Зеленский ұлықтау рәсіміне жаяу келді

27.05.2019
Қаралды: 469

Украинаның жаңа Президенті Владимир Зеленскийдің қызметке кірісуіне қатысты ұлықтау салтанаты болып өтті. Оған 60-тан аса елдің өкілдері қатысты.

 

Украинаның жаңа Президенті ұлықтау салтанаты өтетін жерге велосипедпен баратын болған еді. Бірақ көшеде халық пен автокөлік ағыны көп болғандықтан Жоғарғы Раданың қарсы бетіндегі саябақтағы салтанат өтетін жерге еш кешікпей, дер кезінде жаяу жетті.

 

Зеленскийді ұлықтау салтанатына тәуелсіз Украинаның бұрынғы президенттері (сот үкімімен сырттай сотталған В.Януковичтен басқалары – Л.Кравчук, Л.Кучма, В.Ющенко, П.Порошенко) түгел қатысты.

 

Сағат 13.19-да Зеленский Украина Конституциясына және XVІ ғасырдан бері келе жатқан тарихи қолжазба Інжілге қолын қойып тұрып салтанатты түрде ант берді. Арада 3 минут өткенде, яғни 2019 жылдың 20-мамыр күнгі сағат 13.22-де ол Украина Республикасының Президенті болып жарияланды. Зал­ға ресми билік символдары – күрзі (булава), елтаңбалы мөр және ордендік алқа тәрізді президенттік белгі әкелінді. Ол жаңа Президентке 13.25-те тапсырылды.

 

Жалпы, өзгеше сипатта өткен инаугурация шарасы бас-аяғы 1 сағатты қамтыды. Зеленскийдің өзі жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт сөйледі. Негізгілерін тізер болсақ, ол былай деді:

 

– Біздің әрқайсысымыз Президентпіз. Бұл біздің ортақ жеңісіміз әрі ортақ мүмкіндігіміз. Бүгін біздің әрқайсымыз Украинаға адал болуға ант бердік, әрқайсымыз оның алдында жауаптымыз.

 

– Менің әлемдегі барша украиндықтарға айтарым: Сіздер бізге керексіздер. Біз 65 миллионбыз. Жаңа, қуатты, табысты Украинаның құрылысына қатысуға дайын адамдар­ға мен Украина азаматтығын қуана ұсынатын боламын.

 

– Біздің бірінші міндетіміз – Донбастағы қақтығыстарды тоқтату. Оны тоқтату үшін мен күрделі шешімдер жасауға да әзірмін, одан қорықпаймын. Өз жерімізді жоғалтпай бей­бітшілік орнатсақ болды. Біз диалогқа да­йынбыз. Бірінші кезекте барша украиндық тұтқындарды қайтаруға қадам жасаймыз.  Қырым мен Донбасс – Украина жері. Келесі қадамда біз Украина жерлерін қайтаруымыз керек.

 

– Біз заң алдында бәрінің құқықтары бірдей мемлекет құрамыз. Ол үшін билікке халыққа адал қызмет ететін адамдар келуі керек. Сіздерден кабинеттеріңізге менің портретімді ілмеуді сұранамын. Өйткені Президент – икон немесе табынатын пұт емес. Ол жерге балаларыңыздың суретін іліңіздер, сосын қандай да бір шешім жасарда олардың көзіне тура қарап алыңыздар.

 

– Парламенттен Украинаның қауіп­сіздік комитетінің бастығын, Бас Прокурорды, Қорғаныс министрін лауазымынан босатуды сұраймын.

 

– Депутаттардың дербес құқықтылығын жою, заңсыз баюды қылмыстық қудалау, сайлау кодексі туралы заңдар қабылдауды сұранамын.

 

– Мен 8-ші шақырылымдағы Жоғарғы Раданы таратамын.

 

– Үкіметті ерікті түрде отставкаға кетуге шақырамын.

 

– Мен украиндықтардың жүзінде күлкі болуын қаладым, сол үшін осыған дейін қолымнан келгеннің бәрін жасап келдім. Ол менің жұмысым ғана емес, миссиям да болды. Алдағы 5 жылда, сіздер, украиндықтар жыламас үшін мен қолдан келгеннің бәрін де жасаймын.

 

...Міне, Украинаның жаңа Президенті Владимир Зеленский өзінің халыққа арнаған сөзінде осылай деді. Ал арада көп өтпей Премьер-министр Владимир Гройс­ман, Қауіпсіздік қызметінің бастығы Василий Грицак, Қорғаныс министрі Степан Полторак отставкаға кетті. Бас Прокурор Юрий Луценко да таяу арада орнын босатуы мүмкін. Ал кезекті сайлауы 2014 жылдың күзінде өткен Жоғарғы Рада мерзімінен бұрын таратылды. Парламент сайлауы алдағы 21-шілдеде өтетін болды. Бұл жөнінде Президент Жарлығы шықты.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ