Діни рәсімдерді дұрыс ұстанып жүрміз бе?

01.08.2019
Қаралды: 297

Өмір болған соң әрбір өткізілген құдайыға, о дүниелік болғандардың жетісіне, қырқына, жылына қатысуға тура келеді. Сондағы бай­қағаным, тойға келгендей жайнаған дастархан мәзіріне тап боламыз. «Осылай шашылудың керегі не, не деген ысырапшылдық?!» – деймін іштей.

 

Осындай адамдардың кейбіріне құлаққағыс етсем: «Жұрттан ұят қой, көпшілік өсек қылады», – дейді. Шындығы да солай, себебі барлық отбасы осылай етуді дәстүрге айналдырған, тіпті оны  тойханада өткізуді өмірге ендірді.

 

Тағы бір байқағаным – жасалған мол дастархан мәзірінің тек 25-30 пайызы ғана пайдаланатыны. Қалғандары сұқтанып отырған қатын-қалашқа таратылады, одан қалғаны ит-құсқа тасталады. Осындай жағдай қазақи дәстүрімізде, мұсылмандық дінімізде бұрын болмаған еді деп ойға батамын.

 

Осыдан екі-үш жыл бұрын павлодарлық имамдар жоғарыдағы мәселелерге орай тікелей ұсыныс жасап, бір шешімге келген еді. Құдайы асқа тек ет, бауырсақ, шай, қант, құрт қойылса болды. Ал дастарханның көркін ашатын, мерекелік рең беретін тағамдардың (олардың атын тізбектеп айтқан) қойылуына тыйым салынған болатын. Бұл бастаманы көпшілік қолдайтын шығар деп ойлап едім, бірақ өмірде ол ұсыныс іске асқанын көргенім жоқ.

 

2018 жылы Жезқазғанның бір мешітінде діни рәсімдер жөнінде семинар өтіпті. Онда жаназа және жерлеу рәсімдерінің мәселелері қаралып, мынадай шешім қабылдапты:

 

1. Қаралы үйде үш күн тамақ берілмесін.

2. Жаназада митинг болмасын.

3. Жаназада жыртыс таратылмасын.

4. Құдайы ас дастарханына торт, жеміс-жидектер қойылмасын.

5. Марқұмның жетісі тек өз үйінде берілсін, оған көңіл айтатын адамдар ғана барсын.

6. Ол астан қонақтарға арнап ештеңе берілмесін.

7. Марқұмның жетісінде, қырқында, жылында сөз сөйлеу тоқтатылсын.

8. Барлық берілген асында бейнеролик көрсе­тілмесін.

 

Сонымен бірге мешіттегі мынадай ас мәзірі бекітіліпті: бауырсақ, май, қант, жент, өрік-мейіз, кәмпит, печенье.

 

Дегенмен мұндай ұсыныстардың діни кітаптардан алынғанына күмәнім бар. Олар жолай пайда болған «жаңалық» сияқты. Осы шешімдерді қолдайтындар мен қолдамайтындардың ой-пікірін естісек, келешекте оларды өмірге ендірсек дегенді айтқым келеді.

 

Ширатбек ОРАЛБЕКОВ, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ