Он бір айда әлемнің он елін аралаған

27.07.2019
Қаралды: 246

Ми қайнатар мынадай ыстықта салқын елге кетіп қалып, рақаттанып демалып қайтуды кімнің болса да армандайтыны анық. Бұрын-соңды шетке шықпағандар шетел асып қыдыруға қыруар қаражат керек деп ойлаймыз. Алайда шетелде демалу бір жалақымен күн көретін қарапайым адамдар үшін де қолжетімді көрінеді. Мысалы, «Korkem Travel» туристтік компаниясының атқарушы директоры Айжан Сәбден осылай дейді. 

 

– Айжан, өзіңіз қай елдерде  болған едіңіз? Ол жақтан алған әсеріңіз қандай?

 

– Осы жұмада Қытайдың Хайнань деген қаласына жол жүргелі отырмын. Егер осыны қосып санасақ, мен былтырғы тамыз айынан бері әлемнің оныншы елінде болғалы тұр екенмін. Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің алты аумағында болдым. Жетінші әмірлікке бармаған себебім – онда туристерді қабылдамайды, бұл саласы әлі дамымаған.

 

Одан кейін Тайландта, Үндістанда, биылғы наурыз айында Чехия, Австрия, Германия елдерінде, ал сәуір айында Өзбекстанда болдым. Шынымды айтсам, маған барған елімнің бәрі ұнайды. Жұмыспен барсам да керемет әсер алып, демалып қайтамын.

 

Біріккен Араб Әмірліктерінен бастап айтар болсам, Дубай қазір 2020 жылы өтетін ЭКСПО-ға дайындалып жатыр. «Бурж Халифадан» да биік ғимарат салынбақшы. Әзірге биіктігі қанша  метр болатыны құпия.

 

Дубайда демалғысы келетіндер 2020 жылға дейін барып алғандары жөн. Себебі ЭКСПО кезінде бағалар қымбаттап кетеді. Негізінде Дубай былай да әлемдегі ең қымбат қалалардың бірі. «Топ 10-қа» кіреді. Бірақ «горящий тур» кезінде бір аптаға 70-80 мың теңгеден барып қайтуға болады. Оның ішіне ұшақпен барып қайту билеті, әуежайдан қарсы алып, шығарып салу, қонақүйде тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру – бәрі кіреді. Дубайға жылдың төрт мезгілінде де сұраныс көп. Себебі ол жақта қыдырып, саяхаттайтын орындар да, Гиннес рекордтар кітабына енген жерлер де жетерлік.

 

– Бұл елдер сізді несімен таң­қалдырды?

 

– Таңқалдыратын нәрселері көп-ақ. Соның ішінде бұл елдердегі адамдардың тұрмысы мен оларға жасалынып жатқан жағдайды көріп таң-тамаша болдым. Еуропаның қай қаласына барсаңыз да жолы теп-тегіс, суы тап-таза, туризм саласы өте жақсы дамыған, экономикалық жағдайлары мықты.

 

Біріккен Араб Әмірліктері туралы да осы жағдайды айтуға болады. Арабтардың мұнайдан басқа дымы да жоқ. Соған қарамастан жағдайлары керемет жасалын­ған. Елдің байырғы тұрғындары, яғни арабтар жұмыс істемейді. Оқуы, медицинасы – бәрі тегін. Бір бала туылды ма, 50 мың доллар шотына түседі.

 

Шетелге шығып, ол елдердегі халықтың тұрмыс деңгейінің жоғары екенін көріп келген сайын өз еліміздің жағдайын ойлап ішімнің ашитыны бар. Осы жерде бір қызық жағдайды айтып кетейінші.

 

Бірде Дубайдан Сафарияға бара жатқанбыз. Күн ыстық. Біз кондиционер қосыл­ған джиптің ішінде келе жатып, терезелері ашық тұрған автобуста күннің ыстығына шыжып келе жатқан үндістандықтарды көріп, бұлар жұмысшыларына түк те жағдай жасамайды екен ғой деп ойладым. (Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмысшылардың басым көпшілігі – үндістандықтар). Кейін Шымкентке келгенде сол үндістандықтардың күйін өзім кештім ғой. Күн ыстықта шыжып, терезесі ашық автобустарда тығылысқан адамдардың арасында терлеп-тепшіп тұрамыз. Еліміздің асты-үсті толы қазба байлық десек те көрген күніміз осындай.

 

– Шетелдерге жұмыспен жиі барамын дедіңіз. Енді жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз...

 

– Иә, туристік компанияда жұмыс істегендіктен мен адамдарды шетелге жібермес бұрын ол елдің туристерге қандай жағдай жасайтынын, не ұсынатынын алдын-ала өзім біліп алуым керек. Өзім барып көрмеген елге адамдарды жібере алмаймын. Сол мақсатта шетелге көбірек шығамын. Бір күнде ондаған отельдерді аралап, қандай экскурсияға шығарады, туристерге қандай қызмет көрсетеді – соның бәрін алдын-ала өзім барып біліп келгеннен кейін ғана адамдарға ұсына аламын. Сондай жауапкершіліктің арқасы шығар, біз ұйымдастырып берген турға реніш білдірген ешкім жоқ. Керісінше, алғыстарын айтып, дос-жарандары мен тамыр-таныстарына мақтап, оларды бізге жіберіп жатады.

 

– «Горящий тур» деген не? Ол не үшін арзан болады?

 

– Маған кей адамдар қыркүйек, қазан айларына «горящий тур» қарап берші деп хабарласып жатады. Негізі ол – ұшуға екі-үш күн қалғанда пайда болатын тур. Тур­оператор алдын-ала ұшақ жалдайды. Оны «чартерлік рейс» деп атайды, оған туроператорлар алдын-ала билеттер алып қояды. Қазақстанда үш-төрт туроператор болса, ұшақтағы 300 орынды солар бөліп алып қояды да, біз секілді туристік агенттіктер оны сатамыз. Ұшуға екі-үш күн қалғанда туроператорлар осы чартерлік рейстердің бағасын түсірген кезде «горящий тур» пайда болады. Яғни бұл – ұшақ билетінің арзандауынан туындайтын тур.

 

Кейбіреулер мұндай турға сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Бірақ бәрі дұрыс, кәдімгідей тур ол да. Тек тезірек ұшып кетуі керек болады. Жылына бес-алты рет шетелге шығып келетін клиенттеріміз бар, сондайлар оны жақсы біледі. Тіпті чемодандарына керек заттарын алдын-ала салып, ұшуға дайын отыратын туристеріміз де бар.

 

– Шетелге тұңғыш рет шығатын адамдарға қандай кеңестер берер едіңіз?

 

– Соңғы уақытта шетелге шығып демал­ғысы келетін адамдар қатары көптігі мені қуантады. Адам өзге елге шығып, өзге мәдениетті көріп, ел мен жер аралап көрген сайын танымы кеңейіп, көзі ашылады. Қазір шетелге барып, демалып қайту бағалары да аса қымбат емес, студенттер мен зейнеткерлерге дейін қолжетімді. Әсіресе біздің «Korkem Travel» туристік агенттігі адамдарға тиімді болатын бағалар ұсынуға тырысамыз.

 

Өз басым алғаш рет шетелге шығатындарға Дубайға баруды ұсынар едім. Кейін өзінің қалауымен бара берсін. Негізі әр елдің өз ерекшеліктері бар. Ал жасы үлкен адам болса, ем-шаралары бар елдерге баруға кеңес берер едім. Мұндай турлар Әзірбайжанға, Хайнаньға бар. Оның ішінде үш рет тамақтану, балшықпен емдеу, экскурсия, пляж, диагностика, дәрігер кеңесі, орыстілді гид қызметі кіреді.

 

Бүгінгідей күн ыстық кезде жасы ұлғай­ған кісілер сәл салқындау болатын Грузия, Әзірбайжан, Хайнань, Еуропаға баруына болады. Ал жастар Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Доминикан, Мальдив аралдарына, Үндістанға барғандары дұрыс.

 

– Әңгімеңізге рахмет, Хайнаньға сапарыңыз сәтті болсын!

 

Сұхбаттасқан – Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ