Іштен шыққан шибөрілерге жем болудан шаршадық

01.08.2019
Қаралды: 178

Өзгеріс керек екенін, қажет екенін білетін жандар бұлай кете беруге болмайды деп шырылдап жүр. Өйткені еліміздегі кез келген сала былыққа толы, жемқорлық жайлаған. Адамгершілік тазалық, әділдік жоқ. Барлығы сатылып кеткен.

 

Бала өмірге келген күннен бастап жемқорлық дерті жабысып алады. Ананы босандыратын дәрігерге тиын төлесең ғана оң қабақ танытады. Одан кейін балабақша. Табалдырығын аттау үшін жарна төлеп барып кіресің. Ақшаның жұты. Одан кейін мектеп. Мектептің ішкі-сыртқы «саясаты» шаршап кеткен. Білім саласының іріп-шірігенін, тіпті гранттың да сатылатынын  бәріміз білеміз.

 

«Тест-тест» деп 11-сынып оқушылары сабақ оқымайды, білім алмайды. Тесттің сұрақ-жауап кітаптарын жаттаумен өтеді күндері. Мұғалімдер осы кезде факультатив ұйымдастырып, бір жарылқап қалады.

 

Одан кейін университет. Ақшаның күшімен дипломды алып шығады. Сосын, сосын жұмыс істеу керек. Жұмыс­қа тұру баршамызға бес саусағымыздай таныс. «Бармақ басты, көз қысты». 

 

Ол – қазіргі жас қазақ жұмысқа араласты. Оның көргені жемқорлық қана. Адал адамдар жолында аз кездесті. Адалдық, адамдық, әділдік дегенді ол кімнен үйренеді? Оның үйренгені таныс, біліс, туыс, пара бер, пара ал. Болды!

 

Енді келіп қоғам азды, шіріді деп  ренжиміз. Бізге сырттан келіп ешкім көмек бермейді, сырттан келсе олар талайды бізді. Онсыз да өз ұлтымыздан шыққан шибө­рілердің талауында отырмыз.

 

Әр қазақ қолымыздан келгенше жүрегі ұлтым деп соғатын бала, оқушы, шәкірт, студент тәрбиелейікші! Солардың арасынан бір ғана Ли Куан Ю шықса, арманымыз орындалар еді.

 

Айнұр САҒИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ