Желілік бизнестегілер неге желімдей жабысқақ?

09.10.2019
Қаралды: 141

Таяуда әлеуметтік желіні қарап отырып, бір жарнамаға тұтылдым. Әшейінде көз жүгіртуден артыққа бармайтын мен «кәсіп, миллион, табыс» деген «кілт» сөздерді көбірек қолданған соң ба, осы жолы видеодағы сөйлеп отырған адамның сөзін соңына дейін тыңдадым.

 

Жарнама деген кейде адамның жанды жерімен ойнайды емес пе? Бұның желілік маркетинг екенін білсем де кәдімгідей қызығушылық таныттым. Мұндай маркетингтің бір жақсысы негізгі жұмысыңа келтірер кедергісі жоқ, сырттан жүре беретін қосымша шаруа ғой.

 

Сөйтіп, аталмыш компания туралы ақпарат білу үшін ғаламторды ақтарып шықтым. Білгенім, бұл компанияның ұсынатыны иммунитетті көтеріп, шаршағанды басатын, адамға энергия беретін, денсаулыққа зиян­сыз, өте жақсы, адамға керекті өнімдер екен. Оның үстіне ашылғанына бірнеше айдың ғана жүзі болған отандық компания көрінеді.

 

Компанияның негізін қалаған адам да өзім әлеуметтік желіден ара-тұра видеоларын көріп, әжептеуір пайдасы бар кеңестерін тыңдап жүрген білдей бір кәсіпкер азамат. Оның да осы компанияны құруда қанша жыл уақытын жұмсағанын, идеяның қайдан келгенін, қалай құрылғанын, ұсынатын өнімдерінің пайдасын айтып түсіндірген видеосын көріп шықтым. Әр қалада кеңселері ашылып жатыр екен, іштері заманауи үлгіде жабдықталған. Қабылдайтын адамдарға әңгіме барысында тегін шай-кофе ұсынатын барына дейін жасап қойыпты.

 

Компанияға қатысты басқа да видеоларды шолып шықтым. Тіркеліп, серіктес болып, планшетті менеджер атанып, шубаны сыйлыққа алуға, көлік мінуге, шетелге саяхаттауға, Алматыдан пәтер ұтып алуға, айына 500 доллардан 70 мың долларға дейін табыс тауып, миллионер атануға, апта сайын жалақы алуға, кәсіпке байланысты тренингтерге жеңілдікпен қатысуға мүмкіндік бар екені де айтылып жатты.

 

Бәрі де көңілге жағымды, құлаққа қонымды. Сөйтіп «толық ақпарат алу үшін» деп көрсетілген байланыс телефонына «WhatsUpp» желісі арқылы шықтым. Көп күттірмей жауап та келді. Алдымен халық үшін жеңіл деп жатқан маркетингтің жоспары туралы, тіркелу үшін ақша құя ма, құятын болса, қанша көлемде, тауарын сатып аламын ба деген секілді сұрақтарға жауап ал­ғым келді. Атымды, қай қаланың тұрғыны екенімді білген соң: «Кеңсеміздің мекен-жайы осы жерде, пәлен күні келіңіз, телефонмен емес, бетпе-бет отырып бәрін түсіндіремін», – деді. Мен «бара алмаймынға» бастым. Себебі қалтам көтермейтін қаржы туралы бірдеңе айт­са бекерге уақыт жоғалтып қайтемін деген ой тұрды. Ол да қойған сұрақтарыма ә дегенде жауап бере қойған жоқ, тек кеңсеге шақыра берді.

 

Кезекті бір видеоларын қарап отырып, бұл компанияға тіркелу үшін 100 мың теңгенің тауарын сатып алу қажет екенін білдім. Табысты болу үшін ары қарай да осы жүйемен жұмыс істеп, артыңнан тіркелетін әр адамға осылайша 100 мыңның тауарын сатып отыру керектігі айтпаса да түсінікті болды. «Әлдебіреулерге сылқ етіп бере қоятын 100 мың теңгем қайда менің?» деп ішкі ойыммен арпалыстым да қалдым.

 

Сол-ақ екен, артынша «WhatsUpp»-та сөйлескен әлгі әйел қоңырау шалды. Одан ойымды нақтыламақ болып, 100 мың теңге туралы сұрап едім: «Иә, иә, дәл солай, мен айтпасам да күшті біліп тұрсыз ғой! Біреулер анау-мынау деп мың сұрақ қойып, миды ашытады», – деп қуанып кетті. «100 мың теңгесі жоқтар үшін тіркелудің басқа жолдары бар ма?» – дедім мен де үміттеніп. «Әрине, бар. Өте орынды сұрақ қойып тұрсыз. 79 мың теңгемен де тіркелуге болады. Егер Алматыға бара алсаңыз, сол жақтан 36 мың теңгемен де тіркелесіз. Бұдан кейін басқа желілік маркетинг секілді ай сайын пәлен зат сатып алу, мынандай уақытта мынандай көлемде зат сату деген міндеттемелер жоқ», – деді.

 

Шымкент пен Алматының ортасы он минуттық жер емес, өзім танып-білмеген компания үшін ол жаққа бара алмайтыным белгілі ғой. 100 мыңның орнына 36 мың теңге береді екенмін деп не үшін басқа қалаға баруым керек, ол жағы да маған беймәлім болды. Өзіме қажетсізін түсінген мен ол туралы сұрағым да келмеді. Ондай сомадағы қаражатымның жоқ екенін айтып, тұтқаны қоймақ болдым. Сонда да қояр емес, «Мен сізге тағы да видеолар жіберейін, қарап көріңізші, болмаса бізде ертең мастер-класс өтеді, соған келіп қатыссаңыз дұрыс болар еді», – деп қиылған соң көрермін деп құлықсыз жауап беріп қоя салдым.

 

Ертеңіне әлгі әйел тағы да қоңырау шалды. Қолым тимей жатқан соң тұтқаны көтере алмадым. Кейінірек менен жаңалық күтіп қалмасын әрі тағы да бір рет айтып қояйын деп, «Мен тіркелмеймін» деп жазып жібердім. Осы хабарламадан кейін де ол әйелдің қоңырауы үдей түсті. Қоймай телефон соғады. Мен де әдейі қырсығып, тұтқаны көтермей қойдым. Айтқаннан соң болды емес пе? «Неге олай шештіңіз, мен  сізге бүгін кешке тікелей эфир болатынын айтқым келген», – деп жазыпты бір кезде. «Звандай бермеңіз, тіркелмеймін, сондықтан тікелей эфирдің маған қажеті жоқ», – деп түсіндіргім келген. Сөйтсем ол келіншек: «Тіркелмесеңіз де әшейін бір сұрақ қояйыншы деп қоңырау шалып жатырмын. Не болды соншалықты? Ақшаңыз болмаса мен сізге берем ақша! Тіркелесіз бе? Сіз, по-моему, басқа адам таптыңыз негізі тіркелетін, иә? Мейлі енді...», – деп аудио жіберіпті. Осы жерде күлкі қысты. «Қызық адам екен» дедім іштей. Ол сонда да қояр емес.

 

– Шыныңызды айта беріңізші. Мен сізді қазір «прямой эфирге» қоссам... 36 мың теңгемен тіркеле берсеңізші онда. Қазір сізді сабағына қосайын ба, соны сұрайыншы деп едім сізден негізі...

 

– Жоқ, рақмет.

 

– Өзіңіз қолдану үшін кішігірім затын тұтынып көргіңіз келмей ме? Әшейін сатып алып. Өзімнен-ақ...

 

– Әзірге жоқ, бір реті келгенде көрермін...

 

– Онда менің әлеуметтік желідегі парақшама жазылып қоя салыңыз. Жаңалықтар болса, көріп отырасыз. Мейлі, ақшаңыз болса кейінірек тіркелерсіз...

 

Осымен желідегі әңгіме тоқтады. Бұлардың бір нәрсе сұрасаң кенедей жабысып қалатынын қайдан білейін мен. Ең қызығы ертеңіне болды.

 

Сол күннің ертеңіне таңғы сағат 8-ден 10 минут өткенде бейтаныс нөмір қоңырау шалды. «Таң атпай хабарласып жатқан кім екен? Әйтеуір жан-жақта тыныштық болса жарар еді» деп іштей барлық туған-туысымды түгелдеп, телефонды үрке көтердім. Арғы жақтан ұйқыдан жаңа тұрған әйел адамның қырылдаған даусы шықты. «Сәлеметсіз бе, бұл пәлен компания­дан ғой. Бүгін бізде осындай адресте пәлен уақытта арнайы мастер-класс болатын еді. Соған келе аласыз ба?»

 

Жүрегім орнына түсті. «Жоқ, бара алмаймын!» – деп тарс еткіздім ашуым келіп. Әлгі компанияның адамдары екен. «Ойпырмай, таң азанымен көзін тырнап ашып, телефонға жабыса кететіндей не көрінді бұл бейбаққа? Тым болмаса 9-дан кейін хабарласса қайтеді бұлар?» деп ішімнен бұрқ-сарқ етіп мен қалдым.

 

Айтпағым, мұндағы отандық компанияның жұмысына, өнімдерінің сапасына, оны ашқан адамның еңбегіне, іскерлігіне менің тағар кінәм жоқ. Бірақ 100 мың теңгенің тауарын сатып алу, әрі ары қарай оны сату онсыз да күнін әзер көріп отырған қарапайым халықтың қалтасына ауыр. Бір хабарласқан адамға мың қайтара қоңырау шалу да осыдан пайда болатын болар. Себебі бас тартатын адам көп. Әркім көрпесіне қарай көсіледі ғой, тауардың қымбатынан да бұрын қытығыңа тиетін әлгіндей қызметкерлердің қылығы адамды күштегендей көрінеді екен. Кеңселеріне барғанда жағдайымның не боларын елестете де алмаймын. Біреуден қарыз алып болса да тіркеліп қайтар ма едім, кім білсін?

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ