Тойда театрландырылған көрініс қойып береді

09.08.2019
Қаралды: 133

Бүгінде той-томалақ маусымының қызған шағы. Осыған орай қызықшылықты елден ерекше етіп өткізуге тырысатындардың да қатары  артуда. Сол мақсатта ерекше кәсіп түрін қолға алғандардың қатарында «Гүлжанар-шоу» театры да бар. Театр ән-би ұсынып қана қоймай, әр тойға арнап сценарий жазып, қазақы нақыштағы театрландырылған көрініс қояды. Осы құрамға жетекшілік ететін музыка пәнінің мұғалімі және бір оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанар Құдайбергеновамен сұхбаттасқан едік.

 

«2013 жылы бір әріптесім қы­зымның ұзатылу тойын өткізіп бер­ші деп қолқа салған болатын. Содан ойламаған жерден жұ­мысымыз басталып кетті. Ке­йіннен сұраныс көбейе бастаған соң әнші-биші қыздардан тұратын топтар аштық. Қазір біздің құрамда 20 шақты адам бар. Соның ішінде жолдасым, мен, қыздарым, қайным өз жанұясымен, әріптестерім және мектебімізден түлеп ұшқан шәкірттерім де бар. Бесік той, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату, үйлену тойлары, мерейтойлар, «жұлдыз тойларда» той иелерінің аты-жөні аталатын сценарийлермен театрландырылған көрініс қоямыз. Мен жеңгенің, апаның, ал жолдасым абыз ақсақалдың ролін ойнаймыз. Жолдасым екеуміз де өнер факультетін тәмамдағанбыз. Домбыра тартып, ән айтатынымыз бар», – деген одан есте қалған ерекше тойлар туралы да сұрадық.

 

«Ерекше тойларға келер болсақ, әр той әртүрлі өтеді. Мәселен, бір тойда той иелерінің әйелінің құрбылары, шамамен 20 шақты келіншек, барлығы бірдей қып-қызыл көйлек киіп келді. Өте әдемі көрінді. Ал бір тойда барлық ағайындары жабылып, келген қонақтарды тікесінен тік тұрып күтті. Кей тойларда үстелдерді аралап 3-4 адам жүрсе, мұнда 20-ға жуық адам қызмет көрсетті.

 

Бір қыз ұзату тойында келін болатын аруы­мыз той басталардан алдын құрбысымен бірге бір бөтелке арақты бөліп ішіп, темекісін шегіп болған соң тойға шықты. Бұл қыздың болашақ жары кім болды екен деп бажайласам, әппақ костюм-шалбар киген, ұзын бойлы, реңді жігіт екен. Әлгі қыз бен жігіт маған тең еместей көрінді. Дегенмен екі жастың бас қосуына арадағы сезімнің мықтылығы себеп болса керек. Біз тойханаға ертерек баратын болған соң ондайларды еріксіз байқаймыз.

 

Кей тойлар өте көңілсіз өтеді. Бұл тек асабаға ғана емес, той иелеріне де байланысты. Тойдың барысын уайымдай ма, қайдам, ортаға шыққанда қабақтары қату, шаршаңқы болып тұрады. Қонақтары да соған сәйкес қарағылары да, тыңдағылары да келмей, өз алдына отырады. Жоғары лауазымды жандардың тойларына да аса барғымыз келмейді. Олардың қонақтары да кейде ортаға шыққан­дардың бәріне мұрнын шүйіре қарайтыны бар.

 

«Өнер жолы – ауыр жол» деген рас екен. Әр кәсіптің өзінің осы секілді азды-көпті қиындықтары болады», – дейді ол.

 

Әр тойдың түріне қарай түлкі терісі, шаңырақ, тақ, күйме секілді дүниелерді алып шы­ғып, әдемі көрініс қоятын театрдың сце­нарийлік қойылымдары Шымкент қаласының ішінде 20-30 мың теңгенің аралығын қамтиды екен. Қызмет құны қолжетімді бағаны қамтитын «Гүлжанар-шоу» осылайша көптің көңілінен шығып, елдің алғысын алып жүрген көрінеді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ