Жарылысқа кінәлілер анықтала ма?

10.07.2019
Қаралды: 166

Арыстағы әскери қойма жарылысы кезінде 45 мың халқы бар қала тұрғындарының шарасыз күйде боса қашқаны кімді де болса ойсыз қалдырмайды. Ал апат одан да ауқымды болғанда қайтер едік?

 

Дәл іргесінде әскери қару-жарақ қоймасы тұрған қалада сақтық шаралары барынша жасалуы тиіс еді ғой. Осындайға жол беріп отырған біздің әскерилердің ісін барып тұрған біліксіздік, жауапсыздық демеске еш шараң жоқ.

 

Мұндай сұмдық оқиға КСРО кезінде неге орын алмады? Өйткені ол кезде адамдардың біліктілігі жоғары еді, әркім өзіне бекітілген аумаққа жауапкершілікпен қарайтын. Қатардағы жауынгерден бастап, Қорғаныс минис­тріне дейін қатаң тәртіпке бағынатын еді. Сондықтан да «чп» деген өте сирек орын алатын.

 

Ал бізде айдың-күннің аманында қару-жарақ қоймасы жарылды. Онда жай оқ-дәрілер мен снарядтар ғана емес, түскен жерін бірнеше гектарға дейін өртеп жіберетін «Град» реактивті қондырғысының снарядтары да сақталғаны жөнінде айтылып жатыр. Ал оның дүркіндете атылатын снарядтарының түскен жерін тозаққа айналдыратыны белгілі. Оны соғыс туралы кинолардан, деректі фильмдерден көруге болады.

 

Құдай сақтап, апат әйтеуір тоқтады. Ресми түрде айтылған үш адамның қаза табуы, жүзден аса адамның жарақат алуы – өте өкінішті жағдай. Үй-жайлары жарамсыздыққа ұшыраған, тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығына, жан-дүниесіне залал тиген мыңдаған адамның есепсіз уайым-мұңы немен өтеледі?

 

Арыстағы әскери қоймаларда бір емес, бірнеше мәрте жарылыстар орын алған. Сол кездерде жұртқа мұндайдың енді қайталанбайтыны туралы уәде берілген. Уәде бос сөз болып шықты, оны кешегі оқиға дәлелдеді. Сондықтан да жұрттың көкейіндегі уайым мен сенімсіздік сейілмей тұр.

 

Осы орайда бір маңызды нәрсе – апатқа жол бергендердің анықталуы. Олар анықталып, кінәлары жариялы түрде мойнына қо­йылып, жазалануы тиіс. Халық оны білуі керек. Сонда жұрт беріліп жатқан уәделерге сенеді, жарылғыш заттың үстінде отырғандай қорқыныш пен үрейден сонда ғана арылады.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ