Кеткен әкімнің адамдарын әшкерелеу басталды

12.08.2019
Қаралды: 297

Әріптесіміз, журналист Зәуре Мырзақожаева әлеуметтік желіде Шымкент қаласы әкімінің бұрын­ғы орынбасары Данат Жуминге қатысты жазба жариялады. Оның орысшадан аударылғандағы то­лық мәтіні мынадай:

 

«Әрине, Шымкент қаласы әкі­мінің бұрынғы орынбасары Жуминге қатысты  өзімдегі  барлық көзірлерді жайып салу керек еді, бірақ ертеңгі жұмысқа байланыс­ты аздап тынығып алу қажет болып тұр. Дегенмен бұл «пысыққа» қатысты соңғы бірнеше жыл бо­йы жинақтаған әшкерелеу материалдарының бір бөлігін жариялаймын деген уәде берген екенмін, оны орындауым керек. Бүгінгі материалдар ашық дереккөздерден алынған.

 

Сонымен, басқарушы директоры Данат Жуминнің әйелі Алина Хаматдинова болып табылатын (ал Жумин кей деректерде құрылтайшы деп көрсетілген) «APEX-konsult» фирмасы 2017 жылдың тек бір күнінде ғана 30 миллион теңгеден аса (бұл 90 мың доллардан асады) қаржыға мемлекеттік тапсырыс алған. Жуминдердің астанада орналасқан кеңсесі ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құ­ралдарында рәсімдеу, жариялау және орналастыруға байланысты қызмет көрсетуі тиіс болған.

 

«Зың-команданың» ерекше ғажайып жетістіктері туралы мақтауға толы көрсетілімдер мен мә­тіндер сіз бен біздің қалтамыздан алынғанын енді түсінген боларсыздар деп үміттенемін. Біздің ақшамызға, мысалы, Ғабидолла Әбдірахымовтың қандай балажан әкім екенін жиі көрсетумен болды.

 

Бірақ іс жүзінде расында солай ма? Ендеше «зың-креаклдардың» оның серіктесі Жуминнің отбасылық фирмасы арқылы пиар­ға шашқан осы 90 мың долларға, мысалы, балалар ауруханасына қанша кондиционер сатып алуға болатынын есептеп көрейік. Олар тек бас дәрігерлердің кабинет­терінде ғана емес, балалар палаталарында да орналастырылған деп алайық. Жалпы, мұндай қаржыны басқа мақсаттарға да бағыттауға болар еді.

 

«Бірақ бұл уақытта Әбдіра­хы­мов Жуминмен бірге Шымкент әкімдігінде істеген жоқ, астанада, «Нұр Отанның» бас кеңсесінде отырды ғой» деп айтарсыз. Ол рас. Дегенмен бір нюанс бар. Қаланы Ғабидулланың өкілі Нұрлан Сауранбаев басқарған сол 7 ай аралығында (қараша, 2017 – маусым, 2018) Шымкент әкімдігіндегі маңызды орындар «зың-команда» мүшелерінде сақталды.

 

Мен бұл Жуминдер отбасының «тендерлік ерліктерінің» аз бөлігі ғана екенін бекерден айтып отырғаным жоқ. Жақын күндері «Зың-командаға» қатысты әшкерелеу ма­териалдары» деген папкамды ашып, Жумин мен оның әріптес­теріне қатысты тағы да бірқатар қызықты жайларды жариялаймын. Сосын қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың және Шымкент­тің басқа да басты шенеуніктерінің кезегі келеді».

 

Редакциядан: Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин кешегі аптада қызметінен кетті. Ол 2015 жылғы қыркүйек айынан бастап  Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, ал 2018 жылдың шілде айынан бері  қала әкімінің орынбасары болып істеген еді. (Ал Ғ.Әбдірахымовтың  2015 жылғы тамыздан 2017 жылғы қазан айына дейін және 2018 жылдың маусым айынан 2019 жылдың шілдесіне дейін Шымкент қаласының әкімі қызметінде болғаны белгілі).

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ