Тұсау кесу әншінің ермегіне айналды...

29.08.2019
Қаралды: 201

Қазір нағыз той маусымының қызған шағы. Десе де той қамымен әуре болған жұрт кейде ондағы салт-дәстүрлердің дұрыс орындалуына аса мән бере бермейді екен. Таяуда Зейнеп Ахметова апамыз бір тойда бүгінгі тұсаукесер салтының дұрыс сақталмайтынын айтып, оның мән-мағынасын түсіндіріп берді. Зейнеп апа былай дейді:

 

«Мен өзім халықтың салт-дәстүрін насихаттап, соны мүмкіндігінше өзімізден кейінгі өкшебасарларға дұрыстап ұққызуға тырысып жүргендіктен қазіргі кезде қазақтың салт-дәстүрінің қисайып бара жатқанын көріп қынжыламын. Соның бірі – тұсау­кесер.

 

Қазір әншілердің екінші мамандығы тұсау кесу болып кетті. Олар «мен 100-200 баланың тұса­уын кестім» деп сонымен мақтанады. Бірақ соны дұрыс істесе, кәнеки?!

 

Қазақтың салт-дәстүрін қайта жасаудың керегі жоқ. Тұсаукесер – баланың алғашқы туған жерінде табанын жерге басып, ары қарай аттап, алды ашылатын бір белесі. Біреулер «кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатады. Бұл – өте тар мағына. Олай емес. Ала жіптің мән-мағынасы өте кең. Ала жіп – өмірдің, тіршіліктің символы, нышаны. Сол үшін баланың аяғын байлап, тұсауы «жақсылықтар болғанда, басына бақ қонғанда асып-тасып кетпесін, қиындық болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін» деп пышақпен кесіледі.

 

Ал қазір не істеп жүр? Қайшымен кесіп жүр. Баланың өмірі қайшыланып қалады. Қайшының жүзі бір-біріне қарама-қарсы жасалған. Қазақ ешқашан қайшымен тұсау кеспеген. Сондықтан бұл ала жіп жай ғана біреудің бірдеңесін қағып кетпесін дегеннен шыққан нәрсе емес. Бұл осындай терең мағынаға ие».

 

Ол кісі «жақсылықтар көп болсын» деп ала жіпке ақ жіпті көбірек қосып есетінін да қоса айтады.

 

Сондай-ақ, баланың тұсауын кез келген адам кеспейді екен. Зейнеп апа оған да кеңінен тоқталады.

 

«Баланың тұсауын кім кеседі? Бір кездері кейуаналарға, үлкен кісілерге тұсау кестіріп жүрді. Шындап келгенде, қазақ жасы келіп, белі бүгілген үлкен кісіге, жайбасар жанға, сондай-ақ ауру адамға да тұсау кескізбейді. Ұл баланың тұса­уын күш-қайраты бойында, елдің алдында қызметімен көзге көрініп жүрген ер-азаматтар кескен. Қыз баланың тұсауын аяқ-қолы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін, отының басын берекелі ұстайтын, балалы-шағалы ке­ліншектерге кескізген. Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кескізбейді. Өйткені олардың жолы әлі ашылмаған. Мұның барлығы сан ғасыр сарабынан өтіп, ата-бабаларымыздың жасап кеткен салты.

 

Тағы бір талас туғызып жүрген нәрсе – ала жіпті «алдынан кес» немесе  «артынан кес» деп жатады. Бала артқа жүрмейді, алға жүреді. Алдында тұрып, оның тұсауын кесіп, баланың алдын ашады. Артынан тұсау кесу деген дұрыс емес», – дейді ол кісі.

 

Расында да салт-дәстүріміздің атауын ғана емес, оның мән-мағынасын да түсініп жүрген дұрыс екен.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ