Жыныстық зорлық жасау неге көбейіп кетті?

29.08.2019
Қаралды: 192

Соңғы уақыттары зорлық-зомбылық оқиғалары өршіп кетті. Бала да, басқа да зорлықшының құрбанына оп-оңай айналып кете баратын болды.

 

Кешегі «Тальго» пойызында орын алған әйел зорлау оқиғасынан кейін көпшілік елімізде мұндай қылмыскерлерлердің жазасын ауырлату қажеттігі туралы айтып жатты. Расында солқылдақ заңның кесірінен қаншама адам жапа шегіп қалып жатыр.

 

Таяуда Түркістан облысының бір тұрғынымен тілдескен едік. Айтуынша, оның 14 жастағы ұлын өзінің мектеп-интернатындағы екі бала бір жыл бойы зорлап келген екен. Бұл туралы баланың өзі жалғызбасты анасына айтуға қорқып, әлгілердің айтқанына көнуге мәжбүр болған.

 

«Балам интернатта жатып оқитын еді. Маған баламның қолын байлап, аузына мақта тығып қинайтынын, екі баланың ұдайы зорлық жасайтынын сыныптастары айтты. Бұл оқиға былтыр ашылды. Мұны білген соң тиісті орындарға арыздандым. Бірақ қылмыс жасаған балаларды кінәсіз деп тапты.

 

Өзі қорқып, ештеңе айтпай жүріпті. Балам жуас еді. Сол момындығын пайдаланған болып тұр ғой. Қазір баламның жағдайы қиын. Адамдарға қосылмайды. Өз алдына қаңғырып кетеді, кейде жатып қалады. Қорқып қалған, стресс алған. Үлкен дәретін ұстай алмай қала береді.

 

Оқиға жұртқа белгілі болған соң балам мектепке аяқ баспай қойды. Былтырдан бері интернатқа бармайды. Қатарынан бір жылға қалып қойды. Мұғалімдердің қайда қарағанын түсіне алмадым. Интернаттағы әрбір балаға солар жауапты емес пе? Ешкім ештеңені мойындағысы келмейді.

 

Ол балалардың туыстары, мектеп директоры, қариялар келіп, шу шығармауымды, ешкімге ештеңе айтпауымды өтінді. Бір миллион теңге береміз деді. Баламның денсаулығын миллионға бағаламайтынымды, оның денсаулығының баяғыдай болмайтынын айттым. Содан соң өздері таза, мен кінәлі болып шыға келдім. Ауылдың әйелдері «сен бәлеқорсың, бәле жаптың» деп өзіме қарсы шығуда. Мұның қолынан не келер дейсің деп отырған сияқты. Менің басымдағыны ешкімнің басына бермесін. Әлі күнге дейін әділеттілік іздеп жүрмін», – деді ол кісі.

 

Шымкент қаласында таяуда орын алған дәл осыған ұқсас оқиға әлеуметтік желілерде жария­ланған болатын. 17 жастағы екі бозбала сыныптас қызды қорқытып зорлап, бұл әрекеттерін видеоға түсіріп алған. Онымен қоймай, айтқанын орындамаса зорлықшылар видеоны ғаламторға жариялаймыз деп қызды бопсалап, одан ұялы телефон, ақша, компьютер талап еткен. Олардың талабын орындай алмаған қыз елге масқара болудан қорқып, өз үйінде тамырын кесіп, өзіне қол салмақшы болған. Мұны үйіне сол сәтте оралған анасы көріп қалып, «жедел жәрдем» шақырады және полицияға арыз жазады.  Бұл жағдайда сот оларды айыпты деп танып, әрқайсысына бес жыл мерзімінде жаза тағайындаған.

 

Бұл айтылған, ашылған оқиғалардың санаулысы ғана. Айта берсек, мұндай жағдайлар жетіп-артылады. Мұндайда тәрбиенің осалдығы деп мұғалім мен ата-ананы қаралағаннан басқа қайран жоқ. Себебі жауапкершіліктің жүгі осы адамдарға артылатыны белгілі. Мұндай оқиғалар қашанғы жиі орын ала бермек? Елімізде осыған тоқтам болатын бір әрекет жасалуы керек қой. Бұлай кете берсе балаларды жалғыз жіберуден қаламыз. Зорлықшыл қылмыскерлерге қатаң жаза тағайындау керек екендігі айдан анық. Бірақ бізде қашан да «баяғы жартас – бір жартас» болып қала беретіні өкінішті...

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ