Айсұлтанға қандай айып тағылуда?

15.07.2019
Қаралды: 309

Ұлыбритания астанасы – Лондонда Айсұлтан Назарбаевқа қатысты іс қозғалып, сот процестері жүріп жатыр. Ол ақпарат құралдары үшін ашық түрде өтуде, сондықтан бұл жөнінде жұртшылық құлағдар.

 

Полицейдің қолын тістеп алыпты

 

Өткен 5-шілдеде Лондонның Сазарк ауданындағы Корольдік сотында алдын-ала тыңдаулар өткізілді. Осы процесс кезінде айтылған жайлар туралы бір­қатар шетелдік және отандық ақпарат құралдарында жарияланды.

 

Мемлекеттік айыптаушы Грегор Мак­кинлидің айтуынша, Айсұлтан Назарбаев биылғы 3-маусымда Лондонның орталығындағы бір отельде жанжал шығарған, балконға шығып, өзіне қол салатынын айтып айқайлаған. Арада екі күн өткесін, 5-маусымда да қала орталығындағы бір пәтерде осындай әрекетті қайталапты. Осы оқиға кезінде сол төңіректе тұратындар полиция шақыр­ған.

 

«Бұл жолы да А. Назарбаев өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтып айқайлап, келген құқық қорғаушыларға қарсылық көрсеткен, өзін тыныштандырмақ бол­ған Рос Самбрукты кеуде тұсынан ұрып, оның қолын тістеп алған. Сосын полицей оған қарсы электрлі есеңгіреткіш (электрошокер) қолданған. Содан ол полиция бөліміне жеткізілген», – деп мәлімдеді сотта мемлекеттік айыптаушы. Айтуынша, полицияға «Қазақстан билігі өкілінен мәселенің жария болмауына мүдделі қоңырау түскен, бірақ ағылшын құқық қорғаушылары онымен байланыс­қа шығудан бас тартқан». Г. Маккинли Айсұлтан Назарбаевты кокаин тұтынған, жанжал шығаруына сол себеп болған дейді.

 

Полиция Айсұлтан Назарбаевтың паспортын және қалта телефонын алып қойған екен. Г. Маккинли Айсұлтанның туыстары дипломатиялық паспорт алуына көмектесіп, оны жазадан құтқарып алуы мүмкіндігін алға тартып, сотты бұған жол бермеуге шақырды.

 

Қысқасы, Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевқа адамға зиян келтірді, мүліктерді бүлдірді деген айып тағып отыр.

 

Адвокат 90 мың фунт ақшаға кепілге босатуды сұрады

 

Жалпы, Айсұлтан Назарбаевтың Лондон соты алдында жауап беруі мүмкін екені 4-шілдеде белгілі болған. Бұл жөнінде көптеген ақпарат құралдарында жарияланды.

 

Сол кездері Айсұлтан Назарбаевтың бір досы: «Таныс қызым пәтерінен құжаттарын ала алмай, көмек сұраған еді. Үй есігі кілттеніп қалып, жұмысы үшін өте қажетті құжаттарын ала алмай тұрғанын айтты. Айсұлтан соған көмектесу үшін пәтердің терезесінен кіргенде көршілер полиция шақырып, ағылшын құқық қорғаушыларымен түсініспестік орын алды. Полиция қызметкері қолын қайырып, мойнынан қысып, тұншықтырып бара жатқасын Айсұлтан оның қолын тістеп алуға мәжбүр болды», – деген тұрғыда мәлімдеме таратты. Айтуынша, «Ұлы­британияда азиат пішінді адамдарға қатысты осындай түсініспестіктер жиі болып тұратын» көрінеді.

 

Кей ақпарат құралдары белгісіз досына сілтеме жасай отырып, А. Назарбаевқа қатысты жағдай туралы осылай деп жазды.

 

...Ал сотта А. Назарбаевтың құқын Алисдэйр Уильямсон деген азамат қорғауда. Ол өз қорғауындағы адамның британ заңдарын қатты құрметтейтінін, «қашып кету» дегеннің ойына да кел­мейтінін айтып, соттан оны 90 мың фунт ақшаны кепілге алып босатуды сұрады. Яғни өз пәтерінде болып, күн сайын полицияға келіп тұруға міндеттесе, соның өзі жеткілікті деген ұсынысын білдірді. Адвокат есірткіге тәуелді жан ретінде клиентіне қажетті  клиника іздестірілуде екенін де айтты.

 

Өз кезегінде судья Филипп Барбел А. Назарбаевты кепілге шығаруға дайын екенін, бірақ оның есірткіге тәуелділер емделетін «Прайори» клиникасына бір­ден жатқызылуы міндетті екенін айтты.

 

Аталған клиника А. Назарбаевтың жай-күйін зерттеп, оны емдеу керек деп тапса, онда оны өзіне қабылдауы мүмкін. Егер олай етпесе, айыпты деп табыл­ған адам қамаудан босатылмайды. Өйт­кені Ұлыбританияда заң қатаң, онда кінәлі адамның әлеуметтік дәрежесіне қарап жатпайды, оны тиісті жазаға тартады.

 

Расында да есірткіге тәуелді ме?

 

Ал Айсұлтан Назарбаев шынында да есірткіге тәуелді ме?

 

Туыстары жоғары билікте отырған адамдардың мұндайы болса, ол құпия сақталатыны белгілі. Бұл жөнінде білген адамдар да аузына ие болары сөзсіз. Сондықтан өзі жарияламаса, ол туралы білу қиын.

 

Осы орайда есірткіге қатысы барын А.Назарбаевтың өзі мойындап, бұл жөнінде жазған болатын. Ол жан күй­зелісінен құтылу үшін бір кездері есірткі тұтынғанын айтқан еді. «Атам – академик Мұхтар Әлиев қайтыс болғаннан кейін, арада бір жарым ай өткенде Авс­триядағы түрмеде әкем Рахат Әлиев өзіне қол салды. Өмір маған алғаш рет екі бірдей соққы жасады. Жұрттың бәрі бақытқа бөленіп, шалқып өмір сүреді деп айтатын Айсұлтан әлемдегі ең бақытсыз жанға айналды», – деп жазған еді ол. Сөйтіп өзіне қиын сәттерде көңіл бөліп, көмек көрсеткенін айтып, нағашы атасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­қа алғысын білдірген болатын.

 

Бұл жағдай жұрттың есінде. Сондықтан британ сотының оны «кокаин тұтынған», «өзіне-өзі қол салмақ болған» деген сөздері көпшілікке тым тосын ес­тілмеген сияқты.

 

Жемқорларды халық жауына теңеген еді

 

Айсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы үстінен іс қозғалған бірқатар ірі ше­неуніктерге байланысты өз пікірін біл­діргені де жұрттың есінде. Оларды халық жауына балап, қарамағындағы сондайлар үшін жауап беруі тиіс деп санайтын адамдардың да атын атаған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов Президенттің айналасын сондай жемқорлар мен жағымпаздардан тазартып жатыр деген еді.

 

«Жеке мен үшін Ұлттық банк төрағасы Ақышев, Президент Әкімшілігінің басшысы Жақсыбеков орындарын сақтап қала ма – сол қызық, – деп жазған еді ол сол кездегі оқиғаларға орай. – Олардың тікелей қол астындағы адамдарға ауыр жемқорлық, мемлекеттік қылмыстар жасады деп күдік келтіріліп отырған жоқ па? Ал мен аталған азаматтарды жақсы білемін және олардың сыртынан тығылып ондай бір істер жүргізгеніне ешқашан сенбеймін».

 

Айта кетейік, осы кездері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрын­ғы басшысы Руслан Ерденаевқа, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Б. Майлыбаевқа, Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаевқа, Ақтөбе жақта мұнай ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа және басқа да қылмыстарға қатысты істер қозғалып жатыр еді. А. Назарбаев өзінің пікірін осыған орай білдірген. Ол сондай-ақ қарамағындағылар қамауға алынған адамдар туралы да айтқан. Мысалы: «Өтемұратов пен Тасмағамбетовке қатыс­ты тексерулер олардың қолдарын был­ғаған-былғамағанын» көрсетеді», – деген болатын.

 

Бұл кезде Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министрдің  орынбасары еді, әлеуметтік даму, білім және денсаулық сақтау салаларының жұмысын қадағалайтын. Арада көп өтпей оның аталған лауазымнан босатылып, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалғаны белгілі.

 

А. Назарбаевтың жоғарыда аты аталған адамдарға әкесі Р. Әлиевтің жағдайы үшін өштігі бар деп те айтылады. Мысалы, кезінде ҰҚК төрағасы болған, үстінен қылмыстық іс қозғалып, бүгінде шетелде бой тасалап жүрген Әлнұр Мұсаев осы аталған оқиғадан кейін көп ұзамай: «Айсұлтан Назарбаев фамилиясын өз­гертіп, Еуропаға қашып кеткен, оны бүгінде біреулер жекеменшік түрмеде ұстап отыр, өміріне қауіп төнуде» деген тұрғыда хабар таратқан болатын. Ол мұны Айсұлтан Назарбаевтың жаулары істетіп отыр деген еді. 

 

Көп ұзамай А. Назарбаевтың Ресейде қамауға алынғаны, кейін жоғары лауазымды адамдардың араласуымен босатылғаны белгілі болды. Бұл туралы: «Мен еркіндіктемін», – деп өзі әлеуметтік желіде жазды, өзіне көмегі тиген адамдарға алғысын жеткізді. Алайда ол Ресейде не үшін қамалды, қамақтан қалай босатылды – бұл жөнінде нақты дерек жоқ.

 

Қысқасы, Айсұлтан Назарбаевқа қа­тысты соңғы бірер жылда осындай шулы оқиғалар болып өткен еді. Ақырында  ол Ұлыбритания сотының алдынан бір-ақ шықты. Мұның бәрі қарапайым адамға көп жері түсініксіз шытырман оқиғадай әсер етіп отыр.

 

Үйленген, бір қызы бар

 

Айсұлтан Назарбаев – қазіргі Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның екінші ұлы, яғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Айсұлтанның әкесі Рахат Әлиевтің Австрия түрмесінде көз жұмғаны белгілі.

 

Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы өмір­ге келген. Австрия астанасы – Вена қаласындағы АҚШ-тың халықаралық мекте­бінде оқыған. Сонда жүріп футболмен айналысқан. Австрияның жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте чемпион бол­ған командасында ойнаған. Кейін Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы қатарында команда капитаны болды, Еуропа біріншілігінің турниріне қатысты. Ан­глияның «Челси» командасында, одан кейін «Портсмут» командасында ойнады. Елорданың «Астана» командасында да өнер көрсетті.

 

Айсұлтан Назарбаев – Ұлыбритания­дағы «Сандхерст» корольдік жаяу әскер академиясының түлегі. Ол осында бір жарым жыл оқып, лейтенант шенін алып шыққан. Кейін Қазақстанға оралып, Қорғаныс министрлігіне қарасты сыртқы барлау құрылымына жұмысқа тұрған еді.

 

Ол 2015 жылдары «Қазақстан футбол федерациясы» қауымдастығының басшылығына сын айтып жүрді. Өзінің футболдан біраз тәжірибе жинақтағанын, президент етіп сайласа, біраз жұмыс бітіре алатынын да білдірген болатын. Қалай болғанда да ол 2017 жылы аталған қауымдастықтың вице-президенті қызметіне тағайындалды, бірақ онда көп істеген жоқ, арада бірер ай өткесін жұмыс­тан өз еркімен кетті.

 

Айсұлтан Назарбаев 2013 жылы тамыз айында үйленген болатын. Қазақстандағы белгілі кәсіпкер, милли­онер­лердің бірі, «КазРосГаз» корпорациясының басшысы Қайрат Боранбаевтың Әлима есімді қызымен бас қосқан. 2016 жылы жазда бұл отбасында қыз бала өмірге келді, оған Амели деген есім берілді.

 

Биылғы сәуір айында «Айсұлтан Назарбаев ажырасқанын және тегін «Рахат» деп өзгерткенін жариялады» деп бірқатар ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілерде хабарлағандар да болды. Бірақ оның қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз.

 

Айсұлтан Назарбаев туралы бұрын-соңды жарияланған деректер осылай дейді. Ендігі жаңалық Ұлыбританияның Лондон сотынан болмақ.

 

P.S. Кешегі сейсенбіде Айсұлтан Назарбаевты кезінде есірткіге тәуел­діліктен зардап шеккен көптеген белгілі азаматтар емделіп шыққан «Прайори» клиникасына жатқызғаны туралы хабарланды. Ал оның соты 2020 жылдың көктеміне қалдырылған көрінеді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ