар ашаршылықтан қатты зардап шеккен еді. Қораларындағы азын-аулақ уақ малды бата оқырға ырзалықпен апарып, той-томалақтарға таратып, қалған жалғыз сиырын қанағат тұтып жүре берген ғой. Бұған шыдамаған анамыз бір күні белсеніп шығып, базардан бір қара ала құнажын сатып әкеледі.

 

Сол құнажын біздің отбасыға құт болып келді. Мал басы көбейді, сүт-қаймақ, айран-құрт молайды. Қорамыз қойға толды. Жылқы бітті. Ата-анамыз перзенттерін қиналмай оқыта бастады. Мысалы, мен Мәскеуде 11 жыл оқыдым. Студент, ғылыми ізденуші, аспирант дегендей... Ата-анамыз екеуі екі жақтан аянбай әрекет етіп, бізді жас­тайымыздан еңбексүйгіштікке баулыды. Еріншектік, жалқаулық біздің отбасымыздағы онымызға да (екі қыз, сегіз ұл) жат болды», – дейді Мәс­кеудегі  Бауман атындағы әйгілі жоғары оқу орнын бітірген, техника ғылымдарының докторы, профессор, Алматы экономикалық колледжінің директоры Жақсыбай Қасымбеков.

 

Болай әжейдің тұңғышы Перне­айым – ҚазМУ-ді, үлкен ұлы Сәтбай – ҚазПИ-ді, Өсербай – Алматы энергетика институтын, Бақтыбай – теміржол институтын, Нұрия – Ленинградтағы қаржы және экономика институтын, Талғат – Қырғыз мемлекеттік универси­тетін, Манат – Алматы медицина инс­титутын, Сәбит Қазақ политехникалық институтын бітіріпті.

 

Иә, бақытты шаңырақтың иесі Болай әжейдің бүгінде отыздан астам немерелері, қырық шақты шөберелері, тіпті шөпшектері де жайқалып өсіп келеді. Әйтсе де кейуананың кей-кейде мазасызданып, қалың ойға түсіп кететіні де бар. Бауырларының білім шыңына алқынбай шығуына орасан үлес қосқан Пернеайым мен Нұрия өмірден тым ерте озды. Ғасырмен жас­ты әжей соған қамығады.

 

Он перзентті дүниеге әкелген ұлағатты ұстазға 1968 ші жылы КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының шеші­мімен «Батыр Ана» құрметті атағы бе­рілді. Алтын алқа иегері сонымен қатар 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі еңбегі үшін «Алтынсарин» төсбелгісін омырауына тақты. Тыл ардагері ретінде Ұлы Жеңістің 60, 65 және 70 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапатталды.

 

...Сол күні аудан орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан бар­ған азаматтармен бірге әжейдің 100 жасқа толғанын айғақтайтын төлқұжатын салтанатты жағдайда тапсырып, үлкен кісінің «Өсіңдер, өніңдер, айналайын!» – деген аналық ақ батасын алдық.

 

Бүгінде Абайыл ауылында ғұмыр кешіп жатқан 100 жастағы асыл ана, бір ғасырды артқа тастаған Болай Мәткерімқызының өнегелі өмір жолдары осындай. Ол кісіні тамыры тереңде жатқан, жапырақтары жайқалған мәуелі бәйтерекке теңесек, артықтық бола қоймайтын шығар, сірә.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ