Туристік қышлақтар мен махаллалар пайда болады

22.08.2019
Қаралды: 265

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев елде туризм саласын дамытуға қатысты өзгеше Жарлыққа қол қойды. Осыған орай бұл елде туристік әлеуеті жоғары деп танылған  қышлақ, ауылдардың, қалалар мен елді мекендердегі махаллалардың тізімі жасалатын болды.

 

Енді қонақтар қабылдап, 5-тен кем емес қызмет түрін көрсете алатын (жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етуден басқа) отбасылық үйлерге «Туристік махалла», «Туристік қышлақ», «Туристік ауыл» деп аталатын мәртебе берілетін болады. Ол үшін елді мекендегі 20-дан кем емес шаңырақ бірігіп ұйымдасып, басшылыққа өздерінің туристік орталығын құрғысы келетінін мәлімдейді, сосын осыған қатысты құжаттар түзіледі, қажетті жағдайлар жасалады. Туристерге арналған бөлмелер қажеттімен қамтылып, отбасылық қонақүйлер есебінде рәсімделеді, оларға арнайы сертификат беріледі.

 

Мұндай отбасылық туристік орталықтарға адамдар түрлі мамандық, кәсіптері негізінде шоғырланады. Олардың бірі қолөнермен айналысса, екіншісі ұлттық тағамдар жасаудың шебері, үшіншісі ұлттық салт-дәстүрден сахналық қойылымдар көрсетеді, енді бірі туристерді атпен саяхатқа алып шығады, тағы да басқалай қызмет түрлерін көрсетеді.

 

Туризм саласында қызмет көрсететін мұндай махалла, қышлақ, ауылдардың бұрыннан келе жатқан құрылыстары, сәулеттік бейнесі сақталады. Ешкім де ескі дуалдарды, үйлерді құлатып тастамайды, олар тек жөнделеді («евроремонт» емес, бұрынғыша жамап-жасқалады). Оларды мемлекет тек жол салып, су, газ,  жарық жеткізіп дегендей, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Басқасы махалла, қышлақ тұрғындарының өз әрекетіне, іскерлігіне, пысықтығына байланысты.

 

Аталған Жарлық бойынша тиісті тізім жасау алдағы қараша айында басталмақ. Ал 2020-2021 жылдары осы туристік мәртебе алғандардың ішінен ерекшеленіп шыққандарына мемлекеттік «Обод кишлак», «Обод махалла» бағдарламаларына қосылып, жеңілдіктер алуда басымдықтар беріле бастайды.

 

Қысқасы, Өзбекстан туризм саласын дамытуға қатты көңіл бөліп жатыр.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ