Неміс тілшісі арыстық азаматтан не туралы сұраған?

17.07.2019
Қаралды: 431

Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан бүгінде әлем жұртшылығы құлағдар. Осы орайда оқиғаның қалай болғанын білмекке шетелден келіп жатқан журналистер де жоқ емес. Солардың бірі – неміс қызы Эдда Шлягер таяуда Арысқа арнайы барып, жергілікті тұрғын Әуелхан Назарқасым­ұлымен сұхбаттас болды.

 

Жалпы, Арыс қаласының тұрғыны Әуелхан Назарқасымұлының есімі «Фейсбук» әлеуметтік желісін қолданушыларға жақсы таныс. Желіде ол кісі өзінің қоғамдық-саяси жайларға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп отырады. Кезінде «Замана» газетінде Түркістан облысындағы кейбір жайлар жөнінде өзіндік көзқарасын білдіргені де оқырмандарымыздың есінде болар дейміз.

 

Міне, осы азамат кешегі Арыста болған жарылыстар кезінде үдере қашқан мыңдаған адамға, тіпті өзінің әйелі мен бала-шағасына да ілеспей, қалада қалып қойды, ондағы оқиғаларға көзбе-көз куә болды, көрген-түйгендерін желіде жариялап отырды. Яғни Арыстағы сол бір үрейлі күндер мен түндердің хроникасын беріп отырды десек болады.

 

Осыны естіген неміс қызы Эдда Шлягер Әуелхан Назарқасым­ұлын Арысқа арнайы іздеп барып, одан сұхбат алыпты. (Араларында қандай әңгіме өрбігені туралы сұрағанымызда Әбекең бізге бұл сұхбаттың аудиожазбасын жіберді). Э.Шлягердің: «Сол күні не көріп-білдіңіз?» – деген сұрағына ол кісі былай деп жа­уап беріпті:

 

«Жарылыстар 24-маусым күні таңғы сағат 9.35-тің шамасында басталды. Оқ-дәрі қоймасы осы жерден тікелей тартқанда 7 шақырымдай қашықта, дегенмен бізге көрініп тұрады. Біраздан соң қаптаған адам, автокөлік нөпірі басталды. Әйелім үрейленіп, не істейміз деп жүр. «Қашыңдар!» – дедім. Олар да жұртпен бірге кетті. Он минуттай уақыттан соң жалғыз қалдым.

 

Бір кезде снарядтар дүркіндете жарыла бастады. Бір әжейдің немересімен бірге қашып бара жатқанын терезенің ашық көзінен байқап қалып, суретке түсірдім, оны «Фейсбукке» тастадым. Сол кезде әйнектен жарылыс толқыны кіріп, шалқамнан құладым.

 

Дәл осылай болды деп маған өзге біреу айтса, сенбес едім. Содан әлгілерді екінші мәрте суретке түсірейін деп едім, көзіме көрінбеді. Мүмкін бір көлікке отырып кеткен шығар.

 

Қысқасы, жарылыстар түнгі 3.30-дың шамасына дейін болып жатты. Бір кез тына қалады да, кенеттен қайтадан қатты жарылыс болады. Мен ол жөнінде «Фейсбукке» жазып отырдым. Маған жан-жақтан хабарласушылар өте көп болды.

 

Сағат түнгі 3.30-да балам келді, «Шардара», «Бөген» су қоймалары ашылады деген сөздерді естіпті, мені әкетпекші болды, бірақ мен оған көнбедім. Содан таңғы 8-ден 10-ға дейін тағы да жарылыстар басталды. Кешкі 9-дарда жарық сөніп қалды. Түнгі 2-де мені әкетпек болып үлкен ағам келді. Оған да көнбей, үйде  қалып қойдым. Таңға дейін ұйықтамай отырдым».

 

Қысқасы, бұл кісі неміс тілшісіне сол күндері Арыстан шықпай, 28-маусымда қалаға қайтқан жерлестерін қарсы алғанына дейін айтып беріпті. Журналист қыздың қойған сұрақтарына орай біраз  жайлар туралы айтқан. Оның ішінде осындай қатерге жол берген басшылар мен мемлекетке қатысты сын-пікірлері де, қиын шақта жақсы жұмыс атқарған азаматтарға, көмек қолын созған облыс, республика жұртшылығына білдірген алғысы да – бәрі бар.

 

Ал Эдда Шлягердің кейінгі кездері Қазақстанда орын алып жатқан саяси оқиғалардан хабары жеткілікті сияқты. Мысалы, ол Қазақстандағы кезектен тыс өткен Президент сайлауы, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында болған шерулер, арыстықтардың Шымкенттегі көрсеткен наразылығы, Атырау облысының «Теңіз» кенішіндегі болған оқиға, Алматы жастарының «Оян, қазақ!» қозғалысы туралы сұрақтар қойған. Оны түрлі аумақтағы әртүрлі адамдардың наразылығында ортақ нәрсе бар-жоқтығы қызықтыратын сияқты, олардың өзара қандай байланысы бары, жалпы, Қазақстанның қазіргі ішкі ахуалы жөнінде көп нәрсе  білгісі келетіні аңғарылады. Яғни неміс тілшісі Қазақстандағы оқиғалар туралы қандай да бір сараптамалық материал әзірлемек әрекетпен жүр-ау деп ойладық.

 

Қысқасы, бірі – неміс, бірі – қазақ екі адам орыс тілінде түсінісіп, біраз мәселенің басын қайырыпты. Соған қарап елімізде өткен Президент сайлауының, Арыстағы жарылыстың, «Теңіздегі» төбелестің, бір-екі айдың ішінде орын алған наразылық шеру­лердің жайы шетелдерде де қатты талқыланып жатыр-ау деп топшыладық.

 

Иә, кейінгі біраз уақыттан бері еліміздегі ішкі саяси ахуалдың «қызуы көтеріліп тұрғаны» да рас қой.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ