Кәсібін екі халат тігіп сатудан бастаған

24.07.2019
Қаралды: 269

Әдетте кәсіп бастау үшін қыруар қаржы керек деп жатамыз. Бірақ Алматы қаласының тұрғыны Сәуле Әліпова өзінің іскерлігімен бұл ойды теріске шығарғандардың бірі. 55 жастағы кәсіпкер кез келген нәрсеге тек еңбектің арқасында қол жеткізуге болатынын айтады. Біз оның өзімен сұхбаттасқан едік.

 

«Мен Түркістан облысының Төлеби ауданында дүниеге келгенмін. Бәйдібек ауданының Жамбыл ауылына келін болып түстім. Онда бес жылдай тұрып, жолдасымның қызмет бабымен Сайрам ауданының Ақсукент ауылына көшіп келіп, пәтер жалдап тұрдық. Жалғыз отағасынның тапқаны үш бала мен мені асырауға, жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге жетпей жатқан кез болатын. Өзім бала күтіміне байланысты демалыстамын, кішкентайым бес айлық қана. Қолымнан шамалы іс тігу келетін. Әйтеуір, сол  өнерім пайдаға жарады», – деген Сәуле ханым қалай кәсіп ашқанын да баяндап берді.

 

«Бірде Шымкенттің Қырғы базарынан өтіп бара жатып егде тартқан қарияның қолына ұстап, шыт халат сатып тұрғанын көзім шалды. Жанына барып бағасын сұрап едім: «120 теңге», – деді. Сол кезде бұл соманың құны бар болатын. Халат сатуға қатты ойым кетті. Қалтамдағы ақшаны санасам, екі халатқа жететіндей ғана екен. Ойланбай барып екі түсті шыт матаны алдым да, үйге қайттым.

 

Шымкент пен өзім тұратын Ақсукенттің арасы 20-30 шақырымдай болса керек. Қалтамда ауылға қайтуға және ертеңіне Шымкентке қайта келуге ғана жететін жолкірем қалған еді.Үйге келген соң кешкісін екі халат тігіп алдым да, келесі күні ертелетіп Қырғы базарға тартып отырдым. Екі сағатта екі халатты сатып, орнына төрт халаттық мата алып үйіме қуанып қайттым. Бұл менің ең алғашқы жасаған саудам болатын. Содан халаттың санын күніге екеуге арттырып отырдым. Күнде таңертең келемін, кешкісін қайтамын. Жол ұзақтығын қиынсынуға мұрша жоқ. Сөйтіп жүріп матаны рулондап көтеріп кететіндей жағдайға жеттім. Ақырындап ассортимент түрлерін көбейттім. Жал­ғыз халат емес, сол кездегі жаңа үлгідегі сәнді көйлектерді тігуді де қолға алдым. Үлкен апалардың көйлегін қостым. Сонда кешкісін базардан рулон мата көтеріп қайтамын, түнімен тігемін, күндіз тұрып сатамын. Демалу дегенді білмейтінмін. Ол кезде қазіргідей салқын, көлеңкелі «будка» дегендер жоқ. Бар болған күнде де орынды кім береді? Берген күннің өзінде базардың адамның аяғы баспайтын бұрышынан беретін. Ал мен сауданың жабайы түрін пайдаландым. Жазда ыстық күннің, қыста жауған қардың астында тұрып сатып, еңбектеніп жүрдім.

 

Арада бір жыл өткен соң жаныма сатушы алдым. Екінші жылы тігінші алып, екі сатушы қойдым. Одан кейін алыс ауылдарға сатуға сатушылар жалдадым. Осылайша жұртқа жұмыс беріп, жұмысшы санын арттырдым. Оларға жалақы беріп отырдым. Жеті адам менің қиған маталарымды тігіп және оны сатып отбасыларын асырады», – дейді ол.

 

Айтуынша, осындай еңбекқорлығының  арқасында ақыры баспанаға да қол жеткізген.

 

«Базарда сауда жасап тұрғанымда жоғарғы оқуды бірге бітірген группаластарым мен сыныптастарымды көрсем, ұялып, теріс айналып кететінмін. Сыртымнан күлетіндей көрінетін. Бірақ бо­йымдағы сол ұятты балаларыма деген махаббатым, солардың жағдайын жасауым керек деген  талпынысым жоқ етті. Оның үстіне кейде «өз адал еңбегімді сатып жүрмін ғой» деп өз-өзімді жұбататынмын да. Бертін келе ол жайлы тіпті ұмыттым.

 

Сол уақытта кенже балам бес айлық, еңбектейтін кезі еді. Ұлымды таңертең емізіп, енемнің қарауына тастап кетемін де, кешкісін келгенде бір-ақ тамақтандыратынмын. Үлкендерім сол кезде 2-4 жас аралығындағы екі қыз. Сөйтіп жүріп үлкенім мектепке барған жылы үйлі болдым. Ақсукенттен үй алдым. Сосын кәсіпкерлікті біржола тоқтаттым да, Сайрам аудандық әскери комиссариатына мемлекеттік тіл аудармашысы қызметіне орналастым», – дейді Сәуле ханым.  Ол үкіметке қол жайып жүрген жас келін­шектерге қолынан келер кез келген істі дамытуға қорықпау әрі ерінбеу керектігін, оның ары қарай дамуы әркімнің өзінің іскерлігі мен талабының арқасында екендігін де айтады.

 

«Бүгінгі күні де кәсіппен айналысамын дегендерді қолдау, үйрету, жол көрсету менің басты мақсатыма айналған. 2003 жылдың күзінде отбасымызбен Алматы облысына көшіп келдік. Мұнда да қол қусырып отыра алмадым. 2004 жылы Балтабай ауылдық округі әкімінің аппаратында іс жүргізуші бас маман, одан кейін әкімнің орынбасары қызметін ат­қардым. Тек қана орыс тілінде жүргізіліп келген іс қағаздарының мемлекеттік тілде атқарылуының 96 пайызға дейін көтерілуіне, округ қызметінің алғашқы бестікке шығуына үлесімді қостым. Одан кейін 2017 жылы жарық көрген мемлекеттік бағдарламаны оқып, зерделеп, тұрғындарға түсіндіре жүріп, 30 отбасын біріктіріп, ет және сүт бағытындағы «Бестораңғыл-Ай» кооперативінің негізін қаладым. Қазір 18 отбасы 55 миллион теңге несие алып, 470 бас ірі қара мал бордақылап сатып, күндерін көріп жатыр. Мемлекет тарапынан 50 пайызы субсидияланған 22 миллион теңгеге ветеринарлық зертханасы мен тоңазытқышы бар модульді мал сою бекетін салдық. Бекет 9500 халқы бар округтің  7 елді мекенінің санитарлық тазалықта ұсталуына жұмыс жасайды. Бұрын қай жер болса сонда сойылып жататын мал енді санитарлық нормаға сай соңғы үлгіде салынған орында сойылатын болады.Тұрғындар игілігі үшін атқарылған осы жұмыстың басынан бастап соңына дейін өзім жүрдім. Ол үшін қуанбасам, өкінбеймін. Себебі қолға алған жұмысыңның кедергілері мен қиыншылықтарын бастан өткере отырып, оң нәтижесін көргеннен артық мәртебе болмас», – дейді ол.

 

Қазіргі таңда Сәуле ханым отағасы екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Осылай бейнетінің зейнетін көріп, адал еңбектің арқасында жетістікке жетіп отырған жандар елге қашанда үлгі.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ