Арыс жақта екі инкассаторды атып кетті

18.06.2019
Қаралды: 313

Түркістан облысының Арыс ауданында ауыр қылмыс жасалды. Онда инкассатор болып жұмыс істейтін екі азамат қарақшы қолынан қаза болды.

 

Сол күні жергілікті поштадан полицияның кезекшілік бөлімшесіне екі инкассатордың хабарсыз кеткені туралы арыз түскен. Олардан қызметтік көлікпен «Задария», Монтайтас ауылдары арқылы өтіп, поштамен бірге Қожатоғай ауылына бара жатырмыз дегеннен соң байланыс үзілген екен. Ал көлікте ауыл тұрғындарының зейнетақысы мен жәрдемақысын төлеуге арналған 7,5 миллион теңгеден астам қаржы болған.

 

Осы хабарға орай ізге түскен жедел уәкілдер арнайы көлікті сол күні кешке Арыс қаласынан 3 шақырым жерден тапты. Көлік ішіндегі қан іздерінен инкассаторлар қарақшылық шабуылға ұшырағаны мәлім болды. Ал олардың мәйіттері қаладан 35 шақырым қашықтан табылды. Екеуінің де басынан атқан екен.

 

Арада көп өтпей полиция осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің өз үйінде ұсталғаны жөнінде хабарлады. Полицияның мәлімдеуінше, ол – жергілікті пошта бөлімшесінің еңбек демалысында жүрген қызметкері. Барар жеріне жеткізіп салуды сұранып, әріптестерінің көлігіне отырған, сосын қаперсіз отырған инкассаторларды атып өлтірген көрінеді.

 

Күдіктіден аңшы мылтығы мен ұрланған ақшалар табылып, тәркіленгені туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Дегенмен оқиғаға қатысты басқа да деректер барға ұқсайды. Мысалы, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің «Фейсбук» парақшасында былай деп жазды:

 

«Біріншіден, бір адам бір уақытта екі жерде жүруі мүмкін емес. Екіншіден, оқиға бір адамның қолымен жасалмаған. Басқа «ВМV» машинасындағы үш жігітті неге іздемей жатырсыздар?

 

Машина бір жақта, инкассаторлар бір жақта жатқан. Ал мына ұстаған адам ол кезде қорасын жөндеп жүрген. Бұл ақшаның жүретін бағытын айтып берген.

 

Ал атқан адамдарды неге ізде­мейсіздер? Әлде басына целлофан кигізіп мойындатып, бір адамның мойнына іліп жіберіп, қылмыстық іс ашылды деп результат көрсетуге асығып жатырсыздар ма?»

 

Ал бұған қатысты полицияның баспасөз қызметінен Салтанат Қаракөзова былай деп жауап қатты:

 

«Қосар мәлімет болса, хабарласыңыз. Тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында болған оқиғаның мән-жайы анықталады».

 

...Бұл ауыр қылмысқа байланысты белгілі болғаны әзірге осы. Сондай-ақ кешегі сейсенбіде аталған қылмысқа қатысы бар деген тағы да бір күдіктінің ұсталғаны туралы хабарланды. Ол қылмысты біле тұра хабарламаған және заңсыз қару жасырған деп айыпталып отыр. Полиция қылмыс жасаушының оның сарайына ақша мен қару апарып тығып тастағаны туралы мәлім­деді.

 

Ал қарақшылық шабуылдан қаза тапқан азаматтарға келер болсақ, олардың бірі елу жасты еңсерген егде кісі екен. Ал екіншісі жақында ғана үйленген жас жігіт болып шықты.

 

Марқұмдардың туыстарына Алла сабыр бергей!

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ