Арыс: өмір жалғасуда

05.07.2019
Қаралды: 379

Бүгінде Түркістан облысының әкімдігі Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіріп, көптеген шаруаларды атқарып жатыр. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде осыған қатысты бірқатар нақты істер туралы баяндалған.

 

Тексерілді, радиация жоқ дейді

 

Арыстың бүгінгі жай-күйі туралы нақ­ты ақпарат беру мақсатында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов, Түр­кістан облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы М. Егізбаев жур­налистердің қатысуымен брифинг берді.

 

«Әскери қызметшілер Арыс қаласына тиесілі аумақты толық қайта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қала маңындағы Ақдала, Дермене ауылдарын тазарту аяқталды. Сондай-ақ Арыс аумағына және оған тиесілі жерлерде радиациялық, биологиялық жағдайға мониторинг жасалды. Қалада радиациялық фон бірқалыпты»,  – деп мәлімдеді полковник Е. Бятов. 

 

Қазіргі таңда Арыс 17 секторға бөлініп, әр облыс өз жұмысын бастағаны белгілі. «170 бригада құрылысқа кірісті. Жөндеу жұмыстары бір айдың ішінде аяқталады»,   – деді Арыс қаласының әкімі М. Қадырбек.

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және бір ай ішінде қалалық аурухана іске қосылатынын атап өтті. 

 

ХҚКО толық іске кірісті

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» Арыс қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығын іске қосты. Жарылыстан зардап шеккен ғимараттың іші-сырты аз уақыт ішінде қалпына келтіріліп, жұмыс орындары реттелді.

 

«Арыстағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен ондағы әлеуметтік төлем­дерді есептеу, жер кадастры, жылжымайтын мүлік құжаттарын реттеу бөлімдері де қайтадан өз жұмысын бастады. Ондағы байланыс желілері қалпына келті­ріліп, ХҚКО ақпараттық жүйесі іске қосылды. Тұрғындар бүгінде керекті анықтамаларды алып, жеке бас куәлігі, балалардың туу куәліктері сияқты құжаттарын ретке келтіре алады», – деді «Азаматтар­ға арналған үкімет» мемлекеттік   корпо­рация­сы   КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Же­ңісбеков.

 

«Ақылды қалаға» айналады

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шө­кеевтің төрағалығымен Арысты цифрландыру мәселесі бойынша мәжіліс өтті.

 

Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевтың айтуынша, Арыс қаласын цифрландыру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Жуырда 17 секторға бө­лінген қаланың 3D картасы жасалды. Бұл картаға қаладағы тұрғын үйлер мен сол үйлерге тіркелген үй иелері туралы деректер енгізілген. Оған қоса қалалық кадастрға енгізілмеген үйлер де анықтал­ған.

 

Осы карта арқылы Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты көмек көрсету жеңілдей түсті. Әр үйге дефектік акт тіркеліп, осы үйлердегі құрылыс жұмыстары, гуманитарлық көмектің жеткізілуі бақыланады. Қала тұрғындары бұл жұмыстарды онлайн режимде бақылап, кемшіліктер анықталса, тиісті орындарға хабар береді.

 

Сонымен бірге жиында эвакуация кезінде құжаттарын жоғалтып алған тұр­ғындарға құжаттар тегін жасалатыны бел­гілі болды. Өмірзақ Шөкеев Арысты «ақылды қалаға» айналдыру бағытындағы жұ­мыстарды күшейту және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бас­тамаларды қолға алу жөнінде тапсырмалар берді.

 

Жергілікті басқару жүйесі жүзеге асуда

 

Арыс қаласына беріліп жатқан кө­мектің ашық, уақтылы жеткізілуін қадағалау және елмен тығыз қарым-қатынас жасау үшін жергілікті тұрғындар арасынан бір белсендіден штаб жұмысына тартылуда. Яғни әрбір 10 үйге жергілікті бір белсенді тұрғын тағайындалып, жұмыстардың үйлестірілуін және көмектің жетуін бақылайды. Өздері де ерікті ретінде жұ­мыс істейді.

Мысалы, 8-секторға жауапты Мақта­арал ауданы әр 10 үйге жауапты 10 азаматты шақырып, әрбір тұрғынға берілетін 100 мың теңге және материалдық шығындарды төлеу тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бекітілген аудан тарапынан барлық көшелерде белсенділер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда штабта 54 белсенді жұмыс атқаруда. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы жөндеу жұмыстарын жүргізетін 8-секторда – 541 үй болса, соның ішінде 521 үй зақымданған, 6 үй толықтай қайта салынатын болады. 

 

Айта кетейік, әрбір облыс пен аудандар бекітілген штабтарда екі бағытта іске кірісті. Біріншіден, зардап шеккен үйлерді бағалау, есептеу қолға алынды. Соған сай жөнделетін болады. Екіншіден, тұрғындар арасынан әрбір 10 үйге 1 белсенді же­текші сайлап, елмен тығыз қарым-қатынас жасалынып жатыр. Бұл xалықтың осындай жағдайда өзін-өзі басқаруына және жеткізілген көмектің ашық әрі әділ бөлінуіне мүмкіндік береді .

 

«Қамқор» бағдарламасы іске қосылды

 

Облыс әкімінің тапсырмасымен кә­сіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. 5 миллион теңгеге дейін берілетін 1 пайыздық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты 4 жылды құрайды.

 

Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кә­сіпкерлік нысаны тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінуде.

 

Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 миллион теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1-қаңтарына дейін салықтан босатылады. Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 миллион теңге қарастырылады.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ