Арғымақ мінген генерал қызметінен айырылды

27.05.2019
Қаралды: 238

Атырау облыстық полиция департа­ментінің бастығы Аян Дүйсембаев Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызме­тінен босатылды.

 

Бұған негіз болған жай жұртшылыққа белгілі: таяуда ғана Президент қолынан генерал-майор шенін алған А.Дүйсембаевты жерлестері қошеметтеп, оған ат мінгізген еді, осы оқиғадан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде таралған болатын. Онда облыстық полиция бастығының ойқастаған арғымаққа мінгені, қоршап тұрған жұртшылық пен полиция өкілдерінің оған қол шапалақтап тұрғаны түсірілген.

 

Міне, осыны көрген Президент Қ.Тоқаев бұған байланысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырған болатын. Ал тексерушілер кеше ғана генерал-майор шенін алған бастықтың жұмыс барысында қызметтік этиканы бұзып, бірқатар кемшіліктер жібергенін анықтаған. Осыдан кейін Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Президент Әкімшілігімен келісе отырып, А.Дүйсенбаевты қызметінен босату жөнінде бұйрық шығарды.

 

Жалпы, А.Дүйсенбаев шулы оқиғада осымен екінші мәрте көзге түсіп отыр. Өткен жылы жазда әлеуметтік желілерде оның Минскідегі казинода болғаны туралы жарияланған.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ