Ырым-тыйымдар туралы көп білетін ұстаз

31.05.2019
Қаралды: 496

Күнделікті іс-әрекеті мен негізгі жұмысын ұштастыра білген адам ғана өзінің мамандығына шынайы берілгендігін дәлелдейді. Түркістандағы №4 С.Сейфуллин мектебі еңбек пәнінің мұғалімі Ләззат Сандыбаева – нақ сондай ұстаз. Жаны әсемдікке құмар, білімге құштар Ләззат апай қолына қандай зат алмасын оған екінші өмір сыйлауға асығып тұрады. Іске барынша қызығушылық танытып, мағынасына терең үңіліп, соңына дейін жеткізуге тырысады, оқушыларын да соған баулиды.

 

Кәрі жіліктің қасиеті қандай?

 

Сондай-ақ Ләззат апай – ата-бабамыздан келе жатқан өнегелі ғұрыптарды, ұмыт болып бара жатқан наным-сенімдерді, ырымдарды қастерлеп, ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасуына өз бетінше септігін тигізіп жүрген жан. Сіздерге олай деуіме негіз болған әңгімені айтайын.

 

Қазақта «кәрі жілікті тастамайды» деген ырымды естуіміз бар, бірақ неге деп оның тереңіне үңіліп көрдік пе? Бүгінде оны тастамай, қастерлеп үйіне сақтап қойғандар бар ма? Ендеше тыңдай отырыңыз.

 

Анасының ақ сүтімен келген тәрбиені ененің қолына түскеннен кейін де өнеге­лілікпен жалғастырған Ләззат мұнда да қазақтың қазынасы болып саналатын салт-дәстүрді бойына сіңіреді. Енесінің айтуымен «кәрі жілікті тастауға, отбасын кеш құруы мүмкін деп бойжеткен қызға немесе ержеткен ұлға беруге болмайтынын, сонымен қатар үйде сойған малдың кәрі жілігін ешкімге бермеу керектігін, босағаға байласа, үйдің береке-ынтымағы, құты мен ырысы өз босағаларынан ешқашан кетпейтінін» есте сақтап, көкірегіне түйеді.

 

Ләззаттың ісмерлігі мен қонақжайлығы да үлгі аларлық. Бірде оның үйінде бас қосып отырғанымызда: «Қыздар, сендер кәрі жілік күзетшінің орнын басатынын білесіңдер ме?» – деп, жақсылап тазалап, түссіз лак жағып, аса бір бағалы бұйымдай ұқыптылықпен жинаған сүйек­терді көрсетіп, ол туралы әпкесінің айтқан аңызымен бөлісті.

 

«Баяғы заманда кемпір мен шал болыпты. Ол екеуінің қорған болар ешкімі жоқ екен, бірақ азын-аулақ жиған малы бар екен. Олардың қорғаны жоқ екенін білетін ұрылар қанша рет малын ұрлайын десе де дегендері іске аспайды. Түнделетіп келгенде біреу күзетіп тұрғандай әсерде болады. Ұрылар бұл жайтты еш түсінбейді. Арам ниеттері орындалмаған соң ұрының бірі кемпір-шалдың үйіне келіп: «Ақсақал, сіздің қораңызға осындай пиғылмен неше рет келіп едім, өмірі қолым бос қайтады. Біреу күзетіп тұрғандай алдырмайды. Мұның не сыры бар?» – деп шынын айтады. Сонда қария қорада ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетіп: «Кәрі жілікті қораңа байла, малыңа қорған болады деп әкем жарықтық айтушы еді. Сөзін жерге қалдырмай, осылай жасадым. Осының киесі қорған болса керек, содан бері ұры да түспейді, малым да жоғалған емес», – депті. Мұндай құдіретке көз жеткіз­ген қарақшы теріс ойынан айнып, қайта-қайта кешірім сұрап, табанын жалтыратыпты», – деген әңгімесін аңтарыла тыңдап қалған едік.

 

Асық туралы айтқаны да қызық

 

Ләззат апайдың асық туралы айтқан әңгімелері де өте әсерлі.

 

«Дүниеге ұл әкелемін деп ырымдап асық жинаған әпкемнің айтуымен мен де өзімше асық жинай бастадым. Қонаққа барғанда алған, үйдегі асықтарды арнайы тігілген қалтаға салып жинадым. Содан толғатар сәт­те қалтамдағы асықтарды санап отыр­сам, тура жиырма бір болыпты. Көңілім ерекше күйге бөленіп, сол көңілмен перзентханаға кеттім. Алланың қалауымен дүниеге ұл келді.

 

Кейде іштегі сенімім алдамағанын сеземін. Асық ойнар жасқа жеткенде баламның сол асықтармен өзі ойнағанын көріп іштей тәуба дедім.

 

Кейін қызымды ұзатып, бесік тойға барған соң да құдағиымның алдыма қойған жілігінің асығын ырымдап алдым. Немерем сондай тәтті екен, асықты алтын түске бояп, енді әр немере туылғанда көбейе берсін, өмірлерің мәнді де сәнді, ашық түсі көп болсын деп асықтарды түрлі-түске бояп жинауға ниеттеніп отырмын», – дейді Ләззат апай.

 

Шынында да, қарап тұрсақ, көп нәрсеге мән бермейді екенбіз. Бабаларымыздан келе жатқан тыйымдар­ға мән бермейміз. Ал олардың тере­ңінде қаншама ырыс-береке бар екенін мүлдем естен шығарып алған жоқпыз ба? Ендеше қазақылығымыз сақталған өңірімізде өнегенің қаз-қалпында сақталуына мән берейік, ол өзімізге де, келер ұрпаққа да ұлағат екенін ұмытпайық!

 

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ